Жаңалықтар

Қоғам, сана, қатынас…

Қала сыртына қатынайтын қоғамдық көліктер Федоров жағалауындағы саяжайларға жүруден бас тартып, соған байланысты тұрғындар «Екараганда» сайтына шағымданғанын жазды кеше аталған сайт. Автопарк қожайындары қала сыртындағы әлгі саяжайға апарар жолдар жүруге жарамай қалғандығын алға тартып отырған көрінеді. Соның кесірінен бір емес, бірнеше көліктері істен шығуға айналған. Автопарк «ол жолдарға грейдер төселмей көлік шығармаймыз» десе, қалалық көлік, коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі 27 шілдеден бастап әлгі жолдар жөнделе бастайтынын мәлімдепті.

Біз бұл жерде үш тараптыда (тұрғындар, автопарк, құзырлы мекеме) кінәлаудан аулақпыз, әрине. Дегенмен, ақпарат шығып, мәселе құлағын қылтитып қойды. Есімізге мына бір оқиға қайта-қайта түсе берді: «Жапонияның Хоккайдо аралындағы бір ауылдың жастары қалаға кетіп, қарттары ғана қалған. Он шақты ғана отбасы тұратын ауылдан төрт жыл бұрын ең соңғы оқушы қыз мектеп бітіріп, ол да қалаға жөнепті. Сол ең соңғы оқушы мектеп бітірген күні ауылдағы теміржол станциясы да жабылса керек. Қазір ол ауылға пойыз жүрмейді.

Станция оның алдында жабылып, теміржол жұмысын тоқтату керек еді. Бірақ, өйтейін десе, ана оқушы қыз мектепке қатынай алмай қалатын болған. Сондықтан да, теміржол компаниясы бірнеше жыл бойы сол жалғыз қызға бола бір пойызды жүргізіп, күніне бір рет мектепке дейін және мектептен үйіне дейін жеткізіп тұрған. Ауыл тұрғындары «оқушы қыз мектепке бара алмай қалмасын» деп қыстың күні таң мен кеште ауыл мен вокзал арасындығы қарды бірігіп тазалап, жолын ашып беріп жүрген. Тегін және өз еріктерімен.

Сөйтіп, бір баланың оқуы үшін білдей бір пойыз жүріп, бүкіл ауыл бірігіп қызмет еткен. Ақылы ма, тегін бе, қымбат па, арзан ба – мәселе онда емес. Мәселе – мемлекет пен қоғамның бала алдындағы міндетінде…» деп аяқталады әлеуметтік желіде Жапониядағы ауыл тұрғындары, оқушы қызбен қоса көрсетілген жарияланым. Жалпыға ортақ міндет пен қоғамдық сананың шыңына жеткен Жапония мен Қазақстанды салыстыруға келмегенімен, хакім Абай «болмасаң да ұқсап бақ» депті. Әркім өзінше саралап, ой қорытары анық. Біз артық ауыз түсіндірудің қажеті жоқ деп таптық. Сіз қалай ойлайсыз?

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button