Бас тақырыпБасты тақырып

МАЛ ШАРУАШЫЛЫҒЫ: кедергі – жүйесіз еңбек жағдайы

Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Үкімет 2021-2025 жылдар аралығына аграрлық-өнеркәсіп кешенін дамытуға арналған мемлекеттік бағдарлама қабылдады. Дүниежүзілік банк Қазақстанның мал шаруашылығы саласына 500 млн. доллар несие беретін болды. Бұл сала елдегі жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) 6 пайызын еңсергені белгілі. Ауыл шаруашылығы тынысын енді ашады деген үміт бар. Алайда, осы саладағы еңбек жағдайы әлі де берекесіз күйде тұр.

 

МЕРЕЙЛІ МЕЖЕ – ЖАҢА ҚАРҚЫН

Дүниежүзілік банк сарапшылары: «Қазақстанда пандемия салдарынан кедейшілік белең алады. Жоқтықтың салдарын 800 мыңнан аса адам тартады» – деп болжайды. Ендеше, осындай қысылтаяң уақытта мал шаруашылығын дамытуға бағытталған жоспардың бары көңіл қуантады. Алайда, қайтарымы бар қаражаттың квазимемлекеттік сектордың қолынан шаруалардың қорасына қалай жететініне қатысты алаңдаушылық жоқ емес.

Қаражат «Нәтижеге бағытталған бағдарлама» аталатын несие тетігі арқылы бөлінеді. Сол арқылы тиімді агроэкономикалық саясат қалыптастыру көзделген. 20 мың фермерге несие беру, 100 мың қожалық иесінің біліктілігін арттыру, баламалы электр энергиясы арқылы жайлаулардағы инфрақұрылымды дамыту, ветеринарлық қызметті жақсарту, сиыр етін импорттайтын елдер талабына сай, жануарлар өнімін қадағалау жүйесін құру сынды мақсаттарға қол жеткізіп, ет экспортының әлеуетін арттырмақпыз.

Дүниежүзілік банктің қызметі Біріккен Ұлттар Ұйымының «Мыңжылдық декларациясына» сәйкес, адамзаттың жаһандық мәселелерін шешуге бағытталғанын білеміз.

Әлеуметтік ахуалдың төмендеуіне алаңдаған банктің ең ірі акционері – АҚШ-тың Қазақстанда өз мүддесі бар. Ол – Қазақстан мен Орта Азияда саяси ықпалын арттыру. Сондықтан, мұндай несиеден Өзбекстан да дәмелі. Демек, Қазақ елінің Еуразиялық Экономикалық Одақ жетегінде ығып кетпеуіне нақты демеу болатын фактордың бірі – осындай көпвекторлы қарым-қатынас.

СОРАҚЫ ЕҢБЕК ЖАҒДАЙЫ

Кеңес Одағы ыдыраған 1991 жылы ауыл шаруашылығының ЖІӨ үлесі 34 пайыздың төңірегінде еді. Бүгінгі көрсеткіш – 6 пайыз. Оның 45 пайызын мал шаруашылығы құрап отыр. Жылқы мен ірі қара басында өсім бар. Ал, ұсақ мал санын көбейтіп, тұқымын асылдандыру жайы кенже қалып жатыр. Мал шаруашылығында жұмыс күшінің жетіспеуі – оның ресурстық қуатын толық ашуға мүмкіндік бермей отыр. Бұл саладағы еңбек жағдайының нашарлығы да – істі ілгерілетудегі басты кедергінің бірі. Мәселен, шаруа қожалықтарында еңбек ететіндердің көбі әлеуметтік пакетке қол жеткізе алмайды. Өйткені, «Қазақстан Республикасының Еңбек Кодексі» талаптары сақталмайды. Қоғам ашкөздікке түскен шаруашылықтардың біразында құл иеленушіліктің барын да біледі. Бұл жайында қылмыспен күрес пен құқық қорғау саласы мамандарының пікірі қақ жарылды.

«Адамды мәжбүрлеп жұмысқа тарту фактілерінің бары рас. Бірақ, полицияға шағымданғандардың көбі жеме-жемге келгенде өз сөздерінен танып шығады. Ондай жағдайлар бейтаныс адамдармен ішімдік ішу салдарынан да туындайды. Сондықтан, сақ жүру керек. Кейде жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы келіспеушілік жағдайынан жала жабу да кездеседі» – дейді Қарағанды облысы полиция департаменті баспасөз қызметінің жетекшісі Жанатай Сембеков.

Бұл пікірмен елімізге белгілі құқық қорғаушы Айман Омарова мүлдем келіспейді. «Ауылдағы адамдардың көбі – құқықтық жағынан сауатсыз. Сондықтан, көбіне жұмыс берушіге жем болып жатады. Менің тәжірибемде құлдық зардабын көрген азаматтар да болды. Бірақ, мұның қылмыс екенін дәлелдеу – өте қиын. Ешкім өзінің қылмыскер екенін мойындағысы келмейді. Сол себепті, балаға мектептен бастап заңды құқығын үйрету керек. Абай болуға баулу керек. Өйткені, жәбірленушілердің көбі таныс адамдардан зардап шегеді. Бұған сан мәрте көз жеткіздім. Ауылдық жерлерде, алыс қыстақтарда ауыр еңбекке амалсыз жегілген азаматтардың бар екенін полиция қызметкерлері біле тұра, көзжұмбайлыққа салады. Өйткені, бұл тамыр-таныстық қағидасымен жүзеге асады», – дейді ол.

БАҒДАРЛАМАЛАР – БАСТЫ ИГІЛІК

Қарағанды облысы ауыл шаруашылық басқармасы басшысының өндіріс жөніндегі орынбасары Сырым Бошпанов та осы саладағы ахуал жайында өз ойымен бөліскен еді. «Мемлекет жылқы мен ірі қара саны бойынша Кеңес кезеңіндегі деңгейге жетті. Ал, қой шаруашылығының кенже қалып жатқаны рас. Бұл түлікті жыл-он екі ай бағу керек.

Қазір одан қырқылатын жүн де сұранысқа ие емес. Өйткені, жеңіл өнеркәсіп саласын жасанды талшықтар жаулап алды. Алайда, оған ден қойып, Моңғолиядан мал әкеліп өсіруге әрекеттеніп жатқан азаматтар да бар. Жалпы, Арқаның климаты суық болғандықтан, ірі қара малы да күтімді көп қажет етеді. Сондықтан, бұған шыдайтын адам – кемде-кем. Жалпы, шаруа қожалықтарындағы еңбек жағдайының нашарлығы – жекелеген кәсіпкер азаматтардың қоғам алдындағы жауапкершілігінің төмен болуында. Әйтпесе, Үкімет өз тарапынан ауыл шаруашылығына бағытталған түрлі бағдарламалар қабылдады. Солар арқылы шаруашылықтар лизингке техника алып, озық технологиялы құрал-жабдықтарға қол жеткізе алады. Қазіргі уақытта «Цифрлы Қазақстан» бағдарламасының көмегімен электронды үкімет порталы арқылы қажетті жанаржағармайға, өнім мен техникаға субсидия және басқа да игіліктерге үйде отырып-ақ қол жеткізуге болады. Кей адамдар оңтайлы мүмкіндіктен өздері қалыс қалып жатыр. Мәселен, көпжылдық шөп алқаптарының басына су ұңғымасын орнатып, оны суармалы етсе, шаруа қожалықтарына шығынның 80 пайызы субсидия түрінде қайтарылады. Қазір, аймақта егін шаруашылығы бойынша Осакаров, Нұра, Бұқар жырау аудандарының, ал мал шаруашылығында Жаңаарқа ауданының көрсеткіші жоғары. Шаруа қожалықтарының еңбек өнімділігін арттырып, егістік алқаптарын игеруге көмек ретінде машина-трактор станциялары да ашылған еді бір кезде. Бірақ, солардың көбі банкрот болды. Сондықтан, мал шаруашылығына жаңа қарқын мен тың идеялар керек» – деді білікті маман.

ТОБЫҚТАЙ ТҮЙІН

Мал шаруашылығы – бабадан қалған кәсіп. Оны қазба байлықтың қазаны суалмай тұрғанда дамытпасақ, таяққа сүйеніп, далада қаларымыз анық. Өйткені, азық-түлік қауіпсіздігі – ең маңызды мәселе. Сондықтан, озық технологиялы Германияда ауыл шаруашылығы тауарларының 70 пайызын мал өнімдері құраса, АҚШ пен Жапония сынды дамыған елдер – осы саланың алпауыттары санатында. Жетістікке жету үшін бар болғаны көзқарасты түбегейлі өзгерту керек секілді. Әр басшы жұмыскерге «құлақкесті құлы мен күңіндей» емес, Алаштың ұлы мен қызындай қараса ғана шаруашылық өркендемек. Нарық заманында «тегін» деген ұғымды өткеннің еншісіне қалдырған жөн.

Құрманғазы ӨТЕБАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button