«Айнымас Марксист» атанған ағамыз нағыз ұлтшылдың өзі болып шықты
Өткен ғасырдың 70-80-ші жылдары бізге Қали Садықов, Құдыш Сүлейменов, Қағазбек Сәденов, Кәртай Ермекбаев сияқты газеттің бастау бұлағында тұрған, соғысқа қатысқан алғашқы қарлығаштары және 1950 жылдардың басында журналистикалық жоғары білім алған Есімбек Бәйтенов, Ораз Сағынаев, Қойшы Шаяхметов, Тоқан Әбуғалиев, Қайыркен Сұлтанов, Асығат Темірбаев, Масұғұт Халиоллин, Базарбай Мұстафин сынды кейінгі толқын ағалармен бірге қызмет істеу бақыты бұйырды. Алғашқыларының білім дәрежесі төмен болғанымен өмірден алған тәжірибелері зор еді. Екінші лектегілерді біз журналистиканың алуан жанрын меңгерген, әсіресе, «диктовкаға» машықтанған майталман қаламгерлер деп білеміз.
«Диктовка» деп партия, кеңес органдарының бюро, пленум, конференция, сессияларынан орыс тілінде жасалған газет есептерін күн сайын шығатын басылымның кезекті нөміріне машинка басушыларға тікелей дауыстап бастыруды айтамыз. Қолмен жазып, сөздікті пайдаланып жатуға уақыт жоқ. Екі тілдің салыстырмалы грамматикасын жақсы білуің керек, ең бастысы жылдар бойы жинақтаған тәжірибе керек.
«Диктовкаға» насихат бөлімінің меңгерушісі Хайридден Әубәкіров ағамыз да мықты екен. Ол кісі журналистикаға партия қызметінен келіпті, Алматы жоғары партия мектебін бітірген. Қазіргі оқырманға түсінікті болу үшін бөлімнің толық атауы «маркстік-лениндік ілімді насихаттау» деп аталатынын айта кеткен жөн шығар. Бір немесе екі «подвал» (газеттің астыңғы жағын тұтасымен алатын материал) теориялық мақаланы аударып тастау ол кісіге түк емес, тек марксизм классиктерінің, партия съездері, конференциялары мен пленумдарынан «көсемдердің» цитатын алдын-ала дайындап алады да, өзінің біркелкі, бір ырғақты даусымен баяндай береді. Идеология қызметкерлерінің құлаш-құлаш мақалаларын, партиялық саяси оқу жүйесінен материалдар беріп жатады.
Хайрекең өзге журналистердей қақ-соқпен жұмысы жоқ, біртоға, біз үшін бір қызық адам болып көрінетін. Ешкіммен шүйіркелесіп жатпайды, біз жастар жағы басымыз қосылса дуылдап, азан-қазан болып жатқанда қабағын шытып, ұнатпайтын. Дегенмен, әлдебір шаруамен бөлмесіне бара қалсаң, келген адамдармен емен-жарқын әңгімелесіп, көңілі жадырап, тіпті езу тартып күлетінін де байқап қалғанмын. Арақ ішпейді, шылым шекпейді, сол кездің мінездемесінде жазылатындай «моральдық жағынан жағымды». Қызметіне ұқыпты, білімі зор. Кезінде Қарағандының мұғалімдер институтын, одан кейін жоғары партия мектебін бітірген, бұл екі дипломды місе тұтпай пединститутты да тәмамдапты (сырттай шығар). Кім қойса да тауып қойған екен, ол кісіге «верный марксист» («айнымас марксист») деген ат тағылыпты. Кеңес үкіметі жылдары редакциядан бес-ақ адам журналистік қызметі үшін Мәскеудің жоғары наградасы – Орден алған екен, соның төртеуі басшылар. Олар – екі рет «Құрмет Белгісі» орденіне ие болған редактор Б.Тәйкіманов, Еңбек Қызыл Ту орденіне ие болған редактор С.Оспанов пен орынбасары Ғ.Нәдіров еді. Өзге қызметкерлер ішінен тек Х.Әубәкіров 1971 жылы газеттің 40 жылдығы құрметіне омырауына «Құрмет Белгісі» орденін тағады, сондай-ақ, 1962 жылы Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің Грамотасына ие болады (Орталық Қазақстан-80 жыл: бұрын, кеше және бүгін», 2011 ж.).
Хайрекеңнің осындай ерен еңбегі мен берік тәртіпке негізделген мінезі ақындардың достық әзілдері мен қалжың шумақтарына тақырып болып, тарихта қалды, оларды газеттің мүшелтойларына арналған кітаптарға енгізіп келеміз. Солардың бір-екеуін бүгінгі мерекеге орай келтіре кетейік.
Қали Садықов деген қарт журналист бірде редакцияда жас жігіттердің біреуі кішкентайлы болып, соның шілдеханасында отырғанда жас нәрестеге редакция қызметкерлерінің мінез-құлқына сай бата береді, содан үзінді:
«Кәртайдай өкпеші болма,
Шаймердендей ептеші болма.
Құдыштай сараң болма,
Қағазбектей арам болма,
Хайриддендей бақыл бол,
Мұхамбеттей батыр бол, Аллау-акбар!». Газеттің 80 жылдық торқалы тойына арнап шығарылған, осы жолдар авторы құрастырған «Сексен жыл халықпен бірге» деп аталатын жинаққа енгізілген бұл батадағы кімнің кім екендігін Масғұт Халиоллин ағамыз былай анықтап береді : «Кәртайдай өкпеші болма» дейтіні – аяқ астынан өкпелей қалатын Кәртай Ермекбаев, «Хайриддендей бақыл бол» дейтіні – ешкімге қосылмайтын, арақ-шарап ішпейтін, «верный марксист» атанған Хайрекең Әубәкіров ағамыз…».
Өкініштісі, Хайридден ағамыз туралы сол кездегі саясатқа байланысты (журналистерді өз газетінде мақтап, очерк, суреттеме беруге болмайтын) жарытып ештеңе жазылмапты. Тек 1991 жылғы газеттің мерекелік нөміріне ғана өз өмірі туралы Т.Байтұрсыновпен сұхбаты жарияланған екен. Хайрекең Баянауыл ауданының тумасы. Тірі болса өткен күзде, әлде қыста туғанына 100 жыл толады екен. «Орталықта» 1953 жылдан 1987 жылы зейнетке шыққанша тапжылмай еңбек етті. Кейін бір-екі жыл «Офсет» баспасында аудандық газеттердің аудармашысы болғаны бар. Ол кісі көп жасап, 88 жасында 2007 жылы қазан айының 4 жұлдызында қайтыс болды.
Хайрекең қызмет бабымен газет арқылы марксизм-ленинизмді талмай уағыздап, билік құрып тұрған партияға адал қызмет етсе де көзінен мұң кетпеген адам сияқты көрінетін бізге. Тұйық болуының, тіпті, жасқаншақ болуының себептерін кейін түсіндік.
Сүйекең (С.Жанысбай) мынадай бір әңгіме айтушы еді: «Бірде машинка бюросына материалымды айтпақ болып кіріп едім, қарсы отырған Хайрекең қолындағы қағазын, яғни, айтып отырған қолжазбасын жаба қойды. Сондағысы газетке баратын күнделікті материалдың бірі. Фельетон, немесе өткір сын мақала болса бір сәрі. Кейде ондай мақаланы кейбір «жанашырлар» тиісті жерге хабарлап, нөмірден алдырып тастайтын. Бірақ, Хайрекең өмірі сын жазып көрген емес. «Мұнысы қалай» деп таңдандым да қойдым.
Сөйтсек, Хайридден Әубәкіров кезінде, яғни, соғыс жылдары Қарағанды мұғалімдер институтында оқыған кезде қазір аты көпке әйгілі ЕСЕП – елін сүйген ерлер партиясы қозғалысына қатысқан адам болып шықты. Зардап шекпесе де, қорқытып, үркіткен-ау деп қалдық. Саяси сауат алып, демократиялық үрдістерден хабардар болған жастар елдегі кейбір келеңсіз жайларға наразы болады. Тарих пәнінен Ұлы француз революциясының, Ресейдегі Ұлы қазан төңкерісінің идеяларын оқып білген олар ұлттың өзін-өзі тануына, еркін дамуына сенеді, бостандық пен демократияның жаншылуына жауаптар іздейді. Бірақ, көп ұзамай партияның серкелері ұсталып, «ұлтшылдар», «халық жаулары» ретінде айыпталады. Көп жылдарға итжеккенге айдалады.
Белгілі журналист Ержұман Смайылдың «Егемен Қазақстан» газетінде 2011 жылғы 27 ақпанда жарияланған «Алаш идеясы және «ЕСЕП» партиясы» деген материалында сол кезде көзі тірі күрескер Махмет Теміров: «Бізбен пікірлес болғандар тарих факультетінің студенттері: Нұркенов Ахметжан, Сейітов Қайлеш, Аманбаев Мұқаш, Әубәкіров Хайридден еді» деп атап өтеді. 1944 жылдың тамыз-қазан айларында «Советтік Қарағанды» (қазіргі «Орталық Қазақстан») газетінің қызметкері Бейсембай Жақсылықов, облыстық қазақ драма театрында істейтін Зейнолла Әбділдин, Жамбыл (бір деректерде Асығат) Рүстемов, «Социалистік Қазақстан» газетінің Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі Жаппар Өмірбеков тұтқындалады» деп жазады тағы бір зерттеуші Ә.Жағыпар интернеттегі материалында. 1951 жылы Бүркіт Ысқақов, Махмет Теміров, Айтбай Нәрешев 25 жылға, Мұстахым Азанбаев, Рамазан Нәрешев, Жәкен Қалиев, Адырбек Аманқұлов 8-10 жылға сотталады.
Бұл жас Хайридденнің психологиясына әсер етпей қоймайды. Имандай сенген Коммунистік партияның, халықтық өкімет деп есептелетін Кеңестердің озбырлығына қатты налыйды. Біздің қолымызда қауіпсіздік органдарының тілектес болғандарға қатысты құжаттары жоқ. Олар сақталмауы да мүмкін. Бірақ, қырағы органның жұмыс стилі көпке мәлім, олар тілектестерді де бір-бірлеп шақырып алып, «жаздым, жаңылдым, енді бұндайларға қосылмаймын» деп қолхат алулары мүмкін. Қалай болған күнде де жас Хайридден ендігі жерде сақтанып жүруге, мұндай «баянсыз» қозғалыстар мен ағымдарға қосылмауға бекінеді.
Көріп отырсыздар, халқымыздың тарихында әлі де көмескі тұстар біртіндеп ашылып келеді, бір ғана біздің газеттің төңірегінде ақтаңдақтар әлі де бар екен. Жаңағы айтылған Бейсембай Жақсылықов газет қызметкерлері тізімінде тұрса да, өмір жолы бізге әлі белгісіз. Кейбір деректерде келтірілетін «есепшілерге» ерекше тілектес болған белсенді автор-тілшілеріміз Орынбай Аймағамбетов, кейін ғалым болған Оңайбек Құдышев, Дәкен Шалабеков, ұстаз Аманжол Дүйсебековтердің осы қозғалысқа қатысын анықтай түскен жөн.
Олардың барлығы өз ұлтын, Алаш қозғалысын, демократия мен ізгілік жолын аңсаған азаматтар. «Айнымас марксист» деп жүрген Хайридден Әубәкіров ағамыз да ұлтын жанындай сүйген патриот замандасымыз болып шықты.
Аман ЖАНҒОЖИН,
ардагер журналист,
Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты.