Жаңалықтар

Аппаз ауыз суға жарымады

Сахараның шөлі емес, жер жәннаты саналған Қарқаралы ауданынан небары 75- ақ шақырымда орналасқан Аппаз ауылы ауыз суға жарымай, қаңсып отыр. Тіпті, халық бұлақ іздеп, суды өздері тасып ішуге мәжбүр. Айшылық алыс жерлерден көзді ашып-жұмғанша жылдам хабар алатын цифрлық технология дәуірінде судың өзіне зар болып отырған 741 тұрғынның күйі осындай десе біреу сеніп, біреу сенбес.

Істің мән-жайын білу мақсатында Қарқаралы аудандық құрылыс бөлімінің басшысы Талғат Омаровқа хабарластық. 300 миллион теңгеден астам қаржыға су құрылысы жобасы 3 жылға жоспарланған. Яғни, келесі жылы да жалғаспақ. Дегенмен, 90%-ы бітіп тұрған жұмысты ертеңге қалдырмай неге осы күзде аяқтамасқа деген сауалға мардымды жауап бере алмады.

– Бұл мәселемен облыс, аудан басшылығы жақсы таныс. Тиісті мамандар осы іспен үнемі айналысуда, серіктестік басшыларымен байланыс орнатылуда. Ауыз су мәселесі биыл бітпесе басқалай жолдарды қарастыру керек сияқты, – дейді Талғат Омаров.

Мамандардың айтуынша, алғаш зерттеліп, орындары белгіленіп қазылған құдықтардағы /ұңғыма/ су кейінгі жылдардағы құрғақшылық сал­дарынан деңгейі төмендеп, елді мекенді қамтамасыз ету мүмкіндігінен айырылған. Былтыр бұл жұмыстарды жезқазғандық «Дәнекер» ЖШС-і қолға алыпты. Ауыл әкімі Жоламан Әлиұлы: «Жергілікті жер бедері мен қыртысы, мол су шығады-ау деген тұстар қайта зерттеліп, құдықтар қазылған, 2 мұнара тұрғызылды. 13 шақырым болатын ауыл көшелерін қамтитын су жүйесі тартылған. Құрылыс жұмыстарының 90%-ы аяқталғанымен, ауыз су берілмей отыр», – деді.

Ауыз су құбырларын тартуға жергілікті тұрғындардың бірі техникаларымен, енді бірі қол күштерімен көмектесіп атсалысқан. Бірақ, олардың ешқайсысы негізгі істің иесі – серіктестікпен есеп айырыспаған. Дәлірек айтқанда еңбекақыларын алмаған. Көбі қазақилыққа салынып, арнайы құжат жасаспай жұмыс істей берген. Әйтсе де, осы іс аяғына дейін жетпей елді алаңдату үстінде. Ол белгілі, бұрынғы жайт тағы да қайталана ма деген қауіп бар. «Аузы күйген үріп ішедінің» кері. Қаншама қаражат, маңдай термен келген дүние халықтың игілігіне жарамай қалып қойса не болмақ? Әрине, ауыл халқы таза сусыз отырған жоқ. Тірі адам тіршілігін істейді. Бірінің құдығы бар, енді біреулері ауылдан 10 шақырым қашықтықта орналасқан Бекіш қыстағындағы құдықтан тасып, күн көріп отыр. Жауапты мердігердің айтуынша, серіктестік Қайнарбұлақ ауылынан бөлек басқа жерлерде де елді ауыз сумен қамту жұмыстарының бірнешеуін өз мойындарына алған. Яғни, олардың осындай шараларда тәжірибелері бар екен. Жұмыстарға арнайы бөлінген қаражаттарды кезектестіре кәдеге жарататын серіктестік өкілдері алдағы уақытта Аппаз ауылындағы жұмыстарын толықтай бітіріп, ел игілігіне ұсынамыз деп уәде етіп отыр. Уәдеге сенгендей болдық. Кім біледі, аппаздықтардың күні туып, ауыз суға қарық болар күн де алыс емес шығар. Қалай дегенмен де тас дәуірі емес, шексіз технологиялық мүмкіндіктер заманында өмір сүріп жатыр емеспіз бе?!

Дулат ЖҮНІСБЕКҰЛЫ

Қарқаралы ауданы

Басқа материалдар

Back to top button