Бас тақырып

Оқулықтың олқылығы

Оқулық – оқушының білім алатын, бет түзейтін айнасы. Кейінгі кездері жаңартылған бағдарлама негізінде жасалған оқулықтардан олқылық шыға бастады. Ұстаздар қауымы бұған бейжай қарай алмаса да, министрліктен бекітіліп, оқушының алдына келген оқулықты оқытпасқа амалдары жоқ. Мәселе қате теруде емес, олқылықтың орнын толтыруда. «Кітапта қате кетіпті, балалар» деген мұғалімнің сабақ үстінде өз біліміне сүйеніп, тігісін жатқызып жібергеніне талай куә болдық.

Оқулық жазатын ғалымдардан білім алдық. Олардың айтуынша қазіргі оқулықтардың сапасын өздері де мойындайды, күйінеді де. Себебі, жоғары жақтың талабы сондай. Ұлттық тәрбиені ысырып тастап, замананың көшіне ілесуіміз керек деп, пәнге қатысы жоқ тақырыптарды енгізгендерін атайды. Бұрынғының оқулығы жоқ қазір. Тіпті, тақырып пен мәтін бір-біріне сай емес деп дабыл қаққан ұстаздар жетерлік. Одан қалды, тілдік бағдарға сай тапсырмалар аз дейді олар. Қазір Министрлік тарапынан ұйымдастырылған әр пән мұғалімдерінің съезі өтіп жүр ғой. Сол съезде осы оқулық мәселелері де қалыс қалған емес. Жоғары оқу орнындағы кітап шығаруға атсалысып жүрген профессорлардың өзі оқулықта қате бар екенін айтады. Біз соған куә болдық. Жақында болған математика мұғалімдерінің съезінде 1-сыныпқа арналған оқулықтың өте күрделі жасалғаны айтылды. Белгілі математик ғалым Асқар Жұмаділдаев: «Оқулық ішіндегі тақырыптар өте тығыз орналастырылған. Баланың түсінуіне қиын», – деді сол кезде. Ал, Министрлік оқу бағдарламасы қайтадан жасалатынын, соның негізінде жаңа оқулықтар шығатынын айтты.

Сонымен қоса, онда баланың ұғымына, жас ерекшеліктеріне сай келмейтін күрделі мәтіндер де кездеседі.

Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Асылзат Серік: «Орыс мектебінің 7-сыныбына арналған «Бәйшешек» баспасынан шыққан «Қазақ тілі мен әдебиеті» атты оқулық бар. Соның 36-бетінде оқушының танымына сай келмейтін жаңа сөздер беріліпті: қыр жағында, дүрілдету, ырғақ, бал тамған, маймаң қағу, перне, лақылдату, зарлы, күңіренген, толғану, балқу, безектеу, бұрқырату, ебелек, тілеулес, қорғасын». Мұндай жаңа сөздерді өзге ұлттың баласы түгілі, қазір қазақ баласы да түсінбейді ғой», – дейді мұғалім. Сонымен қоса, оқулықта берілген қазақ жазушыларының өлеңдері мен күрделі поэмаларын орыс балаларына оқытып, талдату, түсіндіру қиындық туғызатынын айтады.

Мұндай олқылықтар басқа пән оқулықтарында да кездеседі. Мысалы, тарих оқулығында бір санның өзінен қате жіберуге болмайды, себебі ол – тарихқа қиянат жасаумен тең. Мәселен, жас тарихшы Әлішер Алдоңғар былай дейді:

«Оқулықтардың бәсекелестік ортаға берілуі салдарынан әрі мектеп оқулықтарының әртүрлі баспадан шығу себебінен оқулықтағы ақпараттар жер мен көктей. «Мектеп» және «Атамұра» баспаларынан шыққан кітаптарда деректер бір-бірінен бөлек. ҰБТ сияқты сынақ тапсыратын кезде «Мектеп» оқулығынан келген сұраққа «Атамұра» баспасымен оқып жүрген оқушы қалай жауап береді?», – дейді ол.

Сонымен қоса, тарих оқулықтарында нақтылық жоқ екенін айтады. «6-сыныптың оқулығында Қимақ қағанатының құрылуы туралы «Тайпаның өз алдына бөлектенуі Батыс Түрік қағанатының құлауы барысында 656 жылы іске асты» дегенді жазып қойған. Ғылыми-тарихи еңбектерге сүйенсек, Батыс Түрік Қағанаты 704 жылы саяси сахнадан мемлекет ретінде өмір сүруін тоқтатқан», – дейді тарихшы.

Расымен де, оқулықтарда бірізділік жоқ. Оның үстіне қазір баспалардың саны көбейіп кетті. Мұғалімдердің айтуынша біздің облыс «Арман пв» баспасынан шыққан оқулықтармен оқиды екен. Ал, үлкен қалаларда ше? Мәселен, Алматы қаласының оқушылары әр түрлі баспадан шыққан оқулықтармен таныс. Оның ішіндегі жоғарыда айтқан қателіктер де кездеседі. Себебі, оқулық бәріне ортақ.

Оқулықтан ғана емес – бар мәселе, басында оқу бағдарламасы тұр. Егер оқулық олқы болса, оқушының білімі қандай болмақ?

Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ. 

Басқа материалдар

Back to top button