Жаңалықтар

«Топырақсыз қияр өсіру – үнемді»

Кейбір өңірлерде су тапшылығы жиі кездеседі. Оны жоюдың түрлі жолдары анықталуда, десек те суды үнемдеуге келгенде тосылып қалатынымыз бар. Осындайда кішкентай ғалымдар ойлап тапқан қарапайым жобаларға неге көңіл бөлмеске деген ой туады. Олардың көпшілігі мектептерден әрі аспайтындықтан шығар бәлкім?! Мәселен, Қарағандыдағы №12 мектепте суды үнемдей отырып, өсімдікті топырақсыз өсіруге бағытталған жоба бар. Ғылымның әлдеқайда алға жылжуына байланысты, бұл жаңа дүниені шетелдіктердің әлдеқашан игеріп қойғаны рас. Десек те, жасыл экономикада суды қажет етпейтін өсімдіктерді топырақсыз өсіруге болатынына Сіздің де көз жеткізгеніңізді жөн көрдік. «Ауыл шаруашылығына бағытталған әдісті тәжірибе жүзінде пайдалану ағзаны дәрумендермен қамтамасыз етеді» дейді оқушылар.

Жалпы, Қазақстанда гидропоника саласын жас ғалым Диас Тастанбеков қолға алып, қазіргі таңда осы әдісті сәтті жүзеге асыруда. Бұл әдісті 1991 жылдан бастап Корея, Жапония, Малайзия елдері, әсіресе су тапшы мемлекеттер пайдаланған. Ал, қазіргі ғылыми техникалық жетістіктің бірі – бөлмедегі гидропоника. Оны терезенің алдына, балконға қолданып өсімдік өсіруге болады. Ерекшелігі сол – еш топырақсыз гидропоникалық әдіспен өсірілген көкөністер тез жетіледі. Бастысы – адам еңбегін қажет етпейді. Тіптен, көпжылдық өсімдіктерді қайта отырғызу барысында бұрынғыдай тамырды ескі топырақтардан тазартуға еш қажеттілік жоқ. Үлкен ыдысқа өсімдікті салып, үстіне субстратты толтыру – міндетті. Бөлме өсімдіктерін өсіру кезінде жаңа көшет сатып алып, артық шығындалудың да қажеті болмайды. Гидропоникада өсірілген өсімдіктер өз бойына қажетті элементтерді ғана алып, адам ағзасына зиянды ауыр металдарды, улы органикалық қосылыстарды, радионуклидтерді және нитрат қалдықтарын жинамайды. Бұл әдістің тағы бір тиімділігі үйде, балконда, жылыжайда өсіргенде, тазалық сақталып, артық жағымсыз иістер болмай және топырақпен жұмыс істемегендіктен қол да таза болады.

Отандық ғалымдардың айтуынша, өсімдікті топырақсыз өсірудің бірнеше тәсілі бар. Бұлар ашық және жабық грунттарда қияр, бұрыш, қызанақ, жүзім, жидек өсіруде қолданылады. Тамыры ерітіндіде ауытқымай тұру үшін әр түрлі қиыршықтастар пайдаланылады. Оған қажетті ауа желдеткіш арқылы беріліп тұрады.

– Өсімдіктердің жаңадан көктей бастаған кезінен-ақ зиянкестердің көбеюі және өсімдіктер арасында аурулардың ұлғаюы жиірек байқалады. Бактериялық аурулар топырақтың құнарсыздығына әкеліп соғуы мүмкін. Өсімдіктердің көп бөлігі топырақта тіршілік ететін жәндіктерден зиян шегеді. Сондықтан, топырақсыз өсімдік өсіру – үнемді, әрі тиімді. Ғылымда өсімдікті топырақсыз өсірудің ерекше әдісі гидропоника деп аталады, – дейді жоба жетекшісі Гүлнәр Мұсаева.

Жоба жетекшілерінің айтуынша, егер қияр өсімдігін гидропоникалық әдіспен өсіру қолға алынса, зиянсыз элементтерді бойына жинаған таза көкөністік дақыл алар едік. Гидропониканы қолданудың экономикалық әрі экологиялық жағынан тиімділігі – осы. Өсімдік өсіру аумағын үнемдеуге, белгілі аумақта көбірек өсіруге мүмкіндік береді. Нақтыласақ, әдістің негізінде жатқан ой қарапайым. Мысалы, өсімдіктердің өсіп гүлденуі үшін, оларға жарық, ауа, жылу және қоректі заттар керек. Егер өсімдік тамыры өзіне керекті заттарды жеуге жарамды қоспадан алса, тыңайтқыштың қажеті жоқ. Топырақтың орнына инертті субстраттар қолданылады, тіректік қызметін аткарады. Онда өсімдіктің тамыры орналасқан. Ал, қорегін олар барлық қажетті тұздары бар су ерітіндісінен алады.

Жобаға тікелей қызығушылық танытып жүрген 10 «А» сынып оқушысы Ақерке Болат пен 9 «Ә» сынып оқушысы Ақбота Мұхамедкәрім зерттеуге қияр өсімдігін алыпты.

– Бұл әдіспен өндірілетін көкөніс дақылдары топырақта өсірілетін дақылдарға қарағанда өнімді ертерек (қияр 3 – 4 күн, қызанақ 15 – 18 күн бұрын) береді. Тамыр қиыршық таста, құмда қатаяды және басқа қатты субстратта қоректі ерітіндіге салынады немесе ауа кеңістігінде осы ерітіндімен мезгіл сайын бүркеліп тұрады. Артықшылығы, өсірілетін өсімдіктердің жиі суарылмауында. Топырақта өсірілген өсімдікке қарағанда, гидропоника әдісімен өсірілетін өсімдіктер ылғалды аз қажет етеді. Тамыры ешқашан құрғап қалудан көп су құйғанда ауа жетіспеуінен зардап шекпейді. Оған күнде су құюдың қажеттілігі жоқ. Таңдалған ыдыс және өсіру жүйесіне байланысты суды сирек қолдану керек. Соңында бір рет бір айда құю қажет. Тыңайтқыштың жетіспеушілігі немесе оның шамадан тыс артық болуы мәселесі туындамайды, – дейді оқушылар.

Жалпы, үнем мәселесі ауыл шаруашылығына аса қажет дүние. Үнемшілдік қашанда әуелі кедейліктен сақтап, байлыққа жеткізеді деген бар. «Бұрындары қиярды жылыжайда өсіруге жағдай жасалды, енді үйіңізде өсіріп алыңыз» деп отыр жас ғалымдар. Су мен топырақты қажет етпейтін, шығымы аз гидропоникаға жүгенетін кез келген сияқты.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button