«Батырлар жырын» оқымаған бала батыл болмайды
Қазір біз заманды, адамды кінәлаумен ғана шектелеміз. Ал, негізгі кемшіліктің барлығы отбасындағы тәрбиеде жатқандығы туралы ойлағымыз да келмейді.
Ұлттық құндылықтан алыстап кеттік. Біз шындығында, ұлттық патриотизмге ұрпағымызды жалаң ұранмен үндеп, өзімізді-өзіміз алдап жүрміз. Ұлттық патриотизм бүгінде өзекті мәселе. Отанға, туған ел мен өскен жерге деген махаббатты айқындайтын осы сезім адам бойынан жоғалған кезде әлемде әділетсіздік орнайды. Сондықтан, балаң жақсы, тәрбиелі болып өссін, ұрпағың ұлтын ойлар ұл мен қыз болсын десең – елдік мүддеге, ұлттық құндылықтарға көзқарасымызды бала күнімізден қалыптастырғанымыз жөн. Бала кезімізде бәріміз де батырлар жырын оқып өстік. Әлі есімде, үйімізде қазақтың «Батырлар жыры» болды. Қас қарайғанда шамның жарығымен батырлар жырын оқып, талқылайтын едік. Қобыланды, Алпамыс, Қамбар, Ер Тарғын батырлардай болғымыз келді.
«Жиделі Байсын жерінде,
Қоңырат деген елінде,
Байбөрі деген бай болыпты,
Төрт түлігі сай болыпты» – деген өлең жолдарымен өрілетін «Алпамыс батыр» жырын жатқа оқып, елімізді, жерімізді қорғайтын батыр болуды армандадық. Сол жырда суреттелетін батыр бейнесі, ерліктің, Отанын қорғаудың озық үлгісіндей, темірқазықтай жол көрсетті. Сонау 1986 жылы қазақ жастары тәуелсіздіктің алауын мұзда жаққанда, көппен бірге қайыспай қайсарлық танытып, табан тіреп теңдік сұрадық. Ел тағдыры сынға түскен шақта, батырлар жырын жаттап өскен баланың жасықтыққа бой алдырмайтындығын түсіндім. Батыр бабаларымыздың өр рухы бізді алаңға алып шықты. Тәуелсіз ел болуға жетеледі. Бұл менің өмір тәжірибемнің бір бөлшегі ғана. Шын мәнінде, «өз Отанымыздың патриоты бола алып жүрміз бе?» деген сұрақ мені жиі мазалайды.
Отбасындағы тәрбиенің негізін батырлар жырын, ерлікке үндейтін кітап оқыту арқылы қаласақ, рухы күшті, сертке берік, намысты, қайсар ұрпақтың өсері анық. Қазақ халқының рухани құндылықтарына сусындатып, отансүйгiш етiп өсiру біздің мақсатымыз. Осы орайда, ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен жауын жапырған батыр бабаларымыздың жастардың рухын оятып, жігерін жану үшін әрқашанда үлгі болары сөзсіз.
Тәуелсіздігіміздің іргесін бекемдеу, патриоттық тәрбиенің мәні, батырларымызды ерлікке толы дастандарынан бастау алып тұр. Батырлар жырын оқымаған бала батыл болмайды. Батырлар жырының ұлт руханиятындағы орны бөлек, оның ұрпақ тәрбиесіне оң әсері орасан. Өйткені, ұлттық жаңғырудың бір тармағы қазақтың осы ерлік баянында, жауһар жырында жатыр.
Әлібай БӘКЕЕВ,
Желтоқсан оқиғасына қатысушы.