«Өркениетті ұлт ең алдымен тарихымен, мәдениетімен, ұлтын ұлықтаған ұлы тұлғаларымен, мәдениеттің алтын қорына қосқан үлкенді-кішілі үлесімен мақтанады» деп Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ айтқандай, тағылымы мол өткен күндерден мағлұмат беретін мәдени орта ол – музей. Өңірдің тарихи-мәдени мұрасын жинап, сақтап, халыққа насихаттап отырған дәл осындай қара шаңырақ Шет ауданы, Өспен ауылындағы Сәкен Сейфуллин атындағы тарихи-өлкетану музейі.
Ақын мұражайы көшпенділер өмірінен сыр шертетін түрлі жәдігерлер және аймақ тарихына қатысты материалдармен толыққан. ХІХ ғасырдың соңына таман салынған ғимарат (музей) 1905 жылғы Өспен кенішіндегі орыс-қазақ жұмысшыларының ереуілінен соң «Успенское однокласное русско-киргизское училище» болып ашылады. 1906 жылдары кеніштен 80 шақырымдай жерде Қарашілік қыстағында тұратын Сейфолла Оспанұлы баласы Сәкенді кеніштегі оқу орнына әкеледі. Ақын осы білім ошағында 1906-1909 жылдары оқып, білім алады. Сәкен Нілдіде (Өспен) оқығанда Зәкірбек деген кісінің, жергілікті ұста Ыбырайдың үйлерінде жатқан. Бұл деректерді Сәкеннен кейін кеніште білім алған Қамажан Омарұлының, Нұрман Байділдаевтардың ауызша естеліктері дәлелдейді. Патша үкіметі құлап, Кеңес үкіметі орнаған тұста елді мекендегі жұмысшылар санының артуымен білім ұясы «Успенская семилетняя школа» аталып, үлкендеу ғимаратқа көшіріледі. Бертін келе Кеңес үкіметі тұсында мектеп жем қоймасы, радиоузел, кітапхана мекемелерінің кеңсесі болады.
Шет аудандық археологиялық-этнографиялық мұражай директоры Салтанат Қамытованың айтуынша 1994 жылы ғимарат кітапхана үйі болып тұрған кезде, кеңшар басшысы Мақсұт Садуақасовтың бастамасымен музей үйінің қарсы бетіне қоғам қайраткері С.Сейфуллиннің ескерткішін орнатады. Суретші, мүсінші Серік Қадыровтың қолынан шыққан ақын ескерткіші бұл күнде музей жәдігері болып сақталып тұр.
– 2007 жылы Өспен ауылының 160 жылдық мерейтойы қарсаңында қос ғасырдың куәсі болған киелі ошақ Шет аудандық археологиялық-этнографиялық музейінің Өспен ауылындағы филиалы болып қайта жаңғырды. Сол жылы қараша айында музейге Сәкеннің есімі берілді. Музей бұл күнде мемлекет және қоғам қайраткерінің өмірі мен қызметтік жолын және өлке тарихын насихаттау жұмыстарымен айналысады,– дейді С.Қамытова.
Думан ҚАБЫЛ.
ШЕТ ауданы.