Руханият

МЕЙІР мен МЕХНАТ

«Абай сөзі – даналық көзі» деген бұл кітаптың шыққаны кеше ғана. Баспадан шыққан бойда, сиясы кеппеген қалпы бізге жетті. Авторы – қарағандылық Марат ТҮСІПОВ. Жеті жыл еңбектеніпті. Абайдың бір ғана отыз сегізінші қара сөзі төңірегінде. Мехнат емес, мейір ғой – бұл. Адам мейірі қанбаған сайын талпынбай ма? Хакімнің бір шығармасын білмейтін, білсе де, ол туралы бір сағат ойлана алмайтындар бар. Бұл кісі «Отыз сегізінші қара сөзін үтір, нүктесіне дейін жаттап алдым» дейді. Ақынның мерейтойы болған соң шығарыла салмаған дүние, ендеше.

Бірінші тарауында (125 бет) тұтас Отыз сегізінші қара сөзін талдапты. Басынан бақайшағына дегендей ғой. Бұған дейін кейбір абайтанушылар «ақынның 38-ші қара сөзі – өз алдына тұтас бір шығарма, жеке кітап» деп еді. Қолымыздағы еңбек сол ойды айғақтай түседі. Алғысөзден соң, автор «Ұлы Ескерткіш» деп таңбалапты алғашқы тақырыпшаны. Пушкин «Ескерткішті» өзіне қойса, хакім Абай «Сіздерге адам ұғымының мінездері туралы біраз сөз жазып, ядкар қалдырайын» дейді екен. Бұл жердегі ядкар парсыдан аударғанда ескерткіш деген түсінікті беретін көрінеді. Автордың айтуынша, Абайдың отыз сегізінші қара сөзі – «басқа қара сөздерінде, өлеңдері мен поэмаларында айтылған даналық ойлары, қарекетті ғұмырындағы ғибраттарын сүзгіден өткізіп, қорытып, келер ұрпаққа ұсынған аманаты». Сондықтан, бұл шығармаға барынша терең үңіліп, астарындағы әрбір ойды байыптап, түсіндіруге тырысқан. Сөйте келе, мына тұрыпты пайымдарын ұсынады: «Замана желімен, оның лебімен, желпуімен адамның мінезі өзгеруде. Дамуда және гүлденуде әрі қитұрқылануда. Арты ылғалға айналатын қар да, жаңбыр да жерді суландырғаны секілді өмір суы да екі жағалауды – жақсылық пен жамандықты қатар нәрлендіруде: құнарлы балғын шөпті қалай түлетсе, арам шөптерді де солай қаулатуда. Кейде таза шөбі қайсы, арам шөбі қайсы, ешкім біле алмай, дал боласың. Айла да, тәсіл де түрленуде әрі гүлденуде, ақ-қарасын ажырату қиын. Күш – ғылым жетістіктерімен қаруланған алыптардың қолында, қылышы кімге жұмсалады – беймәлім».

Автор бірінші тарауының өзін бірнеше тақырыптарға бөліпті. Барлығы Абайдың отыз сегізінші қара сөзі болғандықтан, мәселен, ондағы бір тақырып – «Ұрпақ тәрбиесі». Сонымен қатар, «Өзін тану», «Жаманшылықтан арылу», «Кемелдік жолы», «Дүниені тану», «Алланы тану» және тағы басқа да бөлімдерден тұрады. Ал, келесі, 2 тарауда Абайдың нақыл сөздері алфавиттік ретпен топтастырылған. Тәй-тәй басқан оқырман қауымға бұл да бір жақсы көмекші құрал. Ой көзімен қарағанға Хакімнің екі сөзінің бірі – қанатты сөз. Оқыған сайын мейір қанбайды. Басында мехнат кешіп, түсіну жолында талпыну керек-ақ. Бұл да оңай шаруа емес. Сол мехнат мейірге ойысқанда, көңілдің көзі ашыла бастамай ма? Ол үшін, әрине, Абай даналығын танытудың баспалдағы іспетті осындай еңбектер қажет-ақ.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button