АймақШет

Жоспарда – ауқымды жобалар

Ауылға көңiл бөлу және оның келбетін жақсарту – мемлекеттiк мәнi зор iс. Президенттің тапсырмасына орай, елімізде ауқымды істер қолға алынды. Бүгінде Шет ауданы елді мекендерінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында көркейту жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Бұл мақсатта бюджеттен қомақты қаржы да бөлінді.

Аудан орталығы Ақсу-Аюлыда өңі кетіп, көше сәнін бұзып тұрған көпқабатты тұрғын үйлер баршылық. Кеңес заманында салынған бұл үйлердің сырты араға жылдар салып әйтеуір бір ақталып, сыланып қоятын. Биыл бағдарлама аясында осы тұрғын үйлердің сырты сайдингтермен қаптала бастады. Шортанбай жырау көшесінің бойында орналасқан көпқабатты тұрғын үйдің шатыры толық жаңартылып, сырты металл сайдингтермен қапталды. Бүгінде жұмыс аяқталуға жақын.

Ақсу-Аюлы ауылдық округінің әкімі Болат Тәкішевтің айтуынша, аталған жұмысқа 8,9 млн. теңге бөлініп, келісім-шарт негізінде жұмысты «Рентал LTD» ЖШС ат­қаруда. Ауылдың екі азаматы жұмыспен қамтылып отыр.

Айта кетейік, «Рентал LTD» ЖШС былтырғы жазда осы Ақсу-Аюлы ауылдық округі әкімдігі ғимараты алдына абаттандыру жұмыстарын жүргізген болатын. Тас төселіп, арасына және екі шетіне қазақы ою-өрнекпен жасанды көгал жабылды. Сондай-ақ, ұлттық аспап қобыз бен кісенің мүсіні, орындықтар қойылып, жарық шамдары орнатылды.

Аудан басшылығы ауыл келбетін көркейтіп, абаттандыру бағытында әлі де ауқымды жұмыстарды жоспарлап отыр.

М.ДӘУЛЕТБЕКҰЛЫ.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button