АймақШет

Әбікеннің домбырасы

Әбікен ХАСЕНҰЛЫНЫҢ есімі Алаш жұртына кеңінен таныс. «Қоңыр» атты күйімен-ақ, қазақ күй өнерінің керуенінен ойып орын алған шертпе күйдің шебері жас кезінен Тәттімбет, Қыздарбек, Сембек сынды даңқты дарабоздардың шығармаларын шебер орындаған.

Әбікенді домбырашылық өнерге баулуда әкесі Хасен және Мақаш Сәдуақасұлының ықпалы зор болған. Олар Әбікенге жасынан қасиетті домбыраны шертудің қыр-сырын үйреткен. Қазақ драма театрында өмірінің соңына дейін қызмет еткен күйші театр сахнасында Құнанбайдың (М.Әуезов пен Л.Соболевтің «Абайында»), Қараменденің (М.Әуезовтің «Еңлік-Кебегінде»), Қодар мен Балтаның (Ғ.Мүсіреповтің «Қозы Көрпеш-Баян сұлуы» мен «Ақан сері-Ақтоқтысында»), Мұсаның (С.Мұқановтың «Майрасында») образдарын жасаған.

Міне, күй алыбының айнымас серігі болған домбыра бұл күнде Шет аудандық археологиялық-этнографиялық музейінде тұр. Бұл туралы бізге аталған музейдің басшысы Салтанат Қамытбаева баяндап берді.

Музей басшысының айтуынша, күйшінің алақанының табы қалған бұл аспапты 2007 жылы Өспен ауылындағы С.Сейфуллин атындағы тарихи-өлкетану музейіне Тұрсын Мақажанов тапсырған. Әбікен Хасенұлы ХХ ғасыр басында Өспен ауылына келіп, Мұқан ақсақалдың үйінде қонақта болған. Ақсақалдың қонақжайлылығына, өнерге деген сүйіспеншілігіне риза болған күйші өзінің домбырасын сол кезде сыйға тартқан екен. Ал, 2018 жылы Шет ауданының 90 жылдық мерейтойы қарсаңында бабадан қалған бағалы мұра аудандық музей төріне қойылған. 

Думан ҚАБЫЛ.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button