Руханият

«Күпілдек мақтан…» немесе табыт қағу синдромы

Карантин күшейтілгелі халықтың той тойлауға деген ынта-ықыласы артпаса, кемімеген сияқты. Әлеуметтік желілер мен ғаламтор кеңістігінде айтудай-ақ айтып, жазудай-ақ жазып жатыр. Қазақ қоғамын өркендетпей отырған көп себептің бірі дарақы той екендігі. Біздің басты қалаларымыздағы алтынмен апталған, күміспен күптелген сарайлардың көбі – тойханалар. Баспанасыз жүруі бар, сол салтанатты сарайларға тойға баруға құмар ел. Өркениетті көксеп, ел боламыз десек, олардың орнын өнеркәсіп пен өндіріс, шаруашылық орындары басуы керек еді. Ол – жоқ. Асаба мен әзілкештің «пайдасыз тақыл, байлаусыз ақылын» (Абай) артық көріп, мыс-мыс ақшасын соларға, тойхана иелеріне шығындайтын елге қараптан қарап отырып есіңе данышпан Абай түседі. Абай сынаған баяғы даңғаза мен дарақылықтан ұзап кете қоймағанбыз әлі.

«Болмасын кекшіл,

Болсайшы көпшіл,

Жан аямай кәсіп қыл.

Орынсыз ыржаң,

Болымсыз қылжаң,

Бола ма дәулет, нәсіп бұл?

Еңбек қылсаң ерінбей,

Тояды қарның тіленбей.

Егіннің ебін,

Сауданың тегін

Үйреніп, ойлап, мал ізде.

Адал бол – бай тап,

Адам бол – мал тап,

Қуансаң қуан сол кезде.

Малыңды жауға,

Басыңды дауға

Қор қылма, қорға, татулас.

Өтірік, ұрлық,

Үкімет – зорлық

Құрысын, көзің ашылмас» деді Абай.

Бүгінгі қазақ қоғамының парқы мен нарқы (бар кемшілігі) осы жолдарда тұр. Бұл жердегі «кәсіп, дәулет, сауда» сөздерін бүгінгі «өнеркәсіп, индустрия, инновация» деп түсінсе болады. Қазіргідей Қытай немесе Қырғызстаннан әкеп, бағасын екі-үш есе қымбаттатып сататын алыпсатарлық емес.

Өнеркәсіп пен өнім сөзінен гөрі бізде «той-бизнестің» десі басым. Қай жерге барма, солай. «Бәленшенің баласы керемет қылып, дүркіретіп той жасады» дейді. Онысы – еткен еңбек, төккен тері зая кетті деген сөз. Шағын бизнесті тойхана салу немесе алыпсатарлық деп түсіне ме, қалай? Білуімізше, қазақ еңбек етпейді емес, еткенде қандай?! Бірақ, бар жиған-тергенін бір-ақ күнде босқа шашып, бекер рәсуа қылады. Ал, Абайдың айтып кеткен кәсібі (өнеркәсіп) ортаймайтын дәулет. Елді асырайтын жүйелі іс. Бір адам байып, тігін цехын ашса, бірнеше адамды жұмысқа алып, жалақы төлейді. Оның қасында той-томалақ, қымбат ресторан – күпілдек мақтан ғана. Оны да «Сегіз аяғында» Абай айтады: «Күпілдек мақтан, Табытын қаққан – Аңдығаны, баққаны. Ынсап, ұят, терең ой, Ойлаған жан жоқ, жауып қой», – деп. Мұндағы «табыт қағу» – өлім сирегенде ауылдың надан молдалары қайтқан адамды алып шығатын мешітте тұрған табытты қағып, өлім шақырады екен. «Күпілдек мақтаны» дарақы той болса, «Табытын қаққан» деп әлгі өлім тілеген надан молдаларды нұсқап отыр. «Аңқау елге арамза молда» деген қазақ неткен дана?.. Мына атың өшкір індет жайлаған карантинде «тойды тоқтату – ұлттың тамырына балта шабу» деп сандырақтағандардың әлгі өлім тілеген надан молдалардан несі артық?

Кешелі бері соткама «той – жив» деген жазбалар қаптап кетті. Әлеуметтік желілер не шығармайды? Бірақ, «жел тұрмаса, шөп қозғала ма?». Біреудің қызық, қуанышына бола жасаған шарасында қақымыз жоқ, дегенмен, мынадай індет өршіп тұрған уақта ақылынан адасқан антұрған болмаса, той жасап елді қыра ма? «Ораза, намаз тоқтықта» дегендей, той-домалақ та жайбарақат заманның ермегі екен-ау. Байланыс құралдары дамымаған бұрнағы заманда қазақта ас пен тойдың идеологиялық мәні мен маңызы зор болса, қазір қайдам… Ішіп-жеу, алыс-беріс, сарт-сұрт еткен арзан өнерден әрі аспайды. Технологиясы озық өркениетті елдерге ұқсап өнер мен ғылымда ат оздырып, сондай жеңістерді тойлауға жазсын…

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button