Асыл бейнесі – жүрек төрінде
Бұл мақаланың арқауы – соғыс ардагері, өз көзіммен көріп, батасын алған атам Әлихан БӘКІШЕВ. Әкемнің туған нағашы әпкесінің жұбайы. Мен ес білгелі отбасымызда қалыптасқан жақсы бір дәстүр бар еді. Бұл – Ұлы Жеңіс күні мерекесін атап өту. Сол күні біз бәріміз жиналып, Әлихан атамызды құттықтауға баратынбыз. Атамның үстел басында соғыс тақырыбында әңгіме айтқанын естімеппін…
Тек, 2014 жылдың 9 мамыры күні соғыс жайлы шешіле сөйлегенінің куәсі болғаным бар. Ұлы Отан соғысы басталғанда Әлихан атам Қарағандыдағы №7 орта мектепті (кейіннен Жамбыл атауы берілген) бітіріп, орталық электр станциясында турбина машинисінің көмекшісі болып істеп жүрген кезі екен. Тамыз айында Киров аудандық әскери комиссариаты арқылы әскер қатарына шақырылып, Семей қаласына көшірілген Маршал Шапошников атындағы Тамбов әскери-техникалық училищесіне жіберіледі. Мұнда алты ай даярлықтан өткен соң майданға аттанады. Бұл кезде Сталинград қаласы қоршаудан шыққандықтан, құрамында атам бар атқыштар 157-дивизиясының бір полкін резервте ұстайды. Содан дивизия наурыз айында 3-ші Белорус майданында соғысқа кіреді.
«Алапат ұрыс жүріп жатқан кез, – деп еске алған еді атам сол күні. – Немістер біздің шепті минометпен үздіксіз атқылауда. Окопта отырмыз. Қылт еткенді фашист мергендері қағып түсіреді. Түске қарай күн жылынып кеткендіктен, басымдағы малақайдың сыртынан киген касканы шешіп, жаныма қоя салған едім. Өтіп бара жатқан бір солдат соған сүрініп кетіп: «Мынау кімдікі?» – деп сұрады. «Менікі» – дедім. «Керегі жоқ болса, лақтырып жібер, әйтпесе, киіп ал», – деді әлгі солдат.
Касканы алып басыма енді кие бергенім сол неміс снарядтарының бірі дәл жанымызға келіп жарылғаны. Есеңгіреп қалдым. Содан контузия алып, Калуга қаласындағы эвакогоспитальге жіберді. Онда бір жарым айдай емделдім. Одан шыққан соң 56-шы гвардиялық дивизия құрамындағы қосалқы полк құрамына қабылдандым.
Маусым айының ортасына таман біздің полк шабуылға шығуға дайындалды. Бір күні бір сағаттық артиллериялық даярлықтан соң шабуылға көтерілдік. Оқ қарша борап тұр. Бірде жүгіріп, бірде еңбектеп, жанталаса ілгері жылжып келеміз. Сол уақытта аяғыма снаряд жарықшағы тигенін де сезбей қалыппын. Содан есімнен танып құласам керек. Есімді жиған кезде қарасам, санитарлық бөлімшенің адамдары қаза тапқандар мен жараланғандарды арбамен жинап келеді екен. Олар мені медициналық-санитарлық батальонға жеткізіп салды. Ол жерде жарақатымды жақсылап таңып, Орехово-Зуеводағы эвакогоспитальге жіберді. Онда 1944 жылға дейін емделдім. Содан «годен к нестроевой службе» деп шығарып, Смоленск облысындағы 142-ші құрылыс батальонына бағыттады. 1944 жылдың соңына таман Пруссия шекарасына келдік. Айтып-айтпай не керек, Жеңіс күнін Пруссиядағы Алленштейн қаласында қарсы алдық. Сол күнгі жауынгерлердің қуанышын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес…»
Бұл атамның соңғы әңгімесі екенін мен, әрине, білген жоқ едім.
Адамның өмірі қуаныш пен қайғыдан тұрады емес пе? Әлихан атам Ұлы Жеңістің 70 жылдық мерейтойына жетпей, 2015 жылдың қаңтар айында өмірден озды.
Рас, мағыналы ғұмыр кешті. Ұзақ жылдар сот қызметін атқарды. Қарағанды облысының аудандарында басшылық қызметтерде болды. Ел құрметіне бөленді.
Мен атамның асыл бейнесін әрдайым жүрек төрінде сақтаймын.
Тоғжан ТЕЛЬМАН,
С.Асфендияров атындағы Ұлттық медицина университетінің 4-курс студенті.