Жаңалықтар

Тәрбие ісінде – тың серпін

Балабақша қызметкерлері Елбасымыздың биылғы Жолдауын зор ықыласпен қарсы алды. Жолдауда мектепке дейінгі білім беру ісін жандандырып, тәрбиешілер мәртебесін көтеру тапсырылған болатын. «Бұл жылдар бойы қордаланған кадр мәселесін түбегейлі шешуге жол ашады», – дейді Шахтинск қаласындағы «Гүлдер» бөбекжайының директоры Гүлзайра ИСИНА.

Расымен де, осы күні ата-аналар балабақшадағы сәбиінің амандығын ойлап қорқатын болды. Әлеуметтік желілерде жаға ұстатарлық жаңалықтар өріп жүр. Қаршадай балаларды аяусыз ұрып-соғатын, түрмедегідей тәртіп орнататын педагогтар бар арамызда. Олар баланың тілін табуға ұмтылмайды. Бар ойы аман-есен жұмыс күнінің соңына жету ғана. Сондықтан, баланы қорқыту арқылы бағындырып, мысын басып тастайды. Бұған не себеп? Білікті мамандар, мейірімді тәрбиешілер неге аз? Мәселенің түйіні тәрбиешілер мәртебесі мен айлығына келіп тіреледі. Мойындау керек, әрбір үйдің еркесін бағып-қағып отырған жандардың еңбекақысы мардымсыз. Әлеуметтік мәселе оң шешімін таппағандықтан, олар жұмысқа да салғырт қарайды. Ал, мұны көріп өскен жас буын тәрбиеші болуды армандамайды да.

– Елбасымыздың биылғы Жолдауынан көп үміт күтеміз. Әсіресе, тәрбиешілердің әлеуметтік мәселелерін шешу, айлығын өсіру бастамасын қуанышпен қарсы алдық. Бүгінде балабақшаға жұмысқа алатын білікті маман таппаймыз. Неге? Өйткені, білімді жастар аз ақшаға жұмыс істегісі келмейді. Ал, тәрбиеші мамандығына оқуға түсетіндердің дені басқа салада грант бұйырмаған соң, амалсыз келгендер. Ащы да болса шындық осы. Өздері қаламаған кәсіп болғандықтан, диплом алған соң жұмысқа төзе алмайды. Әлгі, ашулы тәрбиешілер деген осыдан шығады. Егер, тәрбиешілердің мәртебесі жоғары, айлығы жақсы болса, онда кадр мәселесін түбегейлі шешер едік. Тәрбиеші мамандығын армандап, жүрегімен қалап келетін жастар да көбейер еді, – дейді Гүлзайра Исина.

Шахтинск қаласындағы «Гүлдер» бөбекжайы Елбасының тапсырмасымен қабылданған «Балапан» бағдарламасының аясында күрделі жөндеуден өтіп, бүгінде ел игілігіне қызмет етуде. Жолдауда айтылған, баланың ойлау қабілетін ерте бастан дамыту мәселесі де жолға қойылған. Мұнда 1,5 жастан асқан балалар қабылданады. Балабақшаның жабдықталуы да заманға сай. Шахтинск қаласы бойынша, тек осы мекемеде ғана Монтессори технологиясы қолданылады.

Монтессори технологиясын ХХ ғасырдың бас кезінде итальяндық педагог Мария Монтессори ұсынған. Оның ерекшелігі – баланың жеке қабілетін ашу және соған сай орта құру. Бұл ортада психологиялық жайлылық, таңдау еркіндігі мен педагогтің адамгершілігі салтанат құрады. Дәл осы тәсілді Жапония, Германия, Сингапур тәрізді алдыңғы қатарлы мемлекеттер өз тәжірбиесінде қолданып, табысты нәтижелерге қол жеткізген. Біздің елімізде де, Елбасымыздың тапсырмасына сәйкес балабақшаларды «Монтессори» кабинеттерімен жабдықтау қолға алынған.

– Қазақта «Тәрбие – тал бесіктен» деген аталы сөз бар ғой. Баланы ерте жастан білімге баулудың маңызы зор. Мәселен, біз 1,5 жастан асқан балаларды қабылдаймыз. Олар ортаға тез бейімделіп, үйреткен нәрселерді бірден қабылдайды. Әрі адамдарды жатырқамай, кез келген ортамен тіл табысып кетеді. Елбасымыз Жолдауда баланың креативтілігін, сыни ойлауын, коммуникативтілігін және командада жұмыс істей білуіне басты назар аудару керектігін айтты. Біздің атқарып жатқан жұмысымыз да осыған сай келеді, – дейді Гүлзайра Жеңісқызы.

Бөбекжайда тәрбиеленушілердің шығармашылық қабілетін ояту үшін де барлық жағдай жасалған. Мәселен, ән-күйге бейімі бар балалар үшін арнайы «Музыка мектебі» бар. Арнайы мамандар апта сайын балаларға ән айтуды, домбырамен күй шертуді үйретеді. Сонымен бірге, қаламды серік етіп, табиғаттың әсемдігі мен көңілдегі көркем ойды қағаз бетіне түсіруге ұмтылатын балалардың шығармашылық қабілетін шыңдау мақсатында «Сурет сыныбы» ашылған. Ересек топтағы тәрбиеленушілер үшін ұйымдастырылған «Тоғызқұмалақ» сыныбына да ерекше тоқталып өтуге болады. Қазақтың дәстүрлі ойыны адамды есепке жүйрік болуға үйретеді. Сондай-ақ, баланы тез шешім қабылдап, тәуекелге бара білуге баулиды.

Әрине, балалардың бәрі әнші, суретші немесе спортшы болып шықпайды. Бұл – олардың ойлау жүйелерін дамыту мақсатында атқарылып жатқан шаруалар. Жемісті нәтижелері де жоқ емес. Тәрбиеленушілердің арасында облыстық, республикалық байқауларда топ жарып, талантымен талайды тамсандырып жүрген жеткіншектер де бар.

Елбасымыз Жолдауда баланың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше зейін аудару керектігін айтқан болатын. Аумалы-төкпелі заманда бұл кезек күттірмейтін мәселе екені анық. Балабақша директорының айтуынша, күрделі жөндеу жұмыстары жасалған соң бөбекжайдың барлық бөлмелеріне, аулаларға бейнебақылау камералары орнатылған.

– Балабақшаларды бейнекамерамен жабдықтау мәселесін толық қолдаймын. Бұл, ең алдымен балалардың қауіпсіздігі үшін керек. Ата-аналар сәбиінің не істеп жүргенін, өзін қалай ұстағанын, тәрбиешілердің қандай қарымқатынас жасағанын білуі керек. Бала болған соң неше түрлі жағдайлар болып тұрады ғой. Сондықтан, бейнебақылау камералары болуы тиіс, – дейді «Гүлдер» бөбекжайының директоры.

 Балабақша қызметкерлері Елбасы Жолдауының жүзеге асуы балабақша жұмысына жаңа серпін әкеліп, дамуына оң ықпал етеріне сенімді.

Нұрлыхан Қалқаманұлы,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button