Руханият

«Жерік ас жеген – жетілер»

Баланы дүниеге әкелген соң, азамат етіп тәрбиелеу – ана мен әкеге парыз. Десек те, ең негізгісі әйел құрсағында тоғыз ай, тоғыз күн жататын перзенттің жағдайына байланысты. Бойына бала біткен әйел түрлі асқа жерік болады. Бұл құрсақтағы баланың белгілі бір қоректі қажет етуіне байланысты пайда болатын құбылыстар дейді мамандар. Сондықтан да, баланың болашағы үшін жүкті әйелге бойына бала біткен күннен бастап, дүниеге келгенге дейін тағылымы мол өсиет пен ырымдардың жөн жорығын көрсеткен.

Этнограф Болат Бопайұлының айтуынша, әйел жүкті болғаннан кейін оның құрсағындағы бөбегі іште жатып-ақ ана денесіндегі дәрумендермен тоғыз ай, тоғыз күн қоректеніп өседі. Кей ананың денесіндегі керекті дәрумендер іштегі баланың өсіп жетілуіне жетпейді. Бөбек ана денесінен таба алмаған азығын сырттан іздейді. Сөйтіп, бала көксігіне қарай қажетті бір асқа жерік болады. Жерік асы – әйелдің ағзасында жоқ, не мүлдем кем дәрумендер болып табылады. Осыны қазақ «ананың жерігі», «іштегі баланың көксігі» деп атаған.

10 құрсақ көтерген қарқаралылық Дәрия әженің айтуынша, кей аналардың жерігі ұзақ болады. Неге жерік болғанын білмеген жүкті әйелді «итжерік» дейді. Кейін баланың аузынан үнемі сілекей ағып тұрмас үшін, кей жерлерде «итжерік» болған жүкті әйелдерге ырымдап, тамақты ит табаққа салып береді. Әйелдің жеріктігін байқаған адамдар жерік асын тауып беріп, жерігін қандырып, сауап іс жасадық деп қуанып жататыны, сондықтан. Өйткені, жерігі қанбаған әйелдердің балалары әлжуаз, аурушаң, кейде кемтар болып тууы мүмкін. Мұны медицина саласының мамандары да растайды.

– Жүкті әйелдің бойындағы барлық өзгерістер прогестерон гормонымен байланысты. Ұрық жатырға бекігеннен кейін прогестерон түзіледі. Ананың сүт бездерін дамытып, жатырдың бұлшықеттерінің жұмысын арттырып, кеңеюіне сеп болады. Дәл осы кезеңдерде ананың бойында өзгерістер орын алып, киімге, тағамға талғамы өзгереді. Бұрын тәттіні жақсы көрсе, енді ащы тағамдарға тәбеті тартады. Ағзаға қай дәруменнің жетіспей жатқандығына белгі береді. Аскорбин қышқылы жетпей жатса жеміс-жидекке, кальций тапшы болса борға, әкке, құртқа деген құмарлығы артады. Бұл белгі түрінде асқазанға түседі де, ананың дәл сол дәрумен кездесетін тағамға деген тәбеті ашылады. Мұндай жағдайда дәрумендерді міндетті түрде ішу керек, – дейді қалалық №3 емхананың дәрігері Ербол Төлегенұлы.

Көп келіншекке тән жеріктік кей аналарда кездеспеуі мүмкін. Дәрігерлердің айтуынша, бұл бала мен ананың арасында әу баста қаланған ынтымақтың нәтижесі болуы мүмкін.

Жалпы, екіқабат әйел кез келген тағамға жерік болуы мүмкін екені айтпаса да түсінікті. Өткен тарих ежелгі аналарымыздың қасқырдың төс етіне, жолбарыстың, қабыланның, аюдың жүрегіне жерік болғанын айтады. Жерігін қандырған аналардан туған балалар алып тұлғалы батырлар мен ақылды, тауып сөйлер шешендер болып өседі деп ырымдағаны да белгілі. Мысалы, әруақты батыр Жалаңтөс бабамыздың анасы, Ақтұмар жарықтық көкжал қасқырдың төс етіне жерік болған дейді. Сол секілді Шапырашты батырдың анасы Жұпар шешеміз де арланның бауырын шикідей жеп, жерігін қандырған екен деп аңыз етеді.

– Жерік кейде бір жұма не бір айға жалғасады. Бірнеше түрлі асқа жерік болатын аналарда болатын құбылысты «жұпты жерік» немесе «қайталама жерік», болмаса «созылмалы жерік» деп те айтады екен. Егер жас келіншектің асқа тәбеті шаппай, жиі-жиі лоқсып, құсып жүргенін байқаса, енесі ауыл әйелдерін шақырып қонақ етеді. Осы кішігірім той «құрсақ шашу» (құрсақ той) делінеді. Тойға тәжірибелі аналар өз үйлерінен шашу ретінде бір-бір дәм пісіріп әкеледі. Арқада дастарқан жайып, қонақ шақыру салты бар, – дейді «Алтын алқа» төсбелгісінің иегері, Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Аналар кеңесінің мүшесі Айнагүл Хамитова.

Жерік әйелдің құрметіне жасалатын құрсақ той жөнінде «Халық қаһарманы» Бауыржан Момышұлының келіні, қазақы дәстүрді насихаттаушы Зейнеп Ахметова «Күретамыр» кітабында тоқталыпты. «Ұрпақ қамын ойлаған көргенді ене арнайы дастарқан жайып, ауылдағы әйелдерді дәстүрлі қонаққа шақырады. Шақырылған әйелдер құр қол келмейді, әрқайсы өз үйлерінен әртүрлі тағам әкеледі. Ондағы мақсат – келіннің жерік асын табуға жәрдемдесу. Құрсақ шашудың негізгі мәні де, мақсаты да осында жатыр. Өйткені, бойына алғаш бала біткен тәжірибесіз жас келіншек бұрын-сонды өзінде болмаған сезім түйсіктерді басынан кешеді. Көңілінің неменеге соғып тұрғанын, тәбетінің қандай асқа ауатынын дөп басып айта алмай, не екенін анық түсінбей аласұрып қиналады. Осы бір аса жауапты кезеңде ақыл-кеңес айтып, жерігін табуға көмектесіп, мейірім таныту сауабы мол қасиетті іс саналады.

…Аяғы ауыр әйелдің жұбайы аң атпайды, тұзақ құрмайды, қармақ салмайды, яғни, жандыға әдейілеп зиянын тигізбейді. Іштегі балаға кесір болады дейді.

Дәрия әже қазақ нанымында жүкті әйелге тиым салатын көптеген ырымдардың бар екенін, бірнешеуіне өзі де куә болғанын айтады. Бала көтерген әйел жүкті кезінде итке «кет» деуіне болмайды екен. Бұл толғақты ауырлатуы мүмкін. Арқан есуге де болмайды. Босанар үстінде бала кіндігіне оралып қалады. Керісінше жабулы заттарды ашып, буулы нәрселерді шешуі керек. Түйе етін жегізбейтін себебі, жүкті келіншек баласын 9 ай емес, 12 ай көтеруі мүмкін. Алайда, дәрігерлер қауымы бұл пікірмен келіспейді.

– Түйе сүтін ішіп, етін жеген жүкті әйелдің баланы мерзімінен ұзақ көтеретіні жайлы, оны жою үшін түйенің үстінен аттату ырымы бар. Бірақ, бұл ғылыми түрде дәлелденбеген. Егер жүкті келіншектің мерзімі 41 аптаға жетсе, дереу перзентханаға жіберу керек. Өйткені, бала өсіп кетеді де, кейін босану қиынға түседі. Мерзімінен асып кеткен әйелдерді арнайы дәрідәрмек салу арқылы босандыру медицинада бар, – дейді мамандар.

Қазіргі таңда жүкті әйелдер көбіне қызанақ пен тұздалған қиярға жерік болады. Кейде жанармай, спирт, бояу секілді өткір иісті, зиянды заттардың иісіне, топырақ, борға құмарлығы оянған келіншектер де кездеседі. Дәрігерлердің айтуынша, жерігі басылсын деп кез келгенді иіскетіп-жегізген дұрыс емес. Оның орнын дәрумендермен алмастыру қажет. Оны медицина да растайды.

Аяулым СОВЕТ.

Басқа материалдар

Back to top button