АймақШет

Қаламгер – құрмет құшағында

Елбасы «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласында «Ұлы Даланың ұлы есімдерін ұлықтау керек» деген еді. Осыған орай еліміздің әр аймағында елге еңбегі сіңген айтулы тұлғалардың мерейтойлары өткізіліп келеді. Күні кеше Шет ауданы, Ақадыр кентінде Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, белгілі жазушы Өмір КӘРІПҰЛЫНЫҢ 80 жас мерейтойына арналған шығармашылық кеш өтті.

Қазақ әдебиетіне қомақты олжа салған қаламгерлердің қатарында қасиетті Шет өңірі түлеткен таланттардың шоғыры бір төбе деуге болады. Текті тұлғалар түлеп ұшқан тұғырлы өлкеден шыққан Жүсіп Алтайбаев, Әуезхан Көшімов, Софы Сматаев, Рымқұл Сүлейменов, Кәмел Жүністегі сынды жазушылардың есімі алыс-жақынға кеңінен таныс. Солардың ішінде дарынды жазушы, ұлттық әдебиеттің көкжиегін кеңейтуге сүбелі үлес қосқан Өмір Кәріпұлының да шоқтығы биік. Қаламгер ұлттық рух, елдік мүддені арқау еткен еңбектерімен жұртшылыққа жақсы таныс.

Ақадыр кенті Ш.Бейсекқызы атындағы Мәдениет үйінде өткен тағылымды кеш «Өмірі ғибратқа толы қаламгер» деп аталды. Кеш басталысымен жазушының өнегелі өмір жолынан сыр шерткен деректі фильм көрсетіліп, кеш иесі сахнаға шақырылды. Осы тұста айта кету керек, еліміздегі енгізілген шектеулерге байланысты кешке жиырмаға жуық адам әлеуметтік ара қашықтықты сақтай отырып қатысты.

Жазушы Төрехан Майбастың құттықтау сөзімен шығармашылық кештің шымылдығы түріліп, айтыскер ақын Аңсар Ақпаровтың арнауымен жалғасты.

Одан әрі сахна төріне «Saryarqa aqparat» медиахолдингінің директоры Қамбар Ахмет көтеріліп, облыс әкімі Жеңіс Қасымбектің мерейтой иесіне құттықтау хатын оқып, марапатын табыс етті.

«Сіз қарымды қаламгер, дарынды жазушы, кемел талант иесі ретінде төл әдебиетіміздің түлеп, көкжиегінің кеңеюіне сүбелі үлес қосқан жансыз. Осы жылдар аралығында шығармашылықпен риясыз айналысып, көптеген жауһар туындыларды дүниеге әкелдіңіз. Қарымды қаламыңыздан туған «Сарыбел сазы», «Атасының баласы», «Есік тоған», «Бұрқақ», «Тайталас», «Серілер мен перілер» атты прозалық жинақтарыңыз қазақ әдебиетінің қымбат қазынасына айналды. Көркем туындыларыңызға алыстағы ауылдардың қоңыр тіршілігін, туған жердің өзіндік келбетін арқау еттіңіз. Қаламыңыздан туған әр шығармаңызда ұлттық рух пен елдік мүдде айқын көрініс тапты. Атақоныстан тапжылмай, ауыл адамдарының арманы мен аңсарын, сағынышын, махаббатын шырайлы шығармаларыңызға өзек етіп келесіз. Сондықтан да, еңбектеріңіз елмен етене» деген ыстық ықыласқа толы аймақ басшысының құттықтауын жеткізген Қамбар Жұмағалиұлы ақсақалға медиахолдинг тарапынан да сыйсияпат жасады. Сонымен қатар, ҚР Парламенті Сенатының депутаты Рысқали Әбдікеровтің бейнеқұттықтауы арнайы экран арқылы көрсетілді. Шет ауданының әкімі Мұхит Мұхтаров ақжарма тілегін жеткізді.

– Егемен еліміздің әдебиеті мен мәдениетінің өркендеуіне өлшеусіз үлес қосып, оқырманның шынайы құрметіне бөленген өзіңізді аса көрнекті жазушы ретінде қадірлейміз. Елдікті арқау еткен туындыларыңыз жас ұрпақты елі мен жерін сүюге тәрбиелеуде алар орны ерекше. Ұлт руханиятына қосып жатқан қажырлы еңбегіңізге толағай табыс тілейміз, – деді аудан әкімі.

Мерейтой иесіне Қазақстан Жазушылар одағының құттықтау хаты мен ыстық ықыласын жеткізуге арнайы келген халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Ғалым Жайлыбай және Құрметті металлург Қуаныш Омашұлы, көрнекті жазушы Кәмел Жүністегі, Шет аудандық мәслихатының хатшысы Бәкен Төлеуқұлов, Шет ауданы әкімінің орынбасары Азамат Әбілдин әдебиет майталманын сеңгірлі 80 жасымен құттықтап, қазақты дәстүрмен иығына шапан жапты. Кеш қонағы, белгілі меценат Айбол Бидайбеков, Жаңаарқа ауданынан келген әдебиеттанушы Марат Абдраймов жылы лебіздерін арнады. Кенттегі мектеп оқушылары онлайн байланыс арқылы жолдаған құттықтаулар да тамашаланды. Мұның бәрі елдің жазушыға деген сарқылмас ықыласы, қажырлы еңбегіне деген лайықты бағасы деп білдік.

Кеш соңы Күлән Мұсанқызы мен «Руханият» вокалдық тобының орындауындағы Өмір Кәріпұлының сөзіне жазылған сазгер Ысқақ Тәукейдің әсем әнімен түйінделді. 

Думан ҚАБЫЛ.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button