Ресми

«Қалыптан шықпаған, халықтың қамын ойлаған»

Өмiрдiң маңызды мәселелерiн көтеріп, мемлекеттiк органдардың халық алдындағы жауапкершілігiн көтеру жөнiнде ұсыныстар мен ұсынымдар тұжырымдайтын, iшкі және сыртқы саясаттың негiзгi бағыттарын айқындайтын Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің төртінші отырысы өтті. Құрылғанына бір жылдан астам уақыт өткен кеңестің кезекті отырысында өзекті мәселелер бұл жолы бетпе-бет емес, онлайн-форматта талқыланды. Күн тәртібінде көтерілген проблемалар қатарында мемлекеттік басқаруды реформалау, әлеуметтік және экологиялық мәселелер, балалардың құқықтары, ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қолдау тәрізді өзекті дүниелер бар.

Президент кеңесшісі Ерлан Қариннің айтуынша, кеңесте келісілгендердің барлығы жүзеге асуда. Соның бір мысалы, саяси реформалар жөніндегі топтың ұсынысымен 7 заң қабылданған. Бұл заңдар көппартиялы жүйенің дамуына, жастар мен әйелдерді өкілетті билік органдарына белсенді тартуға, адам құқығын қорғауға септігін тигізеді. Ал, үшінші отырыста айтылған білім және денсаулық сақтау салаларын жетілдіру бойынша ұсынылған бастамалардың басым бөлігі жүзеге асқан.

– Бакалавриат студенттердің шәкіртақысы 60%-ға, докторанттардыкі 46%-ға, профессорлық-оқытушылық құрамның еңбекақысы 2019 жылмен салыстырғанда 29%-ға өсті, – дейді Ерлан Тынымбайұлы.

Кеңес отырысына қатысқан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл құрылым қоғамның сенімін ақтай алатынын дәлелдегенін айтады.

Ұлттық кеңес мүшелері төртінші отырысқа маңызды ұсыныстар дайындаған екен. Парламент Сенаты аппараты басшысының орынбасары Максим Споткай «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деген тәмсіл жүзеге асуы үшін ауыл әкімдерін сайлау жалпыға бірдей, жасырын өткізілуі керектігін айтады.

Осы орайда Президент «Ауыл әкімдерін сайлау әрі қарай жүзеге асуы керек, алайда оны жүзеге асырамыз деп асығыстық, науқаншылдық танытпауымыз керек. Қазақстанның саяси трансформациясы бір сәттік, популистік акция емес, бұл реформа мағынасы жағынан стратегиялық сипатқа ие» дейді.

Ұлттық кеңес аясында қаралған тағы бір мәселе – ішкі көші-қон. Төрт жыл қатарынан жүзеге асырылып келе жатқан солтүстікке көшіру арнайы бағдарламасы арқылы 4 мыңға жуық отбасы көшкен. Қасым-Жомарт Кемелұлы оларға берілетін жәрдемақы көлемін екі есеге ұлғайтуды тапсырды.

Одан бөлек, еліміздің ерекшеліктері ескерілмей жасалған жобалардан бас тартуға шақырды Максим Споткай.

– Өзге елдердің ұлттық жобаларын қабылдаудан бас тартуымыз керек. Мұндай жобалар сәтсіз болады. Жобалар жабық есік жағдайында дайындалмай, оған тәуелсіз сарапшылар, тіпті, жастар да атсалысуы тиіс, әрі барлық саланы қамтығаны жөн, – дейді Максим Александрович. Бұдан бөлек, қазақ тілін этносаралық тіл ретінде дамыту үшін арнайы жоба дайындау керектігін де алға тартты ол.

Кеңесте айтылған ұсыныстар қатарында адам құқығы, интернет арқылы өтініш беру механизмдері, ақпаратқа қолжетімділік тәрізді күнделікті өмірде кездесетін мәселелер де ұмыт қалмады.

Экономикалық жаңғыру бойынша жұмыс тобының атынан сөз алған Арман Қашқымбеков экономиканы экологиядан бөліп қарауға болмайтынына тоқталды. Яғни, экотуризм, экобілім, жануарды қорғау, қаладағы ауа тазалығы, зиянды заттың атомосфераға шығарылуы – ұсыныстардың негізгі өзегі.

Әлеуметтік жаңғыру бойынша жұмыс тобының мүшесі Ләззат Қожахметова гендерлік мәселені көтеріп, әйелдерге ерлермен тең мүмкіндік берілу керек дейді. Себебі, індет жағдайында халықтың әлеуметтік тұрмысы ушығып, несие мен жоқшылықтың қамытын киген отбасылар көбейген. Ал, оның салдары зорлық-зомбылықтың күшеюіне әкелген. Төтенше жағдай кезінде аймақтардағы Дағдарыс орталықтары үйінен қашып шыққан әйелдер мен балалардан ПЦР тест қортындысын талап еткен. Тіпті, әйелдер зорлыққа ұшыраса, қайда жүгінуге болатындығынан хабарсыз.

– Коронавирустың екінші кезеңінде бала мен ананы уақытша паналататын дағдарыс орталықтарында орын көбейтіліп, қабылдау шарттары жеңілдетілгені жөн, – деген Ләззат Таймырқызы пандемия кезінде зорлыққа ұшыраған аналар тарапынан балаларын уақытша тапсыратын бөбекжайлар мен апталық балабақшаларға сұраныс көп болғанын, себебі оларда паналайтын жер жоқ, тамақ тауып бере алмайды, дағдарыс орталықтары қабылдайтын баланың жасына шектеу қойылғанын айтады.

Ләззат Қожахметова «Халық консультациядан кенде емес, нақты көмек керек» дейді. Бұлай деуіне мемлекеттік тапсырыс негізінде көп балалы отбасыларды қолдайтын «Бақытты отбасы – Жанұя» орталықтары бюджеттен бөлінген миллиондаған қаражатқа тек консультация берумен шектеліп отырғандығы.

Көп балалы отбасыларға берілетін қайтарымсыз грант санының аздығы, тұрғын үй проблемасы, коммуналдық төлемнің қымбаттауы, жастарды жұмыспен қамту, несие шырмауында қалған осал топтар тәрізді күнделікті кездесетін, бірақ қоғамның тұрақты дамуына тікелей әсері бар қадау-қадау мәселелерді алға тартып, «Әйел тұлға ретінде қалыптасқан қоғамда отбасыға, бала тәрбиесіне, мемлекеттің дамуына орасан зор мүмкіндіктер ашылады. Әлеуметтік жағдайды жақсартамыз десек, ана мен баланың денсаулығы мен білімі басты назарда болуы керек» деп түйіндеді сөзін.

Рухани жаңғыру бойынша жұмыс тобының мүшесі Асхат Садырбай мемлекеттік тілдің интернеттегі репрезентациясына назар аударды. «Кейбір мемлекеттік органдар мен квазимемлекеттік мекемелер интернет сайттарының қазақша нұсқасына басымдық бермейді, әлеуметтік парақшасында да қазақша жазуға келгенде құлықсыз» дейді ол. Интернеттегі тіл мәселесіне қатысты талап қойылса, тілдің қолданылу аясы кеңіп, ана тілінің дамуына оң әсер етеді дегенді де алға тартты.

Асхат Садырбай айтқан ұсыныстарда мүмкіндігі шектеулі жандар да ұмыт қалған жоқ. «Егер біз халық үшін қызмет етсек, сол халықтың бір бөлігі саналатын мүмкіндігі шектеулі жандарды да ескеруіміз қажет» дейді ол.

Ұлттық кеңестің төртінші отырысында Қасым-Жомарт Кемелұлы біраз мәселенің түйінін тарқатты. «Біз өз қызметімізде, ең алдымен, қарапайым азаматтардың сұранысы мен мұң-мұқтажын басшылыққа алуымыз керек. Халықтан жоғары және халықтан биік тұрған ешкім де, ештеңе де жоқ» дей келе, жер және оны тиімді пайдалану, мемлекеттік құрылымдардың ашықтығы, квазимемлекеттік секторды оңтайландыру, әлеуметтік, құқықтық мәселелер және одан бөлек маңызды дүниелерге тапсырма берді.

– Билік мемлекет дамуына, болашағына пайдасы тиетін кез келген оң өзгерістерге дайын. Ұлттық кеңес осындай жұмыста маңызды рөл атқаруы керек. Өздеріңіз көріп отырсыздар, бұл жерде ел мен жер тағдырына қатысты аса маңызды, күрделі мәселелер ашық талқыланды, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Салтанат ІЛИЯШ.

Басқа материалдар

Back to top button