Жаңалықтар

«ЖЕР, ЖЕР және ЖЕР!» немесе шекара шегенделген күн

Қазақстан әлем бойынша жер көлемінен 9 орыннан көрінсе, дәл бүгін (24 тамыз) Қазақ шекарасының бекітілгеніне жүз жыл толып отыр. Оның басында Әлихан Бөкейхан, Әлімхан Ермеков, Ахмет Байтұрсынұлы, тағы басқа Алаш арыстары тұрғаны белгілі. Атаулы датаға байланысты Қарағанды облысының Рухани жаңғыру өңірлік жобалық кеңсесі мен академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті ұйымдастыруымен республикалық конференция онлайн режимде өтті.

«Қазақ автономиялы кеңестік социалистік республикасы» туралы тарихи декреттің қабылданғанына 100 жыл! Жер тұтастығына тұтқа болған қайраткерлер» атты конференцияны аталған өңірлік кеңсенің жетекшісі, филология ғылымдарының кандидаты, ақын Айтбай Жұмағұлов тізгіндеп, алғашқы сөзді облыс әкімінің орынбасары Абзал НҮКЕНОВ ұштады.

«Биыл Қазақ автономиялы кеңестік социалистік республиканың құрылғанына және қазақ жерінің шекаралық аумағының бекітілгеніне 100 жыл толып отыр. Алаш арыстары құрған Қазақ автономиялы кеңестік республикасы бүгінгі Тәуелсіздігімізге негіз болды десек, артық емес. Сол кезде Алаш арыстарының қайраткерлігі арқасында келген осы шекарамыз кейін тәуелсіз Қазақстан Республикасының тууына бірден бір себепкер болды. Бүгінгі шекараның бекуіне, оның шектерінің анықталуына бірден бір негіз болды десек, қателесе қоймаспыз. Осындай айтулы датаға байланысты ұйымдастырылған конференцияға қатысушы барлық азаматқа рахмет айтқым келеді» деді Абзал Нүкенұлы.

Небір астарлы әңгіменің тиегін ағытқан тарих ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА академигі, алаштанушы ғалым Мәмбет Қойгелді: «Біріншіден, бұл конференцияның Қарағандыда өтіп жатқаны өте орынды. Жаңа әкімнің орынбасары да айтып кетті. Қарағанды облысы Алаш қозғалысында өзіндік орынға ие. 1905 жылы Қарқаралы петициясы Қарқаралыда, Қарағандыда жазылды. Әлихан мен Әлімханның, Ақбайдың Жақыбының отаны! Мен тақырыпты «Қазақ ұлт-азаттық қозғалысы және советтердің құрылтай сиезі» деп қойған болар едім. «1926 жылы қазанда Орынборда құрылған өкімет пен қазақ ұлт-азаттық қозғалысының арақатынасы қандай?» деген сұрақ бар. Мәселен, біз үшін маңызы жағынан бірінші кезекте 1905 жылдан бастап қарқын алған қазақ ұлт-азаттық қозғалысы тұр ма, жоқ әлде жалпы империялық өзгерістерге алып келген орыс революциялық қозғалысы тұр ма? Бұл өте маңызды! Бұл екеуі альтернативалық құбылыстар. Екінші, ресейлік революциялық өзгерістер нәтижесінде өмірге келген Қазақ АССР аталатын мемлекеттік басқаруға бүгінгі көзқарас қандай болуы керек? Біз санамызда қатып қалған мифтерден құтылмай түк те болмайды. Совет үкіметі қазақ халқына мемлекеттік автономия бергендігі туралы миф, бірінші. Бұл қандай автономия? Екінші миф: совет үкіметі ол автономияның шекарасын анықтады дейміз. Совет үкіметі анықтады ма, жоқ басқа күштер себепші болды ма? Ойлану керек! Үшінші, осыларды жүзеге асыруда Лениннің рөлі. Оны асыра бағалаудың қажеті жоқ! Осы үш мифтік түсініктен арылуымыз керек!»

Алаштанушы ғалым Тұрсын Жұртбай: «Әр ауылдың картасы болу керек. Жердің төл аттарын қайтару керек. Астананың өзінде «Лесная поляна» дейді жаңадан салынып жатқан ауданды. Бұрын солай аталып па еді? Жер туралы реформа болмаса, тәуелсіздікте де береке болмайды. Территориялық заңды бірінші орында жүзеге асыру керек. Өзгені былай қойшы, өткенде Іленің бойындағы Шоқан жазып кеткен, ел жоңғарлардың пұтханасы дейтін ежелгі суреттер қашалған жартасты көрдім. Сол таудың басына алтынмен крест салып кетіпті үлкен қылып. Қоршаған ортаны қорғайтын құзырлы орындар қайда? Бүйте берсек, енді бес жылда Бурабайдағы Жұмбақтастың да түгі қалмайды. Жерді, оның қасиетін қорғайтын заңсыз болмайды!

Жер, жер, Алаш, Алаш деп жүре берсек, мұндай шаруаны тездетіп ұйымдастырмасақ, ұрпағымыз далада қалады»

Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, ҚР ҰҒА корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор Дихан Қамзабекұлы Алаш арысы Смағұл Сәдуақасұлының еңбегі туралы сөйледі.

Филология ғылымының докторы, алаштанушы, ғалым Айгүл Ісмақова: «Қаншама соғыстардан кейін Әлихан бастаған Алаш элитасы конститутциялық ғылыми негізде шегендеп кеткен жерде, Аллаға шүкір, біз отырмыз. Әрбір экспедицияда жүргенде кез келген тау, төбені «мынау ана қазақ халқының мынадай руының қонысы, тарихи атауы былай» деп дәлелдеп берген. Біз мұны мақтан тұтуымыз керек. Алаш арыстарынан қалған ұлтқа қызмет ету, адал болуды, саяси күштердің ықпалына ұлт мүддесі үшін кіріп, оны пайдалана білу, елге ақысыз қызмет етуді сіңіру керек ұрпақ бойына. Саяси жолда өздерін интеллект тұрғысынан мойындатып, ың-шыңсыз жерді бөліп алғанын үнемі насихаттауымыз тиіс.

Мәселен, Әлиханның анасы қандай адам болды, оның анасын неге ұлт анасы ретінде ұлықтамасқа? Шет ауданында Қармыс деген ауылда Ағыбай батыр анасының басын жылқылар таптап жатыр екен»

Ахмет Аққали: «Шекараны шегендеген тұлғалар» атты баяндамасында «қазақ шекарасын белгілеуде Уалитхан Танашев, Мұстафа Көкебаев жөнінде көп айтылмайды. Қазақстанның Батыс өңірін шегендеудегі еңбектері зор» деді.

Жәнібек ӘЛИМАН.

Басқа материалдар

Back to top button