24. Саран автобусына сұраныс бар
Қарағандылықтар да, қонақтар да байқаған шығар, облыс орталығындағы №02, №13 бағыттарда қос есікті жасыл автобустар зырылдап жүр. Міне, әдеттегіден қысқа осы автобустар Сарандағы «QazTehna» автобус жасау зауытында құрастырылып жатқанын біреу білсе, біреу білмес. Бұрынғы РТБ зауыты аумағында орналасқан кәсіпорын былтыр ашылды. Қазір төрт түрлі автобус өндірісін қолға алып отыр. Және бұларға қойылған қозғалтқыштар да әрқилы отынды тұтынады…
МАҚСАТ – ОТАНДЫҚ АВТОПАРКТІ ЖАҢАРТУ
Автобус жасау зауыты – Индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында жүзеге асқан жоба. Бір бөлігін «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ қаржыландырды. Яғни, құны 11,9 млрд. теңге болатын жобаға қор 6,2 млрд. теңге құйды. 5 пайызбен берілген бұл несие 10 жылда қайтуы тиіс. Ал, 5,7 млрд. теңге – инвестордың үлесі
Зауытта қытайлық Yutong маркалы автобустар құрастырылады. Былтырғы жылдың желтоқсанындағы мәлімет бойынша, компания Қазақстан автопарктеріне 3389 автобус сатыпты. Ал, «QazTehna-ның» іске қосылуымен бұл көрсеткіш арта түскені сөзсіз. Өндірістік бөлім бастығы Асқар Алшымбаев атап өткендей, зауытта төрт түрлі автобус құрастырылады. Автобустар көлеміне қарай ажыратылады. Ұзындықтары 8,5 метрден 12 метрге дейін барады. Қозғалтқыштардың тұтынатын отыны да әртүрлі. Бірі – дизельмен, бірі – газ
бен, бірі электрмен жүреді. Газ, дизельмен қатар, тұтынушылар тарапынан электр қозғалтқыштарға да сұраныс баршылық екен. Себебі, шығыны төмен.
– Қазір әлемде ауаға шығатын көміртегін азайту бойынша бастама көтеріліп жатыр. Біздің электр қозғалтқыштар жаһандық талаптарға бар қырынан сай келеді. 12 метрлік автобусқа қойылатын батареяның күші 575 шақырымға жетіп артылады. Үш есікті бұл автобустарға 103 адам сияды. Және дизельге қарағанда шығыны 5 есе кем. Қарағанды үшін таптырмас көлік деп ойлаймын, – дейді Асқар Алшымбаев.
Тағы бір айтып өтер батареялар 4 сағатта толық қуат алып үлгереді. Қазақстанда басқа техникамен бірге қоғамдық көлік те тозып кеткені белгілі. Кәсіпорын ел автопаркін жаңартуға үлес қоспақ. Келешекте қоғамдық көлікпен қатар, жол құрылысы, карьерге қажет техниканы шығаруға күш салады. Мәселен, карьерге арналған самосвалдардың 40 және 60 тонна көтеретін модельдерін құрастыру жоспарда бар. Бір қызығы 60 тонналық самосвалға электр моторы орнатылады. Батарея әлсірегенде қосымша генератордан күш алады.
«Дизельді көлікке қарағанда батареяны қуаттандыру шығыны айтарлықтай аз», – дейді мамандар. Қазір бұл көліктердің Қытайдан алдырылған бірнешеуі отандық кен орындарда сынақтан өтуде. Егер, кеншілер көңілінен шықса, зауыт «толағайларды» құрастырумен мықтап айналысады.
АВТОБУС ҚҰРАУДА ШЕБЕРЛІК ҚАЖЕТ
Зауытқа бөлшектер Қытайдан жеткізіледі. Біздікілер құрастырады. Құрастырудың да бірнеше тәсілі бар. Техника тілінде DKD, SKD және CKD деп бөледі. Саранда – DKD мен CKD. DKD-міз – жартылай жиналған бөліктерді құрастыру. Яғни, мұнда қозғалтқыш, берілістерді ауыстыру қорабы, шанақ, білік сынды бөліктер даяр келеді. Сіз бөліктерді орын-орнымен бекітіп шықсаңыз болғаны. Әрі ұзаса, қырық шақты бөлік болады. Бұл әдісті кәсіпорын былтырғы жылдың соңынан қолданып келеді. Ал, CKD – күрделі тәсіл. Зауыт жұмыскерлері биылғы маусымнан бастап игеріп әкетті. Бөлшектер саны 5 мыңға дейін жетеді. Қазір сарандық зауыт Қытайдан жеткізілуіне қарай екі әдісті де қолданып отыр. Автобус қорабы дәнекерлеу цехында құралады. Қорапты құрау жұмыстары 8 кезеңде жүргізіледі. Кондуктор деп аталатын жолақ 12 метрлік автобусты құрауға мүмкіндік береді. Дәнекерлеушілер кондуктордың басынан кірген қаңқаға 8 кезең ішінде еденін, қапталдары мен төбесін бекітеді.
– Дәнекерлеу барысында металды қыздырып отырамыз, – дейді дәнекерлеу цехының шебері Евгений Терий.
– Қызған металдың бекітпесі сапалы шығады. Әйтпесе, біраздан кейін сынып кетуі мүмкін. Дәнекерлеу цехынан шыққан қорап тексеріліп, бояу цехына жөнелтеді. Бояу цехында 4 құрғату, 3 бояужәне 3 тегістеу-жылтырату камералары бар. Міне, осы цехта әдемі кейіпке енген қорап құрастыру цехында шанаққа тұрады. Қозғалтқыш сынды бөліктері орнатылады. Рулі, орындықтары, қысқасы, ішкі интерьері де жабдықталады. Отандық өнеркәсіп отандық шикізатты тұтынуы керек деген талап бар. Аккумулятор, шина сияқты керек-жарақты қазақстандық өндірушілерден сатып алады. Толық құрастырылған автобус бірнеше тексеріс түрінен өтеді. Бұл үшін арнайы жабдықталған ғимарат қарастырылған. Тежегіші, жарық шамдары, білікке түсетін қысым, ауаға шығаратын газ мөлшері егжей-тегжейлі сыналады. Желдің, судың ішке өтпеуін қадағалайды. Еденнен су өтпеуін тексеретін арнайы хауыз қазылған. Ішіне 40 см деңгейінде су құйылған. Автобус осы сумен сағатына 25 шақырым жылдамдықпен жүріп өтеді. Арғы жағаға шыққанда зертханашылар автобустың іші-сыртын түгел қарайды. Жаңбырға да төзімділігі тексеріледі. Бұл мақсатта қос қапталынан, жоғарыдан су шашатын гаражға кіргізіледі. Яғни, әбден тексеріліп, оң баға алған көлік қана тұтынушыға жол тартады.
ЗАУЫТПЕН КЕЛГЕН ӨЗГЕРІС
Зауытта кадр тапшылығы жоқ. Бас директордың орынбасары Ермек Омаров маман дайындауға айрықша көңіл бөлінетінін атап өтті.
– Қазір облыс бойынша жеті колледжбен дуальді білім беру жөнінде келісім жасалды. Оның екеуі Саранда орналасқан. Студенттер зауытқа келіп, теориядағы білімін тәжірибемен ұштастыра алады. Өндірістік тәжірибеге келетіндер де баршылық. Біз өзімізге келіп жүрген студенттер арасынан үздіктерін зауытқа жұмысқа тартуға тырысамыз, – дейді Ермек Омаров.
Алдағы жылы кәсіпорынның корпоративтік университеті ашылады. Мұнда қызметкерлердің санатын көтеру, өндіріс басшыларын дайындау, өндірістік бағыттар бойынша кадрлар даярлау шаралары жүзеге асырылады. Бүгінде зауытта 400 адам еңбек етеді. Ұжымның 70 пайызы – Саран тұрғындары. Тоқырау жылдары тұралап, кейін тоз-тозы шыққан зауыт тамырына қайта қан жүгіргендей. Зауытпен бірге Саран өміріне де елеулі өзгеріс жетті. Кәсіпорын әбден күшейгенде іргеде қараусыз тұрған үйлерді қалпына келтіріп, жұмыскерлерге беруі де мүмкін. Әрине, уақыт қажет…
Кәсіпорынның әкімшілік ғимаратының қабырғасына Әлихан Бөкейханның мақаласынан үзінді келтіріпті. «Соқасыз, шалғысыз, машинасыз қазақ болмайды. Көп земство қосылып, күрмеліп, союз болып завод ашпақ. Керек-жарақты осы заводта істетпек». Иә, Әлекең айтқан зауытқа біз әлі де мұқтажбыз. Саран зауыты жылына 1200 көлік шығаруға қауқарлы. Қазір, тек, автобус құрастырып отыр. Ал, келешекте жоғарыда айтып өткен арнайы техниканы шығаруға бел буа кіріспек. Мақсат – отандық автопаркті толық жаңартып болған соң экспортқа шығу. Әзірге, Өзбекстан, Ресей, ЕАЭО құрамындағы өзге де елдермен келіссөздер жүргізілуде.
СУРЕТТЕРДЕ:
- «QazTehnа» құрастырған автобустар.
- Өндірістік тәжірибеге келген Қарағанды политехникалық колледжінің студенттері.
- Автобус қорабы құрастырылуда.
Нұрқанат ҚАНАПИЯ.