Тұлға

Даланы сүйген дархан жүрек

…«Атаңнан айырылып қалдық…». Мына жарық әлем әп-сәтте қара түске боялған секілді. Төбемнен жай түскендей, есеңгіреп қалдым. Кеудеме өксік тығылып, бетімді жас жуды. Қабырғам сөгіліп, қанатым қырқылды.

Ертеңгі таңым енді атпайтындай. Ат мініп, атой салған сайын даласы да иесіз, киесіз жетімсіреп тұр. Өзі де ажалмен арпалысып жүрген әжеме мына қаралы оқиға жығылғанға жұдырық болды. Құдай қосқан қосағынан айырылған сондағы жағдайын түсінер кім бар?! Қайтейін, осы оқиғадан кейін жеті айдан соң әжем де бақиға аттанды. Жетістігіме балаша қуанып, сүйіншілеп жүруші еді олар. Әр қадамыма дұға жасап, жігер беріп, қанат бітіріп отыратын. Маңдайымнан иіскеп, құшағына қапсыра қысқан күндерден тек жылы естеліктер ғана қалды. Ал, естеліктермен өмір сүру қандай қиын?! Қос тіреуімнен бірдей мәңгі айырылдым да қалдым. Уақыт шіркін, бір орнында тұрмайды деген осы екен ғой. Атам Ерболат Башарұлының бұл фәнимен қоштасқанына да міне, бір жыл толыпты.

***

Атам 1947 жылдың 11 наурызында Ақтоғай ауданы, Қусақ округінде дүниеге келді. 1955 жылы Кенелідегі бастауыш мектеп табалдырығын аттап, 1966 жылы аудандағы М.Горький атындағы 11 жылдық мектепті тәмамдаған. Осы жылдың қыркүйек айынан бастап, Ақтоғай совхозының №3 Кенелі бөлімшесінде есепші болып еңбек жолын бастады. Біраз жылдар осы салада қызмет істегеннен кейін, 1970 жылы Комсомолдық жолдамамен мал шаруашылығына келді. КПСС партия қатарына мүшелікке өтіп, елеулі еңбегі үшін «Еңбек жеңімпаздары» медалімен марапатталған. Содан, 1974 жылдың қазан айынан бастап Айыртас қыстағындағы «Құрдастар» комсомол жастар бригадасына жетекші етіп тағайындалады. Ал, 1995 жылы шаруа қожалықтар жекешелене бастағаннан кейін, атам өз алдына «Башар» шаруа қожалығын құрды. Айыртасқа келген сонау жылдардан бастап өмірінің соңына дейін әжем Бану Әбілқанқызы екеуі киелі мекеннің, киелі шаңырақтың түтінін түтетіп, абыройлы еңбек етті. Көкесінің қалтасын толтырып, алдында құрдай жорғалаған бәз біреулер секілді емес, қызу қанды, намысшыл еді. Әділдікті талап етіп, төрдегі есікті теуіп кіретін.

Ес біліп, еңбекке араласқаннан бері қатарластарының алды болды. Совхоздың бөліп берген екі отар қойын қақаған қыстан, аты жаман мал ауруы мен өлімнен аман сақтап, қосқостан төлдеткен. Жылдағы тапсыратын өнімін көрсетілген өз мөлшерінен екі есе орындаған атамның ептілігі мен шеберлігін үкімет сөзсіз мойындапты. Соның нәтижесінде, ВЛКСМ «Алтын колос», бірнеше мәрте «Еңбек жеңімпаздары», БЛКЖО ОК-ның қола медальдарымен қатар, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» орденімен марапаттаған. Қазақ КССР министрлер кеңесінің қаулысымен «Мал шаруашылығының шебері» атағы да берілген. Партия конференциясына делегат, совхоз еңбек коллективі советтік председателі және облыстық сайлау комиссиясының мүшесі болып сайланған. 1979-1980 жылы жоғарғы тараптың шешімімен Мәскеуге ВДНХ көрмесіне де барған.

Атам өзі әңгімеге жетік. Қай жерге бармасын, көптің назары өзінде еді. Жиналған қауым айтқан әңгімелерін ұйып тыңдаудан жалықпайтын. Сонау жыраулардан бастап, берідегі шоқтығы биік ақын-жазушыларға дейінгі кезеңді сұраған жеріңнен жаңылмай жалғастырып кете беретін. Ақ Орда, Алтын Орда дәуірінен, барлық хан, болыстардың тарихи оқиғаларын мүдірмей суреттеп беруші еді. «Өзіңіз тек қалаға бармай қалғансыз. Онда барсаңыз дөкөй қызметкер болушы едіңіз» – деп қылжақтаған жандарды да көз көрді, құлақ естіді. Содан да болса керек, атамды «Дала академигі», «Дала профессоры», «Дала данышпаны» деп, әр лауазымның алдына «дала» сөзін жалғап айтатын.

Қос Айыртас тауын атпен бір айналып өтпесе көңілі көншімеуші еді. Өмірінің соңына дейін де аттан түскен емес. Сайын даланың самалына бетін сүйдіріп, құшағында өскен адал перзентінен айырылған табиғат ана да жалғанға өкпесін білдіргендей, қаралы күні қайғыра көңіл айтты.

***

Жедел жәрдем алып кететін түні атам көліктің есігі жабылғанша маған ұзақ қарап тұрып алды. Жабырқаулы күйде кетіп бара жатқанда көңілін түсірмей, тек жақсы тілектер айтып, шығарып салған едік. Енді кейінірек ойланып қарасам, ішіндегі аласапыранды көздерімен айтып тұрған екен ғой. Сол көздердің артында мұң мен қимастық, махаббат пен үміт жатыр екен. «Шаңырағыма қайта ораламын ба?» деген күдікті ойын сол кезде көздерінен ұға алғанымда ғой…

Ертесіне суық хабар жетті. Ел қара жамылды. Қасқайып тұрған қос Айыртас тауы шөкті, дарабозым кетті деп. Абыз дала да егілді. Ұшқан құс пен жүгірген аң да маза таппай үн қосып, жоқтау айтуда. Көзімнен аққан жасқа жаңбыр келіп қосылып, қайғыма ол да ортақтасып тұрғандай…

Міне, содан бері бір жылым – өзіңсіз өтті. Дауылмен дауылша алысып, бөрімен бөріше таласып өмірің өтті-ау. Ұл-қызыңды өсіріп, жеткізіп, енді қызығын көремін дегенде, мына жалғанның опасыздығын қарашы. Немере, шөберемнің қолынан су ішемін деп жүр едің… Мезгілсіз дүние салдың. Өзегімді бір алапат өртеп барады…

Мына өмірде ештеңе мәңгі емесі анық. Дегенмен, асылыңды қимайды екенсің. Не де болса көндік! Артыңнан қалған ұрпақтарыңды әруағыңмен жебей жүр. Ажалға қимас асылым-ау, жатқан жерің жайлы болсын!

Ербол ЕРБОЛАТ.

Басқа материалдар

Back to top button