«Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле»
Қадым заманнан қазақ отбасында қыз бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. «Ұлтыңды сақтаймын десең – қызыңды тәрбиеле, рухыңды сақтаймын десең – ұлыңды тәрбиеле» деген даналыққа толы нақылы арқылы халқымыздың қыз баланың тәрбиесіне қаншалықты мән бергенін түсінеміз.
Еліміздің әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін қыз баланың бойына сіңіре отырып, қыз балаға келешекте ана, шаңырақтың құт-берекесі екенін ұғындырып, әдептілікке, сыпайылыққа, инабаттылыққа, шыншылдыққа баулыған. Бойжеткен, ару қыздарын сырт көзден сақтаған. Қыз ибасы, қыз әдебі дегенге жеңіл-желпі қарамаған. Қазіргі заман ағымына сай қыздар тәрбиесінде көптеген кемшілікке жол беріп жүргеніміз анық. Гендерлік саясатты дамыту, әйел мен еркектің теңдігін жолға қою ісі – айналып келгенде әйелдерді «еркектерден қай жерің кем?» деп елірте беру емес. Бұлай ұғыну қисынсыз. Кейбір әйел заты қиындыққа шыдамай, еркекше шылым шегіп, шарап ішіп, өмірін өксітіп жатады. Бұл әрине біздің қазаққа жат қылық. Расы керек, біз кейде керісінше отбасындағы ананың рөліне мән беріп, әкелерді елеусіз қалдырып жатқандаймыз. Ежелден қазақ баласы «Әкең келе жатыр» дегенмен тәрбиеленді. Ал, балаға дастарқан басына Әкесі келмей тамаққа қол созбауды, «Әкеңе айтам» деп баланы тәртіпке шақыруды – аналары үйрететін. Бүгінгі таңда керісінше, отбасында әйелдер бірінші орынға шығып, еркек тұрып, әйел сөйлеген заман туды. Соның салдарынан ер адамның рөлі әлсіреп, тіпті, ол бір керексіз адам қатарына қосылғандай көрінеді. Сондықтан, ерлердің де мүддесін қорғау, қыз баланы ана ретінде тәрбиелеу маңызды.
Батыр атамыз Бауыржан Момышұлы: «Қызды қадірлеген еркек заты ғана азамат атына лайық… Қазақ қазақ болғалы қыз сыйлаған, қызды алқалаған текті халық… қыздың намысы – елдің намысы. Ұлттың намысы. Қыздарына үлгі көрсете алмаған елдің іргесінен ырыс кетеді, толғаны төгіліп, тұнығы ылайланады, ұрпағы жидіп, жүнжиді…» деген екен. Халқымыз ешқандай жарғы, нұсқау жазып әуре болмай-ақ әрі қысқа, әрі нұсқа нақылдармен тәрбие тағылымның тамаша үлгісін түйіп айтты. «Қыз – қонақ» деп төрінен орын беріп, қыздарды алтынның сынығына балады. Қыздарын нәзік те қайратты, алғыр, салмақты да ширақ, төзімді жан иесі етіп өсірді. Өйткені, жар құшып, ана болу – қыз баланың ата-анасын қуантады және қобалжытады.
Абай атамыз «Ары бар, ақылы бар, ұяты бар ата-ананың қызынан қапы қалма» деген екен. Демек, болашақ жас ұрпақты адамгершілігі мол, иманды, өнегелі етіп тәрбиелеу – қазіргі отбасына үлкен міндет. Осы тұста, жаратылыстың ақиқатын, болмысты ашық, бүкпесіз көрсетіп ұғындыруға арналған отбасында үлкен мектеп қалыптастыруымыз керек. Тәрбие мектебінің түтіні түзу ұшқанда біз ауыр жүкті ел ертеңі қыз баланың мойнына арта аламыз.
Айтпағымыз, қыздарымызды ұлттық әдет-ғұрып арқылы тәрбиелейтін болсақ, ибалы да көркем мінезді ұрпақ қалыптасатыны айдан анық.
Жанерке ДӘУЛЕТБЕКҚЫЗЫ,
Приозерск қаласы ішкі саясат,
мәдениет және тілдерді дамыту
бөлімінің бас маманы.