Облыс әкіміРесми

Бизнесі өрлеген қай өңір?

Облыстағы қала, аудандардың қайсысы бизнесті жүргізуде алдына жан салмай тұрғаны кешегі өткен облыс әкімі аппаратының мәжілісінде мәлім болды. Бұлайша бағалауға олардың сол өңірде бизнесті жеңіл жүргізуі негізге алынған. Аталған рейтингте 13 индикатор бар. Шағын және орта бизнесті дамыту, қаржылық қолдау, жұмыспен қамту және инвестиция тарту секілді басымдықтардан тұрады. Өткен бес айдың қорытындысында Қаражал қаласы, Ұлытау және Жаңаарқа басқаларды шаң қаптырыпты. Әзірге алдыңғы үштікте осы үш өңір тұр. Облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК бұл жұмысты, әсіресе, қалаларда күшейтуді талап етті.

Кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаеваның айтуынша, алдағы уақытта жартыжылдықтың да қорытындысы белгілі болады. Өткен жылы облыстың шағын және орта кәсіпорындары 1,4 трлн. теңгенің өнімін өндірген. Бұл көлем екі алыптың – «АрселорМиттал Теміртау» және «Қазақмыс» кәсіпорындарының өнім шығарылымына тең. Шағын және орта бизнес саласындағылардың қатары да молайған.

«Бизнестің жол картасы» бағдарламасымен жыл басынан бері жалпы сомасы 4,2 млрд. теңге болатын 99 жоба қаржыландырылды. «Еңбек» бағдарламасы бойынша бірінші жартыжылдықта 1,1 млрд. теңгеге 210 шағын несие берілді. Оның көп бөлігін ауыл кәсіпкерлері алды. «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы арқылы 5,3 млрд теңгенің 63 жобасы мақұлданды.

Биыл облыстың 14 өңірінде жас кәсіпкерлерге жергілікті бюджеттен гранттар бөлінді. Жаңаарқа және Қарқаралы аудандарында жобалар қаржыландырылды.

– Сәуір айынан бастап төтенше жағдай кезінде зардап шеккен кәсіпкерлер үшін жеңілдетілген несие берудің жаңа бағдарламасы басталды. Мөлшерлеме – 8%. Екінші деңгейлі банктердің ақпараты бойынша, 15,8 млрд. теңгенің 58 жобасы қолдау тапты, – деді басқарма басшысы.

Жеңіс Қасымбек бизнесті қолдау және жобаларды несиелендіру жұмыстарын жандандыруды тапсырды.

– Шағын және орта бизнестің дамуы – әкімдердің жұмыс көрсеткіші. Біздің қалаларда зор мүмкіндіктер бар және барлық ресурстарды пайдалану, кәсіпкерлік үшін қолайлы орта құру қажет. Дағдарысқа қарсы шаралар аясында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасына бұрын-соңды болмаған қаражат бөлінді – 71 млрд. теңге. «Бизнестің жол картасы» және «Қарапайым заттардың экономикасы», «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламаларын қаржыландыру ұлғайды. Мұның бәрін тиімді пайдалану шарт, – деді аймақ басшысы.

Қызғалдақ АЙТЖАН.

Басқа материалдар

Back to top button