Қарағанды

Смартфон – тиімді құрал

Қазіргі кездегі тез құбылғыш заманауи жағдайларға жылдам бейімделу – күн тәртібіндегі негізгі мәселе болып тұр. Сондықтан, қазақстандық мұғалімдер білім беру сапасын арттырып, жүйені жаңғыртуда орасан өзгерістер енгізуде. «Өмір бойы оқу» қағидасына сәйкес мұғалім де, білім алушы да, тіпті, ата-ананың да жаңа өзгерістерді тез қабылдауға бейімделуін заман талабы деп ұғыну қажет. Білім алушының сұранысқа ие икемдері мен дағдылары, функционалдық сауаттылығы, сын тұрғысынан ойлауы оқу сапасымен тікелей байланысты болғандықтан, қазіргі мектептерде жаңа білімді меңгертудің тиімді әдістәсілдері қолданылып жүр.

Өмірімізге толығымен енген гаджет-смартфондардың атқаратын міндеттері адамзатқа ғылым мен білімді игеруде зор мүмкіндіктер ұсынды. Сондай-ақ, мектепте сабақ барысында да тиімді қолдана білудің көкжиегі кеңейді. Қазір алдымызда смартфонсыз отырған бала кемде-кем. Көпшілік ата-аналар баласының үй жағдайында смартфонды мақсатсыз қолданып, уақыты мен денсаулығын жоғалтып жатқанына қынжылып отырғанын жиі естиміз. Гаджеттің зиянды жақтары көп айтылуда. Әйтсе де, смартфонды сабақ барысында пайдалы қолдануды мұғалімдер ұсынып отыр. Кез келген пән негізінде баланы сабаққа қызықтыру мақсатында смартфонды қолдана отырып материалды меңгерту білім алушының өздігінен оқуына әкелетініне көзіміз жетті. Ойын ойнау, бейнефильм көру, ән тыңдау сияқты амалдарынан басқа сабаққа байланысты түрлі тапсырмаларды орындауға үйрету міндеті туды. Қолда бар қазынаны пайдалы қолданатын уақыт жетті.

Мектеп оқулықтарында көркем шығарманың үзіндісі беріліп, жалғасын оқу тапсырма болып берілген. Кітапханаға бара қоймайтын бүгінгінің баласы смартфонынан тез-ақ тауып оқып жатады. Мысалы, Б.Соқпақбаевтың «Менің атым Қожа» повесінің жалғасын «kazneb.kz» сайтынан оқыды. Оқулықта көру не тыңдауға берілеген тапсырмаларды берілген сілтемесінен іздеп табуда смартфон – таптырмас құрал. Мұндай жұмысты сабақ үстінде бала қызыға, тез орындайды.

Осы жұмыстардың барлығы тек смартфонда орындалады. Жұмыс үстелінде компьютер мен ноутбуктің орындайтынын енді білім алушы смартфон экранында орындай алады. Әрине, мұндай жұмысқа білім алушы біртіндеп қалыптасады. Алғашында «120 сөзден тұратын мәтін тауып әкел, негізгі мәселесі бар абзацты курсивпен жаз, 3-4 сөзді қою қаріппен белгіле, дайындаған жұмысты сынып чатына жібер» деген сияқты тапсырмаларды орындатудан басталып, қалыптасады. Жеке жұмыс жасап қалыптасқанда, топпен орындауға көшіруге болады.

Жаңартылған білім мазмұны аясында жиынтық бағалау жұмыстарына да смартфонды тиімді пайдаланудың тетіктері көп. Мысалы, алдын ала жиынтық бағалаудың мақсаттары мен критерийлерімен таныстыруда білім алушы мен ата-анасының чаттарына жіберу. Жиынтық бағалауда жіберілген қатемен жұмыс жасап, өзін-өзі бағалау, рефлексия жасау үшін жұмысын фотоға түсіріп алу. Мұғалімнің кері байланысы білім алушының белгілі бір кезеңдегі жетістігінің нәтижесіне сипаттама болады.

Техниканың қарқынды дамыған заманында смартфонды білім алушының жаңа материалды меңгеруде өте тиімді қолдануға болатынын тәжірибе көрсетті. Сондықтан, педагогтер сабақтарында смартфон көмегін молынан пайдаланса, екі жақ, мұғалім де, оқушы да, ұтары анық.

Әсем КЫЗЫРОВА,

С.Саттаров атындағы № 57 мектеп-лицейінің мұғалімі.

Басқа материалдар

Back to top button