Мәңгілік із қалдырған АНА!
Ана – әлемнің шамшырағы, адамзат атаулының жан шуағы. «Ана керек, о, адамдар, Ана керек адамға!» деп жырлады емес пе, ақиық ақынымыз Төлеген Айбергенов. Ана – әрбір адамның жарық дүниедегі ең жақыны, жанашыры, қадірлісі, қамқоршысы ақ сүтін беріп аялаған, жанын да аямаған ардақтысы. Жер бетіндегі жеке-дара қорғаның да, аласармас қалың орманың да – асыл Анаң. Осындай қанша жылдар өтсе де аласармайтын, жыл өткен сайын биіктей беретін аяулы жанның бірі – Зейнеп Кариқызы Кариева апайымыз еді. «Атқан оқтай, шапқан аттай» қайран, уақыт! Аяулы апайымыздың жарық дүниеден көшкеніне де бір жылдың жүзі болыпты-ау… Тілеуімізді тілеп жүрген аяулы жанның асыл бейнесін жүрегімізге жөргектегелі жыл айналды. Аңсаумен, сағынышпен, қимастықпен өткізген екенбіз бұл жылды.
…Мен ол кісінің атын атап, түсін түстеп көрген емеспін. Апа деуші едім. Адамның емес – адамзаттың, ғаламның емес – ғаламзаттың Анасындай еді!
Талай жанға шапағаты тиген ардақты апайым өзінің үлкен жүрегімен мені де қаршадайымнан қолтығымнан демеп, бала күнімнен басымнан сыйпап, бауырына басты. Зейнеп апайымсыз қалған аппақ дүние қоңырқай тартып, бірде сұрланып, бірде күреңітіп бара жатқандай көрінеді. «Жылыстап жыл да өткен-ау» деймін іштей егіліп.
Ол кісіні ойласам өткенім, қайта оралмас қарлығаш көктемім, балалығым мен аңғалдығым, шалалығым мен арман-мұңым еске түсер еді. Бірақ, оның бәрін тізбелеп, тілге тиек ете беру де мақсатым емес. Парыз – перизат жүректі, аналық ақ тілекті, телегей-теңіз парасат иесі, ақыл-ой кемелдігінің асқақ үлгісі болған абзал жан – Зейнеп апайымның ерек тұлғасы мен бөлек болмысын ой сүзгісінен өткізу.
Зейнеп апа еңселі кісілігімен, асқақ азаматтығымен Ел ағасы атанған Зайролла әкеміздің абыройын асырып, бағын еселеген адал жары еді.
Сонымен бірге, ел дегенде елжіреп тұратын жұдырықтай жүрегіне жұмыр жерді сыйдырған кеңпейілді жан болатын.
Барын емес, арын ардақтаған, жиғанын емес, иманын қастерлеген парасатын да жыр қылып төгер едім. Бұлақтың бастауындай мөлдірлігін, шырақтың сәулесіндей шуағын әнге қосар едім. Мұның барлығы – Зейнеп апаны білетін көпшіліктің көңіл көкжиегінде, жүрек түкпірінде сақталған анамыздың асыл қасиеттері.
«Өмірге келмек бар болған соң, кетпек барын» білсек те, осы бір өзгеше бітім-болмыстың иесі әлі де жасай түсетіндей, тіпті, мәңгі қартаймайтын, ортаймайтындай көрінетін де тұратын.
Себебі, ол кісімен бір сәт болсын дидарлас, бірер күн болсын сыйлас болған әр адам ақыл-ойдың кені мен даналықтың деміне тамсанбай кетуі мүмкін емес жайт. Оған – апайымның көзін көрген, тағылымын тыңдаған бүгінгі ел азаматтары куә.
Зейнеп апайдың басынан қандай кезең өтпеді дейсіз… Қазан төңкерісінен кейінгі қалт-құлт еткен қазақтың мұңын да, кәмпескелеуде кеткен сан адамның құнын да, колхоздастырудың қиындығы мен кәмпескелеудің жоқшылығын да, ашаршылық пен қуғын-сүргіннің, Екінші дүниежүзілік соғыстың сынағын да бір кісідей білетін біреу болса, ол – Зейнеп апай дер едім.
Осындай сын сағаттардың барлығынан айрықша ақыл-парасатымен, қайсар да қайырымды қасиетімен аман-есен өткен апайымыз, тәуелсіз еліміздің бақытты шақтарына да куә болды. Елімізге де, Президентімізге де ризалық сезіммен, қуанып ғұмыр кешті.
Біздер үшін Зайролла әкеміздің қасиетті шаңырағы әрқашанда ұлылық ұясындай болды. Абыройы асқақтап, берекесі тасыған алтын босағадағы шаттықтың шамшырағы да, адалдықтың тамшылары да Зейнеп апамыздың кеңдігімен кемелденіп, тұлғалық болмысымен дараланып тұратын. Алла әкеміз бен анамызға ғибратты ғұмыр, асқақ ар, баянды бақ берді. Ақша мен алтыннан қымбат осы құндылықтардың барлығы ең алдымен, Зайролла әкеміз бен Зейнеп анамыздың ерен еңбектері мен адал ниеттерінің өтеуіндей еді. Қос бәйтеректің тәлімді тәрбиесінен нәр алған ұлдары мен қыздары да, текті ата-ананың ұрпақтары екенін дәлелдеп, ұлы мұраттарға ұмтылды. Соның ішінде сүт кенжелері – егіз ұлдары Нұрлан және Ерлан Нығматулиндер елдік мүдде жолында абыройлы еңбектерімен танылды.
Бүгінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісін басқарып отырған Нұрлан Нығматулин Қазақстанымыз тәуелсіздік алған күннен бастап, іскерлігімен, еңбекқорлығымен Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың сеніміне ие болып, бүгінге дейін, өзіне жүктелген үлкен міндетті зор жауапкершілікпен атқару жолында аянбай тер төгіп келеді.
Ал, Ерлан Зайроллаұлы қоғам қайраткері, бірнеше мәрте Парламент Мәжілісінің, Сенатының депутаты болды, экономика ғылымдарының кандидаты, профессор, білікті кәсіпкер.
Жалғыз қыздары Мархаба Зайроллақызы көп жылдар бойы сауда және бизнес саласында қызмет етіп келеді. Ал, Арыстан Зайроллаұлы – медицина ғылымының кандидаты атанса, Арғын Зайроллаұлы – техника ғылымының кандидаты, облыстық мәслихаттың депутаты, бүгінгі күні Сарыарқа хоккей клубын басқарып отыр және Арын Зайроллаұлы – білікті қаржыгер.
Барлығы да жемісті еңбек етіп, еліміздің дамуына өзіндік үлестерін қосып келеді.
Зейнеп апамыз «Аллаға шүкіршілігін», ақ тілегінің орындалғанын айтып отыратын еді.
Себебі, Зейнеп апамыз балаларына жастайынан күн-түн демей еңбек ете жүріп, талмай тәрбие бергенде, олардың от басы, ошақ қасында қалмай, биікке қанат қағып, ел азаматтары болғанын үздіксіз армандайтын еді. Балаларына қаратып, үнемі, Абай атамыздың «Атаның баласы болма, адамның баласы бол» деген өсиетін жиі қайталайтын еді. Бүгінде Нығматулиндер отбасына қарап отырып, ардақты ағамыз бен асыл апайымыздың осы армандарының толықтай орындалғанына көз жеткізіп отырмыз.
Зейнеп апамыз бармын деп тасығанды, жоқпын деп жасығанды жаны қаламайтын-ды. Ұлылығы мен кісілігінің арқасында балаларына, әр кезде «Қарақтарым, қысылып келген жандарға қол ұштарыңды беріңдер. Қамшының сабындай өмірде адамның күні – адаммен, демекші, қолдарыңнан келгенше көмектеріңді жасап отырыңдар. Алладан қайтады» деп айтып отыратын.
Қандай қиындық көрсе де өмірден, заманнан еш түңіліп көрген жоқ. Қайта, соның бәрін ой елегінен өткізіп отыратын. Өн бойында ұлтымызға тән татулық, ынтымақтастық пен бауырмалдық, қонақжайлық пен кеңпейілділік сынды өзгеге бергісіз қасиеттер тұнып тұрушы еді. Сондықтан болар, апамның ақжарқын, жанашыр, қолы ашық бейнесі күні бүгінге дейін санамда сақталып, жүрек төрінен орын алған.
Зейнеп апай өте ұқсатымды, азды көптей, кемді кеңейтетіндей берекелі, қолы ашық жан еді. Солай бола тұра, балаларын жастайынан еңбек етуге тәрбиелеп, ғылым-білім алуға үйретті. Үлкенді құрметтеуге, кішіні жетелеуге, туған-туысқа жанашырлық, мейірімділік қасиеттерін сіңіруге тәрбиеледі. Өз отбасымен қатар, бүкіл ағайын-туыстың жағдайын ойлап отыратұғын. Тіпті, бейтаныс кісілер де сәлем бере келіп, шаруасын да шешіп алатын. Көмек сұрай келгенді құр қайтармай, қайта қолынан келгенше көмектесіп, қолұшын созуға асығатынды.
Менің дәрігер болуыма да тікелей Зейнеп апамның қатысы бар. Аяулы апайым мен ата-анамның ақылы қосылып, Зейнеп апай маған бір кісідей бағдар беріп, ақыры, медицина институтының шәкірті атанып шыға келдім. Одан бері де аз уақыт өткен жоқ. Жетілдік, жеміс берер шаққа келдік. Айтайын дегенім, 2000 жылы ойламаған жерден Зейнеп апамның денсаулығы сыр берді. Тексере келе жүрек қағысының баяулағаны белгілі болды. Шұғыл арада Алматыдан профессоркордиологтар шақырылып, консилиум өткіздік. Қайтсе де ота жасау қажет болды. Ендігі мәселе сол отаны кім жасайтынын шешуге келгенде асыл апайым «Бірінші Аллаға, одан кейін Ғазизге сенемін» деді. Мен үшін сын сағат туды. Өйткені, жаныңа жақын адамға ота жасаудың жауапкершілігі мен қиындығын әр хирург жақсы біледі. Алатау бөктерінен профессор Сәлім Беркімбаев та арнайы шақыртылды.
Алланың қолдауымен, 70 минутқа созылған отамыз ойдағыдай өтіп, апамның жүрегі қайта соқты. Араға үш-төрт жыл салып апамның жібектей жүрегі тағы сыр берді. Бұл жолғы дерт атауы – инфаркт. Ойлы оқырманға бұл кеселді түсіндіріп жатудың өзі әбестік болар.
Ең бастысы – апамның селкеу түспеген сенімі мен қайсар рухы бұл дертті де жеңіп шыққан болатын. Адам баласының ала жібін аттамаған аппақ жүрегі қайта соққан болатын. Осы екі жағдайда мен өзімді үлкен бір жеңіске жеткендей сезіндім.
Осындайда халқымыздың «Не ексең соны орасың» деген мақал сөзінің шындығына көз жеткізеді екенсің. Бір кездері менің қарым-қабілетімді байқап, дәрігер болуымды қалаған, Зейнеп апайымыз талай жылдар өткенде, осы жақсылығының жемісін көріп отыр.
Балалары туралы да дәл осылай айтуға болатыны түсінікті. Барлығын қанатымен су сепкен қарлығаштай аялап, өсіріп, жеткізді. Және өмірінің соңына дейін олардың тек қана жақсылықтарын көрді.
Апайымызды алақандарына салып ардақтаған ұлдары мен келіндері, Зейнеп апамызды 93 жасында қасиетті Меккеге апарып, анамыздың разылығын алып қайтты. Бұл ата-ананың асыл қасиетін бойына сіңірген әрбір перзент үшін абыройлы парыз екені сөзсіз.
Осы жерде айта кету керек, «келін ененің топырағынан жаралады» демекші, ол кісінің келіндерінің барлығы да ененің қатал да мейірімді тәрбиелерін бойларына сіңіре білді.
Соның арқасында Зайролла ағамыздың шаңырағы немере, шөберелерімен жалғасып, берекелі де мерекелі әулетке айналды.
Апайым мені өз баласынан кем көрмеуші еді. Тіпті, кейде «Сен біздің үлкен баламыздайсың. Қолыңнан келгенді аямай, ағайынға көмектесіп жүрсің. Басымыз ауырып, балтырымыз сыздаса өзіңді іздейміз. Күн-түн демей қол ұшыңды бересің. Өзіңнен бір апта хабар алмасам, мазам кетеді» деуші еді.
Мінекей, Зейнеп апайымыз, тек өз балаларына ғана емес, бүкіл халықтың баласына мейірімін төгіп, жақын араласқан әрбір адамды жанына тартып, жақсылық шуағын шашып отыратын еді.
«Тау алыстаған сайын биіктей түседі» демей ме халқымыз. Апамның көз сүйсінер ізгі қасиеттері, айтқан ұлағатты сөздері өзі өмірден өтсе де, ел ішінде, ұрпақтармен бірге мәңгі жасай береді.
Бүтін бір ұлттың ұлағатты ұлын, қылықты қызын тәрбиелеген Зейнеп апамыз шын мәнінде – Ел Анасы! Менің Зейнеп апам – бұл бағаға әбден лайықты!
Сондықтан, Зейнеп Кариқызындай аналарымызды әрқашанда ұлықтап, өнегелі істерін жастарға үлгі ету біздердің басты парызымыз болмақ.
Аяулы апайымыздың жаны жәннатта, рухы пейіште шалқығай!!!
Ғазиз МАҒЗҰМОВ,
ҚР Денсаулық сақтау ісінің
озық қызметкері,
жоғары дәрежелі жүрек-қан
тамыры хирургі.