Жан сарайын жырмен ашқан Қаражал
Жасыратын несі бар, қай іске де «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жалау қылып, жаңылып жүргендер көбейді. Ішкі есебі сырт көзге оғаш көрінетін. Сол «қасқалар» дейміз-ау, Қаражалдағы игі бастамадан сабақ алса еді. Қазыналы өңір басшылығы Мәдениет үйін күрделі жөндеуден өткізді. Сөйтті де шөліркеген халықтың жан сарайын ашты. Кіл мықтыны – «Жүрсіннің жүйріктерін» жиып. Сананы сілкінтіп, рухани азық сыйлаған шара ҚР Тұңғыш Президенті күніне және Қаражал қаласының 55 жылдығына орайластырылды. «Келешегі кемел кенді өлке» деген тақырыппен…
Республикалық деңгейдегі жыр бәйгесі бұл өңірге араға 12 жыл салып оралған екен. «Ақынын іздеген» қала әкімі Тілектес Досаевқа халықтың дән риза болуы, сондықтан. Құрғақ сөзімен емес, кәделі ісімен көрініп жүрген басшыға.
Сөз барымтасын ұйымдастыруға мұрындық болып, тізгінін ұстаған – ақын, республикалық айтыстардың жеңімпазы Төлеген Жаманов.
«Аузымен құс тістеген» қыз-жігіттердің айтысына төрелік айтқан қазылар алқасының құрамында Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, филология ғылымдарының докторы, профессор, Алаштың айтулы ақыны Аманжол Әлтай (төраға), Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі, облыстық мәслихат депутаты, белгілі меценат Бекзат Алтынбеков, Жезқазған бизнес және көлік колледжінің директоры, ақын Светлана Жумкина, облыстық «Орталық Қазақстан» газеті Директоры-Бас редакторының бірінші орынбасары Ерсін Мұсабек және Директор-Бас редактордың орынбасары Ахат Құрмансейітов бар.
Ақындарға сәттілік тілеген шаһар басшысы Тілектес Досаев айтыс өнерінің, сөз киесінің терең мәніне тоқталды.
– Асыл мұрамыз бен ақсүйек өнеріміз жасай берсін! – деді қала әкімі. Сондай-ақ, Қаражал қаласының Құрметті азаматы Амангелді Тілеубаев саңлақтарға ақ батасын берді. Сахна шымылдығын эстрада жұлдызы Роза Әлқожа әсем әнімен ашты.
Көзіміз көргендей, Қаражал қайта түледі. Жаңарудың, жаңғырудың жолына түсті. Өзекті мәселе де жоқ емес, шешімін күткен. Көлік жолы, жылуы және басқасы бар. Шайырлар шешіліп сөйледі, көсіліп жырлады. Өңірдің қазынасын, көңілдің базынасын ақтарды. Жырсүйер қауым қиқуға басты…
«Ел бастау қиын емес,
Қонатын жерден көл табылады.
Қол бастау қиын емес,
Шабатын жерден ел табылады.
Шаршы топта сөз бастаудан қиынды көргем жоқ» дейді Бұқар жырау бабамыз. Жауапты жүкті Өміржан Көпбосынов (Жаңаарқа ауданы) пен Тілеген Әділовтің (Шет ауданы) жұбы арқалады.
«Рухани жаңғыруым» дегеніңіз
Қазақтың айтысынан басталатын.
Үмітіңді ақтасын ал, ендеше,
Үкілеп аламанға қосқан атың», деп сөз саптаған Өміржан ақын бірден өршелене жөнелді. Қалың елдің ыстық ықыласында шек бар ма?!
Тілеген ақын да тосылып қалған жоқ.
«Өнердің көрдім қызығын,
Өлеңнің көрдім шыжығын.
Бүлкілде енді, көмейім,
Ел алдында көрейін Қызыл тілдің көмейін» деп, түйдек-түй дегімен өлеңін өрді.
Қос айтыскер де бабында. Әдемі әзілі бар, дәстүрді де жырға қосты. Тілеген ақынның:
«…Әй, Өміржан, Өміржан,
Жанталасқан өмірді айт,
Шалықтап тұрған көңілді айт,
….Шұбаркөлдің қасында тұрса да,
Жалынның жанында тұрса да,
Қаражал деген өңірді айт,
Тоннасы – он сегіз мың теңге,
Қымбаттап тұрған көмірді айт», – дегені – халықтың көкейіндегісін дөп басқаны-ау. Өзекті өртеген шындықты Өміржан ақын, тіптен, өткір айтқан сияқты:
«…Сен одан да қосылып Өміржанға,
Парақор, жемқорлардың жебірін айт.
Вагон-вагон, тонналап шетел асқан
Мұнай мен алтын, күміс, темірін айт.
…Адам қағып жатса да сотталмайтын,
«Көкелер» көлігінің нөмірін айт.
Шұбаркөл емес, аға, шұбартілді
Басшыдан қалған елдің көңілін айт.
…Қымбаттап бара жатқан көмірді емес,
Арзандап бара жатқан өмірін айт».
Келесі болып сахнаға шыққан жұп – қыз бен жігіт айтысының һас шебері атанған Мақсат Аханов (Ақтоғай ауданы) пен алматылық жас айтыскер Саягүл Бірлесбектің жұбы. Қаражалдың құлдырау шағынан ой өрбіткен Мақсат ақын, өңірдің бүгінгі бақуатты тынысын әдемі жырлады
«…Суың келіп, соңынан дуың келіп,
Жарқырап жанған екен жарығы елдің.
Ал, бүгін ақындарың тағы келді
Арманы орындалып алып елдің», – деп әуезді әнге салды. Әдеттегідей, астарлы әзіліне тамсандық. Осы тұста жат ағымның жетегіне еріп, шалыс басқандарды сынға алған Саягүл Бірлесбек, Мақсат ақынға «қоғамның дертін жырлаңыз» деп қолқа салды. Жерлесіміз өзінің сұлулықты, әсемдікті жырлауға жаралғанын айта келіп, тоқетерін былай түйді:
«…Қыз деген – ол ұлтымның айнасы ғой,
Ағаң оны жырлаудан ерінбеді.
…Қазақ қызын қытайға бере алмаймын,
Елімнің ертеңі үшін елеңдеймін.
….Жұрт «джиптің» айнасы үшін өліп жатыр,
Мен ұлттың айнасы үшін неге өлмеймін?!».
Ащы да болса, шындық.
Қызылордалық Нұрмат Мансұров пен Айтбай Жұмағұловтың (Бұқар жырау ауданы) айтысы да көптің көңілінен шықты. Қос ақын сыйластықпен сөз жарыстырды. Қалжыңмен қайырды, әлеуметтік мәселені көтерді.
Нұрмат ақынның:
«…Басшысына қосшысы лайық болса,
Алла да мейірімін төге берер.
Қаражалдың жыл сайын халқы өсіп,
Көбейсін немерелер, шөберелер.
Салған жолың жетелеп болашаққа,
Өсе бер, өркендей бер, көгере бер.
Досаев басқаратын кенді қала,
Көл-көсір несібеге кенеле бер», – деген тілегіне халықтың марқайып қалуы – заңдылық.
«…Ұлттық кодты сақтауың – текті сақтау,
Тектілік бұзылмасын тұма бастан.
…Рухани азық алып жатқан елге
Рухани жаңғыру жоқ бұдан асқан», – деген Айтбай ақынның да сөзі шындық-ау, сірә…
Соңғы жұптың сөз саптауы бір бөлек шықты. Дидар Қамиев (Шет ауданы) пен тараздық Аруна Керімбектің жұбы. Қыз бен жігіт айтысына тән әзілі бар. Қаражал өңірінің қасиетті жерлері мен ел аузындағы белгілі есімдер де, осы жұптың айтысынан тыс қалған жоқ.
«Қылшекеңнің жиналды жағасына
Жүрсекеңнің топ жарған жүйріктері» деген Дидар ақынды Аруна Керімбек те құптай сөйледі. Термесімен талайды тебірент кен қарсыласына қаратып:
«Аналарды жылатқан Дидар ақын
Арунаны қуанта ала ма екен?» деп әзілге сұранды.
«Құланның қасуына – мылтықтың басуы». Дидар Қамиев Арунаға «Қаражалға келін болып қалыңыз» деген ұсыныс жасады. Мұның сыртында қазақ қыздарының өзге ұлттың жігіттеріне тұрмысқа шығуы сияқты қоғамның жағымсыз көрінісі құлағын қылтитты.
«Мың қытайың татымас тырнағына –
Бір қазақтың жігіті қымбат маған», – деген Аруна ақын ұлттық салт-дәстүрімізді де тереңнен тербеді. Осылайша, астарлы ақиқатқа құрылған айтыс қалың елді қайран қалдырды.
***
Халық екінші айналымға шыққан ақындардың өнерін түстен кейін тамашалады. Финалда Тілеген Әділов пен Дидар Қамиев, Аруна Керімбек пен Өміржан Көпбосынов кездесті.
Қазылар алқасының шешімімен, Тілеген Әділов ІІІ орынға лайық деп танылды. ІІ орынға Аруна Керімбек қол жеткізсе, Дидар Қамиевке І орын бұйырды. Өміржан Көпбосыновтың қанжығасы Бас жүлдемен майланды. Барлық ақындарға қаржылай сыйлықтар мен қала әкімінің Алғыс хаттары табысталды. Сондай-ақ, шаһар басшысы Тілектес Досаев айтысты жүргізген Төлеген Жамановтың иығына оқалы шапан жапты.
ҚАРАЖАЛ қаласы.
Суреттерді түсірген Қанағат ЖАНКИН.