Руханият

Жұмекеңнің хаттары – махаббат гимні

Биыл, ХХІ ғасырдың 20-шы жылы – Жұмекен НӘЖІМЕДЕНОВТІҢ 85 жылдығы. ХХ ғасырдың 55-ші жылының қаңтарында Қасым қайтыс болды. Қазақтың космос ақынының орнын жоқтатпаймын дегендей қыркүйек айында Қошалақтан Қарағандыға Жұмекен жетті. Жер астына түсіп, кен қазған Жұмекен гүл болып егіліп, жыр болып төгілгенде өз поэзиясының Отаны – Қарағандыға сағынышқа толы өлеңдерін жолдауды ұмытқан емес. Ұмытпасаң! Бұл – үміт сәулесі. Алға, арманға апарар үміт сәулесі де Жұмекенді Қарағанды шахтасынан Алматы консерваториясына алып келді. Жұмекеннің 1956 жылдың 31 тамызында өзінің сүйіктісі Нәсіпке Алматыдан жазған хатында сол бір үміт сәулесі нұр болып құйылған. Жас Жұмекен хаттары – махаббат гимні.

Бірінші хат асығыс, қысқа да нұсқа жазылған. Хаттың негізі бір-ақ ауыз сөзге сыйып кеткен, ол – «Ұмытпасаң». Бар жайдан хабар беруші сөз. Сөз сөйлеп тұр. Сөз – сезім. Сөз – сенім! Ұмытпасаң…

«Нәсіп!

Амандық. Халің жақсы ма? Үй- іші, қарттар сау ма? Мен де аман. Саулық жақсы. Консерваториядамын. Сенің ауылда екендігіңді жаңа ғана естіп отырмын.

Мен бұл хатта «Қолыңа тие ме? Жоқ па?» деген оймен ештеңе айтпаймын. Тек, амандық білдіру. Ұмытпасаң, мына адреске жазарсың: г. Алма-Ата Главпочта. Довостребование Н……..вке деп.

Сәлеммен – Жұмекен.

31 август, 56 жыл»

Ақын Жұмекеннің екінші хатын біз «Мықты мінезді махаббат» деп атадық.

Мықты қазақтың айтқаны: «Мен Сізге ашық айтайын, жаным! Егер Сіз басқа адамға кеткенде де мен ешкімді сүймеске серт еткенмін.»

Ер-азамттың сөзі. Табиғи таза мінез. Мінсіз махаббат. Мықты мінезді махаббат. Ақылды, арлы сөзін айтқан Жұмекен. Ешкімді сүймеске серт еткен. Сүйіктісі басқаға кетсе де. Оқып отырып таң қаласың. Неліктен бұл Алла Тағала жас Жұмекенге дәп осындай мықты мінезді махаббат сыйлаған? Себебі не?..

Хат жүрегі сөйлесін.

«Сіздің хатыңыздағы сөздерге түсінген сияқтымын. Жақында мынандай оқиға болды. Серікқалиев Зейнолла екеуміз өткен-кеткендерді қопарып, сырласып едік, кенет ол сенің атыңды атап қалды да, «ол күйеуде» деді.

Менің кеудеме үлкен бір кесек мұз түсіп кеткендей болды… Сүйтсек ол Ж.Нәсіп екен.

Және сол күні Зейнолладан тағы бір ұялып қалдым: өзім сені беріліп әңгімелеп тұрған болармын, бір кезде байқасам 1-2 жас моншақтарының үзіліп түсіп бара жатқанын сездім. Ал мұндай осалдық деген менде бірінші рет кездесіп жүр. Және үйді сұмдық сағынамын, көкемді сағынамын(ол кісіні енді қайтып көре алмайтын болсам да). Кешірерсіз, Сіз ойлағандай қыз қуып, «бақытты болып» жүргенім жоқ. Бірақ, қуам деген кісіге қыз көптен де көп. Өзім қууға аяғым ауырады, ал соңғы ауру (жүрек ауруы), тек саған ғана байланысты.

Сайын, маған обал жасаған екен, ұятына өзі қалар-дағы!

Сұрақ: Өзің қалай ойлайсың, егер Өтеуіш, оқуын бітіріп келіп, «қарттарға қызық көрсетем» деп жатса, қарсы боласың ба, әлде… басқа ма?

Мен Сізге ашық айтайын, жаным! Егер Сіз басқа адамға кеткенде де мен ешкімді сүймеске серт еткенмін.

Ол туралы Нәбидолланың аздап өкпе аралас жазған хатына жауап ретінде жазғанмын.

Қысқасы, сен кетіп қала қойғанда да менің жанымнан өзге адамды көре алмайсыз. Егер нанбасаңыз өмірдің өзі көрсетеді ғой.

Әй, жаным-ай, саған өмір бойы өзімнің айнымайтын, өлгенінше бір беттілікті жақтайтын характерімді ұғындыра алмай-ақ қойдым-ау.

Сонымен былай: ұқсаңыз ұғыңыз, ұқпасаңыз – Өтеуіш те жаман жігіт емес қой. Әйтеуір, мен өз жайымды бере білген сыяқтымын Сізге.

Өтініш: Осы хатты алысымен біздің үйге не апайға барыңыз, менің жағдайымды әбден баяндаңыз.

Қысқасы, не ішіп, не киіп отырғанына шейін суреттеп жазыңыз. Мүслима мен Жаңыл қалай бөлек кетіп жүр екен, шынында да, біздің семьяның өзі азуға әуес жандар болды ғой. Бұл үшін де жұрт, сөз жоқ, мені айыптайды ғой.

Мен Қарағандыдан кетерде(июнь айына қарай), мамама суретімді салып едім ғой. Оны алды ма екен?

Осылардың бәрін анық біліңіз, өтінемін. Ұялмаңыз.

Мұның бәрін қонаға да қалмай, жайлап-жайлап 1-2 сағатта біліп алуға болады ғой.

Ал, хош, жаным! Өкпелеушілерге менен сәлем! Жазда баруға тырысамын ғой.

Айтпақшы, Сен ақша керек пе депсің? Оның қалай?

Стипендия алып тұрам әзір. Ақырын кім біледі.Туысқандарға айтып көріп едім, олардан ақша түгіл хат жоқ. Рахмет, әзірше күн көріп жатырмын, ептеп.

Фотоңды сал! Хатты жиі күткен – Жұмекен12/ ХII 56 ж.

Құрметті, оқырман! Тура 64 жыл бұрын жазылған Жұмекеннің хатын сақтап, бізге табыстап кеткен Нәсіп апай еді. Жұмекен хаттарында Нәсіпке сақ бол деп ескертіп отырған. Яғни, өзінің сөзі басқаның көзіне түспесін дегені. Тек бір Нәсіпке арналған жүрек сыры. Жұмекеннің жұмбағы – мінсіз, мықты мінезді махаббатта тұр ма дейміз.

Сол себепті, Жұмекеннің хаттарын қаз-қалпында ел-жұртына жеткізейік, ақын болмақшы жан оқысын, үйренсін деп ұйғардық.

«Сүйіктім!

Алдымен баулу рөлімді бағалай білгеніңізге алғыс айтамын.

Бірақ, Сіздің «қасиетіңіз» өлең жаза білмеуіңізде емес. Ой мен сөзді (тілді немесе қаламды) ұластыра білмейтіндігіңізде.

Сіз айтасыз: «Менен қателік таба бердіңіз-ау деп». Мен қайтейін, қателік таппай, ыстық басталған сөзіңізден қорытынды ұға алмаған соң. Әрине, мен сыншы емеспін. Дегенмен көрінген нәрсені көміп жасыруға шамам келмейді. Жоқ, оған болмайды да.

Сіз мені үнемі сынайсыз. Мысалы: «не деп жауап берер екен» деген сияқты. Оныңыз дұрыс та шығар, бірақ сіздің «экзаменнен» өткен жоқ па едім?! (Жұмбақтар мен сұрауларды бастаған Сіз емес пе?)

Сөздердің керектісін, керексізін деп бөліп алып, керектісін жиып, керексізін теуіп тастаған сыяқтысыз. Онда, мен мүмкін, қателесіп теріс сөз жазған болармын. Олай болса, қате жерін өзіме кері жазыңыз. Өз сөзім өзімдікі ғой. Сізге барып бассауғалар деп үміт етіп жіберіп едім. Сіз пана бола алмай, қаңғытып жіберсеңіз, күн суық, далада жаурап өлер. Қысқасы, оғаштауын кері жіберуіңізді өтінемін! Оғаш сөз Сізге де, бізге де пайдасы жоқ қой. Бұдан: менің сөзімде «оғаштық» жоқ деп шамданғандық белгі деп ұғуға болмайды. Қателік көп болар. Бірақ, байқау керек. Ол үшін тек бірбет, әділ, азаматтық көзқарас керек. Не нәрсе болса да ақылға жеңдіріп, жүректің еркімен өз пікіріңіз бен жете білу керек. Шамданбаңыз! Мен Сізді жамандыққа бастаушы емеспін. Осы араны мұқият ұғынарсыз. Бір сөз жазу үшін, сол сөзді жанжақтан қарап өзіңізше дұрыстығына, дәлелдер мен фактылар арқылы, әбден танып алу керек.

Айып етпеңіз, көп мылжыңдап жіберіппін. Сіздің менің жүрегімнен мәңгі орын алғаныңызды әруақыт ұмытпаңыз. Сізше шірене алмаймын. «Шіренсеңіз шыдай да алмаймын.» (Тырнақшадағы сөз сыртынан қарағанда екі мағына беріп, толқытуы мүмкін.) Осы екеуінің қайсысы деп ұққаныңызды жауаптан күтемін.)

Осы хаттарда айтылған ойлар қоғам мүлкі іспеттес, ақындыққа құмарларға ақыл-кеңес болар пайдалы сөз, ақылды ақынның сабағы болғандықтан оқырман назарына ұсынғанды жөн көрдік.

Марат АЗБАНБАЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button