АймақБалқаш

БАЛҚАШТАН ЛЕНИН ҚАШАН КЕТЕДІ? немесе сүрілмейтін ескерткіш, атауы өзгермейтін көше

Тәуелсіздік алғалы отыз жылға жуықтаса да, Кеңес үкіметінің жетпіс жыл санамызға сынадай қаққан сұрқия саясатынан ажырай алмай жүрген сыңайлымыз. Ленинді «Бабамыз», қазақты қынадай қырған Мирзоянды «Мырзажан» деген аңқау ел соқыр сенімнен арылмаған сияқты.

Аға ұрпақтың есінде шығар. Сол уақытты көзі көрген жұрт әлі ұмытқан жоқ. Ақындарымыз жалынды жырына қосып, «Үйімізде, төрімізде, Портретте тұрған кім? Кімнің жүзі таныс бізге, Бізге жақын, туған кім? Бұл – Ленин бабамыз, Бұл – Ленин данамыз!» деген Ленин әлі де төрімізден түспей тұр.

Күпірлік қылып, «Күн көсемі» деген кеңестік идеологияның шекпенін киіп, өткенін биік қойып жүргендер арамызда баршылық. Елдігімізге сызат түсіретін ескерткіштер мен олардың атындағы көшелерден арылатын кез жетті. Бірақ, біз бұл туралы ойлағымыз да келмейді. Басқа өңірлерді айтпағанда, біз тұрып жатқан Балқаш қаласының саябағында Лениннің еңселі ескерткіші менмұндалайды. Ал, Ленин көшесі шағын шаһардағы ең ұзын көше. Биыл саябаққа абаттандыру жүргізген кезде айтулы ескерткішті сүріп тастайтын шығар деп ойлаған едік. Олай болмады. Қайта күн жеп қара қотыр болған ескерткішті бояп, ажарын кіргізді. Кешегі коммунисттер естелікке суретке түсіп мәз. Күнделікті баспасөз бетінде, кеңестің қисынсыз ескерткішін сүріп, тарихи атауларын қайтарудың қажеттілігі жиі айтылып жүргенімен, шешімін таппай жатқанына белсенділер қынжылысын білдіруде. Ал, жергілікті әкімдіктің өкілдері ескерткіштерді алу, орнату мәселесімен облыстық мәдениет, мұрағаттар және құжаттама басқармасы айналысатынын, өздерінің құзіретінде тек ономастика екенін мәлімдеді.

Балқашта кеңестік мазмұндағы көше атаулары өзгертілді. Десек те, орталық Ленин көшесіне келгенде ауыстыруға бірнеше кедергі орын алды. Бұл көшені Қараменде биге, Жидебай батырға немесе мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаевтың атына беруді тұрғындар бірнеше мәрте сұрады. «Алаш арысы Әлиханға, болмаса, биыл Абайға береді» деген дәмеміз де болған. Алайда, айтулы көше тағы да мәңгілік атын арқалап қалды.

Бір кем дүние (Шерхан Мұртаза). Біз қашан ешкімнен бұйрық күтпей-ақ, бастама көтеріп, Балқашты қазақиландырып алады екенбіз.

Айта кетейік, Украинада 2015 жылдан бастап күшіне енген коммунистік кезең мұрасынан арылу туралы заңда ел аумағындағы Ленин ескерткіштерін алып тастау туралы бап та бар. Бізде бәрі керсінше… Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында атап көрсеткен мәселенің мәнісіне әлі жете алмай жүрген жайымыз бар. Рухани жаңғырайық, ұмыт болғанды ұғындырайық дегенде алысқа бармай-ақ, осы өзіміздің батыр бабаларға, Алаштың арыстарына ескерткіш орнатып, есімін көшеге берсек, атымыздан ешкімнің аудармайтыны анық қой.

Сіздер не дейсіздер, ағайын? 

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button