Алты жоба жүзеге асырылуда

Облыс әкімінің орынбасары Серік ШАЙДАРОВ Осакаров ауданына жұмыс сапарымен барды. Сапар барысында облыс әкімінің орынбасары «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасының орындалу барысымен танысты. Бағдарлама шеңберінде Осакаров ауданында алты жоба іске асырылуда.  

Трудовое ауылында №15 орта мектеп күрделі жөндеуден өткізілуде. Жұмыстар 10 маусымда басталды. Шатыры мен жылу жүйесі жөнделіп, шыны пакеттері орнатылды. Электр сымдары және тағы басқалары ауыстырылды.

Есіл ауылында су өткізу желілерін қайта құрылымдау жұмыстары жүріп жатыр. Ауылда, шамамен, бір жарым мың адам тұрады. Тұрғындар су сапасынан қиындық көріп отыр. Шағым көп. Жөндеуден кейін тұрғындар тоқтаусыз және сапалы суға қол жеткізеді деп күтілуде.

Бұдан кейін облыс әкімінің орынбасары Осакаровка кентінде орналасқан мектеп оқушыларына арналған қосымша білім беру орталығына барды. Мұндағы жұмыс 50%-ға аяқталған.

Аудан орталығында жол жөндеу шаралары жүріп жатыр. «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасы бойынша кенттің 54 көшесінде жалпы ұзындығы 27,8 шақырым жол жөнделді. Аудандағы жөндеу жұмыстарының мұндай көлемі тапсырыс беруші тарапынан мердігер орындаған жұмыс сапасын қатаң бақылауды талап етеді.

– Ауылдың әлеуметтік инфрақұрылымын жаңғырту бойынша міндетті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында қойған, – деп атап өтті Серік Шайдаров. – Бұл үшін Үкімет «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасын әзірледі. Облыстарда өсу және тұрақты даму нүктесі болуы тиіс ауылдар анықталды. Оларды жаңғырту өңірлік стандарттар бойынша өткізіледі.

Облыс әкімінің орынбасары «Ауыл – Ел бесігі» арнайы жобасына кіретін барлық нысандарды тексерді. Мердігерлердің есептерін тыңдады. Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша бірқатар тапсырмалар берді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.