Жаңалықтар

Тамақ – тоқ, көйлек – көк

Мен үйленгенде қаладағы қайын жұртым жеті күн жылапты. Кісі өлгендей. Күйеу баланың аты – Кемпірбай екен, орысшасы – бабушка богатая, деп. Ести сала, дікілдеп әке-шешеме жүгіргенім есімде.

– Оу, ат табылмағандай бұларың не?!

Шешем жайбарақат. «Кемпірбай мен Әсеттің қоштасуын» атаң марқұм жақсы көретін еді.

– Әсет деп неге қоймадыңдар, ә?!

– Кейінгі ұлға қоямыз ғой, деген жарықтық әжең. Бірақ, сенен кейін бес қыз таптым ғой, балпанақтай.

– Құрсын әрі, Итбай деп неге қойдыңдар жалғыз інімнің атын, ә?!

Шешем жайбарақат:

– Әкеңнің тазысы күшіктеген сол күні. Үш жыл қатарынан қысыр жүріп. Кейін ауыл қарық болды ғой. Түлкі-пүлкі, қоян-поянға.

Жыным келді. «Түлкіңнің әкесі, қояныңның шешесі». Сыпыртып жатырмын. «Атасына тартқан, айналайын…», – дейді әкем аузындағы насыбайды бып-бып түкіріп. Келіншегім боздап отыр. «Причем предки лисы и зайца» деп, «Жануарлар әлемін» көріп өскен бейшара, қайтсін. Біз сорлы теледидарды әскерге барғанда бірақ көрдік қой…

– Қыздарды да қатырыпсыңдар ғой, – деп, осы мәселені жақында тағы қозғадым. Пимагүл, Ивангүл, Пермегүл, Әжемгүл, Тоогүл.

Әжем өлгенше жеңеше болып жүрген байғұс шешем өксіп-өксіп қоя берді.

– Пимагүл туғанда әжеңнің бастық інісі бас-басымызға пима әкеліп… Ивангүл туғанда Иван ағатайым қой қораның төбесін жауып, үйдің терезелерін бүтіндеп… Шыны кесетін жалғыз адам сол еді, иманды болғыр… Пермегүл туғанда әкең осы пермеге бастық болып… Әжемгүл туарда әжелерің өліп, сорымыз қайнаған жоқ па?! Құдай-ай, құдай… Совет өкіметі құлаған соң перменің аты өшіп, ТОО болды. Тоогүл деген бетпақ сол жылы туған. Әжесінің тәрбиесін көргенде үш байдан шықпайтын еді-ау, сорлы қар. Әкең сотталмайтын еді. Осының жасауын беру үшін соңғы трәктірді сатып жіберіп…

Сөйтсек, қу трәктірдің төрт дөңгелегі төрт адамның атында екен. Кабенкесі мен орындығы сауыншы депутат қатындыкі, ал моторы мен мұржасы әкеңдікі екен. Төр жыл отырып келді. Депутат қатын кешірмегенде бес жылға кететін еді…

Ойласам, әрқайсымыздың атымыз бір-бір тарих екен…

…Қырық жылдан бері Коля дейді қайын жұртым. Сыйлайтындары Николай дейді. Екі қызым бар. Аттарын айтпай-ақ қояйын. Орыстанып кеткен нағашылары қойған еді… Тамақ – тоқ, көйлек – көк.

Бірақ, осы ауылда қалуым керек еді-ау деген өкініш өзекті өртеп барады. Атыма затым сай болып, ақын болып кететін бе едім. Атам домбырашы еді ғой…

Базарбай ӘЛЕУХАНҰЛЫ.

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

 

Басқа материалдар

Back to top button