Руханият

Жыландар жылы

Біздің кентте жыл ауыспайды. Жылда – жылан жылы. Өйткені, әкіміміз Ауданбай жылан жылы туған. Жаңа жыл сценариін, осыдан он екі жыл бұрын аудан әкімінің қарындасы, яки мұның саясат бөлімі қосқан қосағы Қарагүл жазған.

Ешкімге айта көрмеңіз, Ауданбайда билік жоқ. Бірақ, мүлде қабілетсіз де емес. Арақтың әкесін танытады. «Әкім шыршасы» сайын жанынан шықпайтын шолақ белсенділер «қырылып қалғанда» міз бақпай отыра береді. Қатты қызғанда балалайка сұрайды. Бірдеңе тартады. «Тірі қалғандар» бір-біріне сүйеніп, дүрілдетіп қол соғады. Мен де сүйтемін. Басым екеу емес қой. Әрі жанымда тоқсанға таянған кеңес төрағасы отырғанда…

Содан әр тараптан жақсылар анталап, Аудекеңді аймалап, сөз жарыстырады. Котельныйдың бастығы Ваня жездей, әдеттегідей Алеша (Аудекең) балдызына жиырма жастағы жыланның айғырын мінгізетінін мәлімдейді. Айғай-шу. Жер тепкілеп жатқан жұрт.

Сосын шетел компаниясының кеңесшісі Ху құда шығады. Күліп тұр ма, жылап тұр ма – белгісіз. Ол екі тілде сөйлеп, өз тілінде әнге басады. Бұл да жылан атайды. Ұрғашысын. Әкімге емес, әйелі Қарагүлге. Жиналғандар мәз. «Жылан тұқымы көбейетін болды», деп. Айғай-шу ысқырған жұрт. Сөйтсек, Қарагүл қарағым да жылан жылғы екен. Шіркін, шетелдің разведкасы-ай. Біз білмейтінді біліп тұр.

– Бір жылдық төлін қызыл бұрышқа аунатып, борщ істеп ішсеңдер жүзден асып кетесіздер, – дейді Ху құда.

Қалғып-мүлгіп отырған кеңес төрағасының ұйқысы шайдай ашылады.

– Бітпеген шаруа көп еді. Он шөберем үйсіз жүр. Тәтеме барып ескертіп келейін…

Тәтесі – қырыққа толмаған Қарагүл келін ғой.

Сәлден соң бата сұралады. Төраға екі тілде ұзақ-сонар дәм қайырып, алдындағы «бидайдың суын» алып қоюды сұрайды. Ыржалаңдап, ішіп жібереміз. Бұл кезде жаңадан келген имам жүрегін қолына ұстап, қашып бара жатады. «Жағына жылан жұмырт­қалағыр» дейді күбірлеп. Ашық сайрауға болмайтынын бұл да біліп қалыпты…

Екінші үстелде Ауданбай әкімнің сүйріктей замы сөз алып, жақсылардың сарқытын жетімдер үйі мен мектеп асханасына жөнелтуді сұрайды. Тендердің өте кеш өтетіндігіне налиды.

Сөйтіп, сақина толы саусақтарын сипалап, көзіне жас алады. Жылан бейнесі жарқыраған алқасын аударып-төңкеріп, байы өлгендей боздайды.

Бұған сақина салғандар қосыла сыңсып, қолдау көрсетеді. Сақалы беліне түскен кәсіпкер алқаның бағасын есіне алып, қайта-қайта күрсінеді. Сонымен, әкім шыршасы аяқталады. Сорлы шенеуніктер кезекті жылан жылын осылай қарсы алады.

…Сырттағы халық бірде ит, бірде доңыз, бірде тышқанның күнін көріп жатады…

Базарбай ӘЛЕУХАНҰЛЫ.

Басқа материалдар

Back to top button