Руханият

Латын әліпбиі – жаңғыру негізі

Латын әліпбиіне көшу ұлт болашағы үшін жасалған маңызды шешімдердің бірі. Еліміздің бірінші байлығы – жері, екіншісі – тілі, үшіншісі – оның тарихы.

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан – 2050» Стратегиясы: қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Қазақстан Халқына Жолдауында латын қарпіне көшу мәселесіне тоқтала келіп: «Бұл – ұлт болып шешуге тиіс принципті мәселе. Бір кезде тарих бедерінде біз мұндай қадамды жасағанбыз. Балаларымыздың болашағы үшін осындай шешім қабылдауға тиіспіз және бұл әлеммен бірлесе түсуімізге, балаларымыздың ағылшын тілі мен интернет тілін жетік игеруіне, ең бастысы – қазақ тілін жаңғыртуға жағдай туғызады» – деген еді. Бұл латын әліпбиіне көшудің болашақ ұрпақ үшін аса қажет екендігін көрсетеді.

Латын әліпбиіне көшу – ұлттық сананы бұғаудан босатып, қайта жаңғыруына жол ашатынына сенімдімін.

Бұл мәселеге қатысты ел арасындағы айтылып жатқан пікірлер сан-алуан. Алайда, тіл мамандары латын әліпбиіне қатысты көзқарастарын білдіріп, ана тіліміздің тағдырына алаңдаушылықпен қарауда.

«Бүгінде қазақ халқы да замана көшінен қалмай, латын графикасына негізделген әліпбиді таңдауға бел буып отыр. Көрші мемлекеттердің көпшілігі латын графикасын таңдады. Әлемдегі ақпараттардың 90 пайызы латын қарпі арқылы жарық көреді. Ал, ақпаратқа кім иелік етсе, ғылым мен технологияға да сол ие болады. Бұл қоғамдық ой мен санаға түпкілікті өзгеріс жасайтын қадам» – деп Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айтқан еді.

Қазір латын әліпбиі үлкен беделге ие, әрі қолданыс аясы мен мүмкіндігі де зор. Латын әріптері графизация (әріп таңбалау) заңдылықтарына, яғни, «көру-қабылдау-тану» талаптарына да сай. Жер бетінде латын әліпбиі барлық салада қолданылуда.

Латын графикасына ауысу кітапхана ісінде де біршама өзгерістер мен ілгерілеуге алып келері анық. Кітапханаларда латын графикасында жазылған көне жазбаларды жинақтап, қайта қалпына келтіріп, қор құрып, халыққа ұсынса, латын әліпбиін халықтың қабылдауы да басқаша болар ма еді? Оқырмандарда жаңаша көзқарас қалыптасып, латын әліпбиін игеруге қызығушылық артар еді?

Сол бағытта барлық кітапханалар белсенді жұмыс жасап, оқырмандарға латын әліпбиіне көшудің артықшылықтарын жеткізсе артық болмас. Латын қарпіне көшу – ұлттық санамызды жаңғырту үшін игілікті іс. Сондықтан, оның артықшылығын ескеріп, әлемнің озық елдері игілігін көріп, көпшілігі қолдап отырған латын әліпбиіне біздің де көшкеніміз дұрыс деп қараған жөн. Бұл қадамның еліміздің әлемдегі дамыған 30 елдің қатарына қосылу жолында маңызды рөл атқаратынына сенуіміз керек.

Арайлым ТОЙБЕКОВА,

М.Әуезов атындағы орталық қалалық кітапхана библиографы.

Басқа материалдар

Back to top button