Тұлға

Алтын адам

Бүгінгі жасымның жарым жартысы мыс шаһары Жезқазғанда өтіпті. Сонда оқыдым. Шығармашылық соқпағымның сонары да сонда басталды. Қаламға сүйеніп, ғаламға ой айтпақ ниетің ізденіске бастайды емес пе?! Жастығымның жалаулы күндері өткен Жезқазған, Ұлытау өңірінің арғы-бергі тарихы мен осы топырақта ізі қалған тұлғалар өмірі мені де қызықтыра бастаған. Шаң басқан архив құжаттарын ақтардық. Көзкөргендердің әңгімесіне құлақ түрдік. Ұлы Қаныштың табаны тиген, Кәкімбек Салықов, Камал Смайылов, Сайлаухан Нәкенов ағаларымның қаламы сүйген Үлкен Жезқазған мен киелі Ұлытау ғой… Тарихы тасқа басылып, хатқа түскен. Бізге дейін де талайлар толғап, ырғап-жырғап тастаған бұл өлкенің тарихын. Сондықтан болар, біздің буынды Жезқазған облысы құрылған жылдардан бергі өткелек пен жас облыстың шаңырағын көтеріп, уығын қадасқан өрелі тұлғалар тағдыры қызықтыратын-ды.

Қалкен Мәкенбаев, Жаманқұл Шайдаров, Мейрам Абақанов, Қасымбек Медиев, Жақан Қошанов, Болат Әбдікәрімов, Сағадат Дүйсебеков сынды қажырлы қайраткерлер есімі мен олардың жасампаз істері ел аузында жүр. Әлі күнге дейін өңір жұртшылығы осы бір тегеурінді буынның тектілігі мен беттілігін, іскерлігі мен ілкімділігін жыр қылып толғап жүр. Есімдерін құрметпен атап, істерін үлгі етуден жалыққан емес. Қастерлі топырақта іздері қалып, істері жұрт жадында жаңғырған осы бір үркердей топтың үлкендері мәңгілік мекендеріне аттанып, ел жүрегіндегі сағынышқа айналған. Кенжелері Сағадат көкемнің өзі сексеннің сеңгіріне көтеріліп отыр. Ендігі сөз – мемлекеттік қызмет ардагері, саңлақ аға Сағадат Жапабайұлы жайында.

***

Қарсы алдымда – ширақ қозғалып, еркін қимылдап, елпең қаққан ақсақал аға. Ақсақал деуге аузың да бармайды. Қағылез демесеңіз, қаққан қазықтай. Жұқалтаң демесеңіз, өң-келбеті қасыққа жұққан қаймақтай нәрлі. Сергектігін аңғарсаңыз, сексенге келген деуге мүлде маңайламайды. Жүзіне – нұр, жүрегіне сыр ұялаған, иманжүзді Аға! Жанары күлімдеп, қабағы жадырап-ақ отыр. Жалпы, Сағадат ағамен бұған дейін де талай жүздескенмін. Оның сыртында, атына қанықтығым тағы бар. Сапарлас та, дәмдес те болдым. Өзгермейтін боямасыз болмысы тәнті қылады. Аңқылдаған ақжарқын қалпынан айнығанын көрмеппін. Қазақы қалжыңға ұсталығын да, астарлы әзілге әуестігін де білемін. Солай бола тұра, орынсыз сөйлеп, оспадар әзіл айқанын естімеппін де, көрмеппін. Тәкаппар емес, сырбаз. Көкжайдақ емес, кішіпейіл. Қарабайыр емес, қарапайым. Көкезу мылжың емес, жүйелі ойы, жүлгелі сөзі бар.

Алаш көсемдерінің алтын бесігі Ақтоғайда туған. 1938 жылы, 13 қарашада. Ал, тура сол жылы үстемдігі үрей шақырған тоталитарлық жүйенің түксиген қабағы мен адуынды қаһары – Ақтоғайдың үстінде еді. Ақсораңның басын бұлт торлап, Шатыршаның шаттығы кеміп тұрған. Тоқырауын жылап ағады. Ел ішін үрей билеп, Ақтоғай тікелей таскеуде Мәскеудің бақылауына алынған.

Тағдыры оққа байланған Алаш арыстарының өтеуіне туған дерсің Сағадат ағаны. Бесік жырымен емес, мұңлы әуенмен, Ананың қолымен емес, шайқалған шаңырақтардың екпінімен тербелген бесікте ажарлы Арқаның болашақ аймаңдай ұлы бұлқынып жатты. Жөргекте жатып аманат жүгін сезінген. Қалай дерсіз, бәлкім. Қазақтай ұлы халықты ұшпаққа шығара алмай арманда кеткен Алаш арыстарының аманатын Алла осы Сағадат ағама арқалатқандай көрінеді маған. Қай лауазым, қандай қызмет атқарған сәттерінде ұлттық мүддені ғана ойлап, елін шексіз сүйгендігін айтады үзеңгілестері. Қызыл империяның қылышынан қан тамып тұрған жылдарда ашық болмаса да, астыртын әрекет қылыпты. Жалпы, ұлтты сүюдің шынайылығын Ақтоғайда туған азаматтардан айқын аңғарып жүрміз. Олардың тізімін тізбелей берсек, мақала кейіпкерінің келбетін келістіріп, ажарын ашатын сүйекті сөзімізге орын тимей қалар… Ал, Сағадат ағаның Алаш рухты азамат екенін Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында туған елге туын тігіп, Ақтоғай тізгінін ұстаған сәтіндегі қайраткерлігінен тануға болар еді. Мәселен, аудан әкімі болып тағайындалған күннің ертесіне Қараменде бидің күмбезін салуға білек сыбана кірісіп кетуі мен аудан орталығына үш арыстың – Әлихан Бөкейхан, Ақбайдың Жақыбы, Әлімхан Ермековке ескерткіш орнатып, ұлт көсемдерінің рухына арнап ас беруінен-ақ, оның аманатқа адалдығын тануға болады. Ол аз десеңіз, Сағадат Жапабайұлының бастамасымен жаңғырған Жидебай батыр, Сана би кесенелерін, Өз заманының талабымен жылдар бойы комсомолдың кәстөмін киіп, партократтың шекпенін жамылған коммунистердің дәл осы Сағадат аға секілді аз күнгі мүмкіндікті пайдаланып, ұлтына қызмет еткені санаулы ғана екенін көзіміз көріп жүр. Неге аз күнгі мүмкіндік? Сағадат аға Тәуелсіздік жылдарында алты жыл ғана тізгін ұстады. 1997 жылы денсаулығына байланысты зейнеткерлікке шығып, іскерлігі мен қабілетін ескеріп, жоғары билік ұсынған жіліктің майлы басындай қызметтің барлығынан ерікті түрде бас тартты. Кеңседегі мансаптан азаматтық мақсатын биік қоя білетін елжанды ердің қолынан ғана келетін мәрттік!

***

 Оңаша сұхбатымызды:

 – Аға, тағдыр жолында тарыққан, өмір жолында өкінген, тұрмыста қиналған сәттеріңіз болды ма? – деген сауалмен бастадым.

– Жалпы, тұрмысымда еш нәрседен тарығып, қатты қинала қойған жоқпын. Тек қана, қолымда билік тұрып Алаш арыстарының асыл мұраты жолында қызмет етуге мүмкіндігім болмағанына өкіндім. Содан кейін, 14 жасымда анам Ұлжан қайтыс болғанда, жер ортасынан асқанымда асыл жарым Күлпаш дүниеден озғанда қатты қиналдым, – деді жайраң қаққан жанары мұңға шомып. Жете алмаса да, мақсатының шоқтығы, ниетінің пәктігі осы жауабынан-ақ аңғарылып тұрды маған. Өмірлік мұраты да, сабыры мен төзімінің қуаты да, кейіпкерімнің тұтас болмысы да осы бір екі-ақ ауыз сөзге сыйып тұр.

Қолынан келіп тұрғанды атқарып тастауға жүйе мүмкіндік бермеді. Ол үшін ақталған жоқ. Қал-қадірінше адал қызмет етіп, басшылық қызметте өз әріптестерінен оқ бойы озық жүрді. Елдің алғысына бөленіп, құрметін иеленді. Онысы үшін мақтанған жоқ. Сырғытып қана өмір жолын айтып, жылдар жылнамасына шолу жасап қана өтті. Әйтпесе, қуғын-сүргін жылдарында туып, балалық шағы сұрапыл соғысқа шарпылған, бозбала шағын соғыстан кейінгі ауыр күндер жымқырған азамат қиналмады, кеңестік жүйе сарбазы болып, ұлт мүддесінен алшақ қызмет атқарған ел ағасында өкініш болмады дегенге кім сене қойсын?! Сыр суыртпақтап көрдім. Ашылмады. Ақтарылмады. Тек қана, қанағатты қазық еткен қазанаттай болмысынан өмірден өтіп кеткен замандастарына деген сағыныш сезімін айқын аңғардым. Өзінің емес, Жаманқұл Шайдаров, Мейрам Абақанов, Аралбай Жылқыбаев сынды әріптес-ағаларының, Жақан Қошанов, Болат Әбдікәрімов сынды үзеңгілес серіктестерінің іскерлігі мен азаматтығын айтады. Өмірден беймезгіл баз кешкен осы тұлғаларды сағынатынын, солар үшін өкінетінін ғана тілге тиек етеді.

 – Сексен деген жасыңыз қалай екен? Қыр көрсетіп жүрген жоқ па? – деймін, ашыла түсер деген дәмемен.

– Сексеннің «құдіретін» алдымдағы Қасымбек Медиев, Қазкен Мүсілімов секілді шалдардан сұра. Сол екі құрдасым сексеннің сесін ерте сезініп, қыңқыл-сыңқылы көбейіп жүр. Мен ештеңе сезініп жүрген жоқпын,а – деп, әдеттегі қалжыңқойлығына басып, кеңкілдей күлді.

 …Бәрібір, көңіл көктеміне өмір мектебінен шыңдалып келген жігерлі жанның бейнесі айқұлақтанып тұр. Бүгінгі қадірі қанағатпен келген қарапайым тұлғаның, асқан парасат иесінің алдында отырғанымды мен сезініп отырмын.

 – Қолқа салушы өзің болған соң, амалсыз келістім, шырағым. Мен туралы көлгірсіп, көлдей мақала жазудың қажеті шамалы. Еңбек етсек, жалақымызды алдық. Қазір сол еңбегіміз үшін зейнетақы алып отырмыз. Қиратып тастағанымыз шамалы. Барынша адал жүріп, адал тұруға тырыстық. Қызмет бабында ешкіммен жүз шайысып, әлдебіреуді қудалап, әлдебіреудің соңына түсу деген болған жоқ. Азаматтарды қабілетіне қарай бағалап, іскерлігіне қарай мүмкіндік бердім. Талапшыл болдым, шектен шыққан жоқпын. Менің бар ғұмырым – халқымның көз алдында өтті. Сондықтан, көлгірсуіміз артықтау болар, а – деген түбірлі түйінмен әңгімеміз шектелді.

***

 Сағадат аға туралы бір кісідей білемін деп жүрген едім. Қазақ қыраны Нұркен Әбдіровпен туған бөле екенін осы жолы білдім.

 Тоқырауын жағасында туған, қарапайым колхозшының баласы ел қатарлы Калинин колхозындағы бастауыш мектепке барады. Батыстағы соғыс өрті сөнгенімен, дерті жазыла қоймаған уақыт. Колхозда жұмыс күші жетіспейді. Ересек балалар мен мектеп мұғалімдері колхозға қолғабыс етіп, сабақ оқып та жарытпаған. Алғашқы ұстазы – Қауымбек Аманжолов. Бірінші сыныпты 15 күн ғана оқыды. Егін орағы кезі. Қауымбек мұғалім аудандық газеттің тілшісі болып қосымша қызмет атқарады. Науқан кезінде тілшілерде тыным бола ма?! Аупарткомның нұсқауымен орталыққа шақыртылып, шаруашылықтарды аралап Қаукең кетеді. Сол кеткеннен мал қыстату науқанын, төл алу, дән себу жұмыстарын аяқтап, көктемде – оқу жылының соңында оралады. Екінші сыныпқа келген жылы Қауымбек мұғалім:

– Жапекеңнің баласы, сен бірінші сыныпты оқыдың ба? – деп сұрайды. Сағадат аға:

– Иә, – дейді жұлып алғандай.

– Ендеше, сен екінші сыныптасың, – дейді де, жаңа оқу жылын бастап кетеді. Осылайша, әр сыныпты 15-20 күннен оқып, бастауыш сыныпты да бітірді. Әйтеуір, өзінің зеректігімен әліпбиді меңгеріп алды. Кешкілік ауыл үлкендеріне қисса-дастандар оқып беретін деңгейге жетті. Бұл уақытта Калинин колхозында жетіжылдық мектеп салынып, соны үздік бітіріп шықты. Одан әрі оқуды аудан орталығындағы жалғыз орта мектепте жалғастыруы керек еді, интернатта орын болмады. Сөйтіп, марқұм анасы сүт кенжесін жетектеп Қарағанды қаласына келді. Науқастанып жүргенін сезді ме, өзінің туған әпкесі, Нұркен батырдың анасы Бағжан анамыздың қолына табыстап, Жамбыл атындағы мектепке орналастырып кетті. Бастауышты тиіп-қашып оқыған, негізгі пәндерді өз ынтасымен ғана меңгерген бала Сағадат үшін қала мектебінің бағдарламасын меңгеріп кету оңайға түспеді. Әсіресе, орыс тілі қиынға соқты. Орыс тілінен алғашқы жазған диктанты есінде. Қызыл сияны көруі бірінші рет. Жазған диктанты қып-қызыл. Қатеден көрінбейді. Намыстан жарылып кете жаздады. Сол күні дүкеннен қызыл сиялы қалам сатып алып, өз бетімен диктант жазып, оны өзі тексеру арқылы орыс тіліне ерекше ден қойды. Нұркеннің ағасы Сәрсен Әбдіровтің үлкен қызы Светаға мәтінді оқытады. Өзі жазады. Әлгі сатып алған қызыл қаламмен өз қатесін өзі шығарып, қай жерден мүлт кеткеніне мән береді. Осылайша, тынбай дайындалып, бірінші тоқсанда орыс тілін толық «үшке» меңгеріп шықты. Екінші тоқсанда – «төртке», үшінші тоқсанда – «беске» қорытылды

…Мектеп бітіріп, шахтаға барғысы келген. Бойы – аласа, өзі – қағылез. Шахтаның ауыр жұмысына жарамады. Ауылға барайын десе, анасы өмірден өтіп кеткен, Бағжан шешей жібермеді. Сіңлісінің аманаты ғой, Сағжанның (Сағадат ағаны өздері еркелетіп осылай атайтын) тағдырына бейжай қарауға болмай ды. Сөйтіп жүріп, хабарландырудан ескі қаладағы геологтар даярлайтын техникумға қабылдау басталып жатқанын оқыды. Құжат тапсырып, оқуға түсті. Геолог-барлаушы мамандығын алып, жолдамамен «ит тұмсығы батпайтын Сібір орманындағы «Якут-Алмас» кәсіпорнына жолдама алды. Кен барлау басқармасы арқылы барлық құжаттарын рәсімдеп, ақшасына дейін алып қойған. Жұмысқа жіберетін уақыт болған мерзімде әлгі ақшаны қойған шкафтан не жолдама, не қаражатты таппай қалды. Бұл үйде ақша жоғалуы мүмкін емес. Ешкім рұқсатсыз ешбір затқа тиіспейтін. Сұрастыра бастады. Бағжан шешей:

– Қарағым, Сағжан, сен – бауырымның аманатысың. Бір балам жанып кетті. Енді сені аюға жем қылатын жағдай жоқ. Жолдамаңды да, ақшаңды да кен басқармасына өзім апарып, қайтарып бердім. Бармайсың! – деп, кесіп айтты.

 Содан,ауылға қайтып, «Сәуле» (қазіргі Жидебай батыр селолық округі) МТС-і жанынан ашылған көлік жүргізушілерін даярлайтын курсқа қабылданды. Қала өмірі басынан  қызықтыра қоймайтын. Ауылда қалып, шопыр боламын деп жүрген еді, ағасы Қалкен марқұм:

– Әкей менің қолымда қалады. Ауылда қалып, кімді асырамақшысың? Қалаға бар, институтқа түс, – деп, қолынан жетелеп әкеліп, Қарағанды педагогтік институтына құжат тапсыртты. Орыс тілінен диктант тапсырған. Оқуға түскісі келмеген адамның құлқы бола ма? Немқұрайдылау жазды. Ертесіне газет бетінде «Қоңырат» колхозының көлік жүргізушісі орыс тілінен емтиханды «5»-ке тапсырды» деген мақала жарқ ете қалсын. Сондай-ақ, сол жылы Генсек Хрущевтің «Жоғары оқу орындарына еңбек өтілі бар талапкерлер ғана қабылдансын» деген қаулысы шыққан. Қырсық шалғанда, Сағадат ағаның «оқудан құласам екен» деген ішкі мақсатының күлпаршасы шықты. Оқуға түсті. Әкесі науқастанып, айықпас дертке шалдықты. Тағы да Бағжан апа шақырып алып: «Сен үйленуің керек. Әкеңнің көзі тірісінде батасын ал» деп, өздері сыртынан қабылдаған шешімдерін жариялады. Амал жоқ, үйленді.

Институт бітіріп, Ақшатау мектебіне жолдамамен барған. Бір жыл мұғалім болып істеді. Сол жылы партиялық басқару жүйесі екіге бөлініп, ауылшаруашылығы және өнеркәсіптік бағытта райком, обкомдар құрыла бастады. Ақшатау өнеркәсіптік ауданы болып құрылып, бір жыл ғана мұғалім болып істеген Сағадат Дүйсебеков жаңа ауданның комсомол ұйымының бірінші хатшысы болып сайланды. Осыдан бастап, Сақаңның партия, кеңес жүйесіндегі мансапты жолы басталды. Сөз басында айтқанымыздай, табиғаты мансапшыл емес, мақсатшыл жас көп ұзамай облыс басшыларының назарына ілігіп, облыс орталығына шақырылды. Өлермендікпен емес, өрелілікпен жоғарылады. Ақтоғай аудандық атқару комитетінің төрағасы, жаңадан құрылған Жезқазған облысының обкомында жауапты қызметтер атқарып, Ұлытау ауданын басқарды. Жезқазған облыстық Кеңесі төрағасының орынбасары лауазымына дейін көтерілді.

Қызметте абыройлы, ел алдында ақ жүзді болды. Комсомолда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевпен қатар қызмет атқарды. Сенімді серіктес болды. 1992 жылы еліміз ауыр экономикалық дағдарысқа душар болып, халық күйзелгені естеріңізде болар. Барлығын нөлден бастаған тәуелсіз жас мемлекеттің жағдайы күрт төмендеп, әсіресе Ақтоғай сияқты шалғайдағы аудандар тығырыққа тірелді. Сол жылы Мемлекет басшысына ақтоғайлықтар хат жолдады. Талабы – Жезқазған облыстық Кеңесі төрағасының орынбасары лауазымында жүрген Сағадат Жапабайұлы Дүйсебековті Ақтоғай ауданына әкім етіп тағайындауға ықпал ету. Ол кезде Жезқазған облысын Юрченко басқарып отырған. Сағадат ағаны шақырды. «Елің сұрап жатыр, барасың» деді. Сақаңның барғысы жоқ. Ескі досы Елбасына сәлем жолдады. «Ыңғайы келсе, мені осы орнымнан қозғамасын» деп. Елбасынан «Басты қатырмасын! Елі қиналып жатқанда, Сағадат қалай жылы орында отырмақ?» деген мазмұнда жауап келді. Елге оралды. Туған жерге ту тікті. Ел еңселенді. Екі шылбыр, бір тізгінді ұстаған Сағадат Жапа байұлы абыройға кенелді. Елден бата алды, алғысқа кенелді. Жұмыс ауыр еді. Ақыры, жүрегі сыр берді. Елін сүйген жүрегіне ота жасалып, Алаштың арманын көксеген ақ жүрегі беймезгіл алқынды. Өтініш жазып, қызметті тапсырды.

Ардагер журналист, аузы дуалы, сөзі уәлі абыз ақсақал Қасым Орынбетов айтады:

– Мен айтар едім, Сағадат Жапабайұлы қазақ үшін мезгілінен ерте туған азамат деп. Сақаңдардың іскерлігі, ұлтжандылығы тура бүгінгі қазақ қоғамына қажет еді. Жалпы, осы Сақаңдардың буыны өте тегеурінді, қуатты буын болды. Өкінішке орай, олардың бірегей тәжірибесі болашағы бұлыңғыр кеңестік жүйенің көсегесін көгертуге жұмсалды. Ал, тәуелсіз Қазақстанды гүлдендіру жолында осы Сақаңдай азаматтардың қайраткерлігі жетіспей тұрғанын жасыра алмаймыз. Қарамағында қызмет жасадым. Ол кісі Ақтоғайға әкім болып келгенде, мен облыстық газеттің меншікті тілшісі едім. Көп ұзамай бұл қызметім қысқарып қалып, Жезқазғанға қоныс аударуға көш сайлап отыр едім. Сақаң тоқтатты. Кейін байқап отырсам, біздің Ақтоғайда рухани жаңғыру сол Сағадат Жапабайұлының билігі тұсында басталып кеткен екен. Бірнеше даңқты бабаларымыздың кесенесі жаңартылып, Алаш арыстары ардақталды. Аудан музейі қайта жабдықталып, қасиетті өңірдегі маңызды рухани ошаққа айналды. Сол музей басшылығын маған тапсырып: «Осы музейді жаңартып, жаңғыртпайынша, мен сені Жезқазғанға жібермеймін» деп қолқа салған еді. Екеуміз ақылдасып-кеңесе жүріп, сол музейді республикадағы алдыңғы қатарлы музейлердің қатарына қостық. Сағадат Жапабайұлымен үзеңгілес жүріп қызмет еткенімді өзіме тағдырдың сыйы деп қабылдаймын. Көп нәрсе үйрендім.

Ризамын, замандасыма! Иә, Сағадат ағаға ел – риза!

***

 Басқаны қайдам, менің өзіме Сағадат ағаның шағын ғана дене бітімі парасат патшалығындай көрінеді. Арқадағы ең биік тау – Ақсораң! Ақтоғайлық азаматтардың көш басында жүрген осы Сақаңның рухани тұрғыдан биіктігі Ақсораңға ұқсайды.

Есіктен алтын сауытты Сақ сарбазы табылғанда алты құрлыққа сүйіншілегенбіз. Бұрнағы жылы қасиетті Қарқаралыдағы Кент тауларынан да Алтын адам табылған. Бөркімізді аспанға аттық. Бабаларымыздың парқы алтынның нарқынан асқақ екенін білдік. Әлем жапырақ жамылып жүргенде, біздің бабаларымыз алтыннан сауыт киініп, күмістен жебе тартқанын мақтан еттік. Қазіргі қазба жұмыстарының басы-қасында жүрген археолог-сәуегейлер Ақтоғай өңірінен де Алтын адам табылып қалуы кәдік деген болжамдар айтып жүр. Бектау атаның бер жағынан, Беғазы-Дәндібайдың дәл түбінен Алтын адам табылып жатса, таң қалмаймыз. Бірақ, сенсация үшін жер шұқылап, көр қазудың қажеті бар ма деген сауал да тұр көңіл көжиегінде. Өйткені, Ақтоғайда Алтын адам жер басып, ортамызда жүр. Ол – менің Сағадат ағам!

Ерсін МҰСАБЕК,
«Орталық Қазақстан»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button