Рухани жаңғыру

Ұлытау – Ұлы хандар ордасы

Ұлытау – Ұлы хандар ордасы, Алтын Орданың бесігі, Алаштың қазыналы, құтты мекені. Биыл Еуразияны дүр сілкіндірген Алтын Орданың 750 жылдығын Қазақ елі рухани-мәдени шаралармен кең көлемде атап өтуде. Осыған орай, Жезқазған тарихи-археологиялық музейінде Домбауыл, Болған ана ескерткіштерінің макеті мен Алтыншоқы тауына қалдырған Әмір Темірдің белгітасы көшірмесінен халыққа мағлұмат берілді.

 

Былтырғы жылы Ұлытау жерінде өткен Халықаралық туристік форумға келген Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттың осы асылын ұлықтау туралы сөз қозғады.

«Ұлытау – Халықаралық деңгейдегі этнографиялық туризмнің орталығына айналуы тиіс. Бұл жұмыстарды Алтын Орданың 750 жылдығын мерекелеу қарсаңында бастау керек» – деген болатын Президент.

Музей төрінен орын алған бөлім басшысы Өтеген Ахметтің туындысы – Домбауыл, Болған ана ескерткіштерінің пішіні мен ғылыми қызметкер Кешубай Байдильдиновтің қолынан шыққан Алтыншоқы тауында Әмір Темірдің қалдырған белгі тастың көшірмесі келген жұртты тарихтың қойнауына жетеледі.

Музей басшысы Раушан Қапарованың рухты сөзімен басталған шараны ғылыми қызметкер Қабдол Әуезов экскурсиялық таныстыруымен қостады.

Сарысу мен Қаракеңгір өзендерінің құйылысындағы Қаражар шатқалында орналасқан Болған ана кесенесі – біркамералы, порталды-күмбез. Ескерткішті ХVIII-XIX ғасырларда Н.Рычков, А.Левшин, Ш.Уалиханов сынды ғалымдар зерттеді. Кеңес кезінде археолог Әлкей Марғұлан оның түбіне үңіліп, сырын зерделеді.

Аңыздың бірі – Болған ананы Алаша ханның келіні десе, келесісі XV ғасырда өмір сүрген билеушінің жары дейді.

Жезқазған қаласынан солтүстік-шығысындағы Қаракеңгір өзенінің сол жағасында орналасқан Домбауыл кесенесі – биіктігі 6 метрлік конус тәрізді төртбұрышты тас плиталардан құрылған. Ғалымдар оның сырт сипатына қарап, исламға дейінгі кезеңге жатқызады. Орталық Қазақстандағы ең көне құрылыстардың бірі болып саналатын ескерткішті кей мамандар ғұндар дәуіріне тиеселі дейді. Оны 1946-1947 жылдары Әлкей Марғұлан басқарған археологиялық экспедиция алғаш зерттеп, 1974 жылы қайта қалпына келтіру жұмыстарын атқарды. Ал, 2011-2012 жылдары ескерткіш пен оның аумағы абаттандырылды.

Әпсаналар Домбауыл Шыңғысханның сарай сазгері болған десе, кей аңыздар Жошыны өлтірген құландарды қанға бөктірген аңшы дейді. Ал, түркінің «Оғызнамасы» оны қобызшы деп таниды.

Алтыншоқы тауындағы Әмір Темір жазуы бұл күні Петербордағы Эрмитажда. Оны алғаш 1935 жылы академик Қ.И.Сәтбаев зерттеген екен. Ал,1936 жылы КСРО ғылым Академиясының шешімімен ескерткіш Ресей асқан.

Алаштың баласына тарих тамырының соғысын аңдатқан осындай ізгі шаралар ұлтты ұйыстырып, ұрпақтың жігерін жанитыны һақ. Сондықтан, Ұлылардың мекені Ұлытауға атыңның басын бұр, ағайын!

Құрманғазы ӨТЕБАЙ.

Басқа материалдар

Back to top button