«ДӘРІГЕР еңбегінің еленгені жақсы»

Бүгінгі күннің батырлары – дәрігерлер екені даусыз. Төтенше жағдай кезінде табанынан тік тұрып, қызметке кіріскен ақ халаттылар әлі де тыным тапқан жоқ. Пандемиямен күресте науқастармен тығыз байланыста жұмыс істеп жүрген Шахтинск қалалық орталық ауруханасына қарасты инфекция бөлімінің меңгерушісі Румиса ОМАРОВАНЫҢ еңбегі – ерен. Кеше Қазақстан Республикасының «Құрмет» грамотасымен марапатталған дәрігерге оқырман тарапынан туындаған бірнеше сауалдарды жолдаған едік…

– Румиса Амангелдіқызы, марапатыңыз құтты болсын! Күрделі кезеңде науқастардың жанынан табылып, көңіліне жұбаныш болған сіздердің еңбектеріңіздің еленгені қандай жақсы…

– Рахмет! Әрине, дәрігердің еңбегі еленгені жақсы. Жұмыстың да оңайы жоқ. Бірақ, елдің бойында үрей мен қорқыныш қатар тұрған шақта, індетпен күресуге дайын болдық. Алдымен, емдемес бұрын науқастың көңілін аулап, күдігін сейілтіп, көңілінде дертті жеңетініне сенім ұялату керекпіз. Науқаспен қарым-қатынаста болғандардың ішінде жасы егде кісілер де, жүкті аналар да кездеседі. Сондықтан, бұл да біраз күшті талап етуде. Сақтық шараларын сақтауды жіті түсіндірудеміз. Арақашықтықты сақтау арқылы емшараларды дер уақытында қолданудамыз.

– Көпті алаңдатқан маңызды сұрақтың бірі – вирустың ауада қалып қойып, адамға жұғуы мүмкін бе?

– Жалпы, ғалымдардың зерттеуінше, вирус ауада қалып, сол арқылы адамға жұғуы мүмкін. Әрине, адамның ағзасына байланысты симптомды әрі симптомсыз болуы да ғажап емес. Қазіргі таңда жұқтыру жолдарын қайта қарау туралы ұсыныстар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымына жіберілді. Сондықтан, қай жерде жүрсеңіз де масканы шешпеуді қатаң ескертеміз.

– Симптомды әрі симптомсыз коронавирус инфекциясы жайлы пікірлер көп. Мысалы, симптомсыз түрімен ауырғандар үйде қалай емделу керек?

– Жалпы, коронавирустың симптомсыз түрі (кейде симптомы аз түрі) емдеуді, оның ішінде вирусқа қарсы, антибактериялық, тромбқа қарсы препараттар тағайындауды қажет етпейді. Сондықтан, дәрігерлер коронавирус инфекциясының белгісі аз болып ауырғандар үйде емделуі керек екенін ескертеді. Десек те, өздігінен ем қабылдамауға кеңес береміз. Учаскелік дәрігердің қадағалауында болған дұрыс. Көп препараттарды стационарлық жағдайда тек дәрігерлер ғана бере алатындықтан, симптомы аз және симптомсыз науқастарға дәрілерді өздігінен қабылдауға болмайды.

Дәрі ішкеннен көрі ақуызы (белок) көп тамақ жеп, сұйықтықты, әсіресе С, Д дәрумендерін ішу керек. Дене қызуы көтерілген жағдайда парацетамол, ибупрофен тағайындалады. Дене қызуы 38 градустан асып кетсе, бұлшық еті ауырып, әлсіздік байқалса, бас ауырып, жөтел пайда болса, кеуде тұсы ауырса, дәрігерге жүгініп, өкпе қабынуының алдын алу керек. Ол үшін көкірек қуысына рентгенологиялық зерттеу немесе компьютерлік томография жүргізіледі.

– Вируспен ауырғандардың дене қызуы үш күнмен шектелуі мүмкін жағдайлар орын алуда, сондай-ақ жеті күнге созылғандар да бар. Оның айырмашылығы неде? COVID-19-ды қайта жұқтыру мүмкін бе?

– Вирусты қайта жұқтыру, жұқтырмау жағдайы адамның иммунитетіне байланысты. Жұқтырған иммунитеттің инфекциямен соқтығысуы күшті болған сайын, болашақта адамды сол вирусты қайта жұқтырудан қорғайды. Қазіргі таңда вирусты симптомдарсыз жұқтырғандар бар. Бірақ, болашақта сол типтегі инфекцияға олардың иммунитеттері қарсы тұра ала ма, жоқ па белгісіз.

Жалпы, вирустың симптомдары аурудың жеңіл түрде өтуі кезінде 10- 14 күннен басталса, күрделі жағдай кезінде бірнеше аптаға дейін созылады. Ал, тұмау кезінде ауру 5-7 күнге дейін орташа деңгейде өтеді. Сондықтан, оның көлемі суық тиюге немесе тұмауға қарағанда айтарлықтай ұзақ. Оның үстіне бактериалды және коронавирусты пневмонияның айтарлықтай айырмашылығы бар. Коронавирус инфекциясына күдігіңіз болса, дереу учаскелік дәрігерге қаралған жөн. Дәрігер сілекейлі қабықшада вирус бөлшектерін анықтау үшін мұрыннан және аңқадан алынған жағындыны COVID-19-ға тексеруге жібереді.

– Бактериалды және коронавирусты пневмонияның айырмашылығына тоқталып өтсеңіз…

– Бактериалды пневмония кезінде науқастың өкпесінде, төменгі тыныс алу жоларында бактериялар жиналып, ірің пайда болады. Өкпе ауруының қоздырғышы коронавирус болса, онда жасушалық қабыну элементтерінің түсімі дәнекер тінге шабуыл жасайды.

Жоғарғы тыныс жолдарының эпителиялары коронавирус кіретін қақпа болса да, оның соңғы нүктесі – альвеолярлық эпителий, яғни, төменгі тыныс жолдары.

Өкпенің коронавирустық зақымдануы екі жақты сипатқа ие болып, бұл өзгерістер өкпенің түрлі сегменттеріне әсер ететіндіктен, өкпенің зақымдану пайызы бактериялық пневмонияға қарағанда әлдеқайда жоғары. Қазіргі таңда әлем бойынша коронавирусты пневмонияға басқа атау берілмек.

– Көпшілік қымыз ішіп, құйрық май жеу арқылы індеттен айығамыз дегенге сүйеніп отыр. Ал, иттің етін жеп, майын ішіп, адыраспан түтіндету арқылы аурудың алдын аламыз дегендерге айтарыңыз бар ма?

– Өкініштісі сол – халық емінің тиімділігі әлі де ғылыми тұрғыда дәлелденбеген. Нақты бір әдістері болмаған соң, «осылай істеңіз» деп айта алмаймыз, себебі, кеңінен жарнамалауға болмайды. Дәрігер ретінде тек ғылыми дәлелдемесі бар медицинаға сенім артуға кеңес беремін.

– Әңгімеңізге рахмет, еңбегіңіздің жемісін көріңіз!

Сұхбаттасқан Аяулым СОВЕТ.