Әлеуметтік-еңбек саясаты: еңбек дауы азайды
Компаниялардың әлеуметтік-еңбек саясаты сейсенбіде республикалық деңгейде сарапқа салынды. Әлеуметтік жауапкершілік пен еңбек қатынастарын реттеудің тетіктеріндегі олқылықтар жария етіліп, ұсыныстар мен пікірлер талқыға түскен республикалық семинар-кеңеске Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар МАМИН келді. Сондай-ақ, еліміздің 7 өңірінен өкілдер және бар. «Компаниялардың әлеуметтік-еңбек саясаты: тәжірибе және даму перспективалары» тақырыбындағы семинаркеңеске аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВ та қатысты.
Қарағандыда өткен өңірлердегі өнеркәсіп пен кәсіпорындардың әлеуметтік саясатының әлеуетін арттыруды мақсат тұтқан республикалық семинар-кеңеске Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Павлодар облыстарынан және Астана қаласының ірі компания жетекшілері де арнайы шақырылған. Салалық жетекшілер, кәсіподақ ұйымының өкілдері де ұмыт қалмапты.
Семинар-кеңесті ашқан Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин Үкіметтің жұмысшылармен, жұмыс берушілер және мемлекет арасындағы диалогтың сапалы және қолжетімді болуы үшін барлық қажетті шараларды қабылдауда екенін атап өтті.
– Соңғы жылдарда еңбек қақтығыстары бес есеге дейін азайған. Осы бағыттың ілгерілеуін қамтамасыз ету үшін шаралар жүйелі түрде қабылдануда. Атап айтқанда, еңбек кикілжіңдерінің алдын алуда мемлекеттік органдар мен әлеуметтік серіктестердің өзара байланыс алгоритмі құрылған, бұған жұмыс берушілердің республикалық бірлестіктері де белсенділік танытуда. «Самұрық-Қазына» АҚ-ның жұмысшыларға қатысты әлеуметтік, кадрлық, коммуникациялық саясат тиімділігі бағаланатын Әлеуметтік тұрақтылық индексін құру жөніндегі тәжірибесін енгізу жоспарлануда. Жұмысшылардың еңбекақысын дер кезінде және толық көлемде төлеу құқығын қорғау күшейтіле түседі, – деді бірінші вице-премьер. Сонымен бірге, еліміздегі еңбек кикілжіңдерінің 30 пайыздан астамы еңбекақыны уақытылы төлемеуден туындайтынын атады.
Ел ішіндегі еңбек саласының дамуы мен қазіргі ахуалына тоқталған вице-премьер кәсіпорындардың жұмыс күші легін басқаруды назарға алу да әлеуметтік-еңбек саясатында маңызға ие екендігін жеткізді. Мәселен, болжам бойынша 2030 жылға қарай өндіріс пен өнеркәсіптегі еңбек күшінің 45 пайызын жаңа технология меңгермек. Яғни, өндіріс автоматтандырылады. Сол себепті кәсіпорындардың еңбек легін басқаратын жол картасы болуы тиіс. Бүгінде аймақтардағы кәсіпорын, өндіріс орындарының 700-інде осындай жол картасы жасалған. Сол арқылы олар жұмысшыларды қайта даярлаудан өткізу секілді ұтымды шараларды қолданатын болады.
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Мәдина Әбілқасымова еңбек қатынастарын реттеуге қатысты атқарылған шараларға тоқталды. Министр өз сөзінде бүгінгі арнайы семинар-кеңестегі еліміздің 7 өңірінде 74-тен астам белсенді кәсіпорын барын, онда 2 млн.700 қазақстандықтың нәпақасын айырып отырғанын тілге тиек етті. Сондықтан да, бүгінгі семинарда осы өңірлердегі әлеуметтікеңбек саясатындағы өзекті мәселелер талқыға түсуде екенін айтты. Осы орайда Үкімет тарапынан қойылған міндеттерді орындау үшін министрліктің қандай шаралар қабылдағанын баяндады. Министрдің айтуынша, қабылданған шаралардың барлығы да республикалық деңгейдегі үшжақты комиссияда сарапқа салынып, назарға ұсынылған. Бұл 5 міндеттің қатарында Елбасы Жолдауындағы тапсырмаларды жүзеге асыру, еңбек дауларының алын алу, еңбеккерлердің құқықтарын қорғау, оның ішінде, еңбекақысын уақытылы төлеу, жұмыс орындарында жарақат алуды азайту, жұмысшы легін басқарудың жол картасын іске асыру бар.
– Бірінші міндет аясында Мемлекет басшысы Үкімет және жергілікті әкімдікке халықтың табыс пен тұрмыс сапасын арттыру міндетін қойды. Бұл міндетті орындаудың кілттік факторы – 2019 жылдың 1 қаңтарынан ең төменгі еңбекақыны 1,5 есеге көбейту немесе 42 500 теңгеге дейін өсіру болып табылады. Осыған сәйкес заң дайындалып, Мәжіліске жіберілді. Жылдың соңында қабылданады, – деді министр Мәдина Әбілқасымова. Төменгі жалақы алатын 1 млн.300 мың адамға еңбекақының өсуі оң ықпал етеді деп күтілуде. Жүргізілген талдау-зерттеулер 2200 кәсіпорында 1 миллионға дейінгі адам ең төменгі еңбекақыдан аз жалақы алатыны анықталған. Дегенмен, бүгінде 74 мың жұмысшысына еңбекақы өсіруге дайындығын көрсеткен компаниялар бар дейді.
Ал, еңбек қатынастарының және еңбек ұжымдарының кикілжіңдерінің алдын алу үшін жүйелі қабылданған шаралардың нәтижесінде ондай даудамайлар кейінгі бес жылда бес есеге кеміпті. Оған шараларды қабылдау алгоритмі, келіссөздер жүргізушілердің пұлын, еңбек омбудсменін құру секілді қабылданған шаралар әсер еткен. Жұмысшылардың еңбек құқықтарын қорғауда, соның ішінде, уақытылы еңбекақы төлеуде де бірқатар жұмыстар атқарылған. Министр мәлімдеген деректерге сүйенсек, бүгінде еліміздегі кәсіпорындардың жалақы бойынша берешегі 1764 млн. теңге шамасында екен. Оның ішінде, Қарағанды облысының үлесі – 103,6 млн.теңге көлемінде. Елдегі берешек 39 кәсіпорынның 26 пайызында ағымдағы қарыз болса, 74 пайызы банкротқа ұшыраған. Мемлекеттік еңбек инспекторларының қолданған шаралары арқылы 1,3 млрд.теңге өндірілген. 13 мың жұмысшының еңбек құқы қорғалған. Бұдан соң өндірістегі жарақат алуға және зиянды жағдайларды азайту бағытындағы жұмыстар мәлімделді.
Ал, Қарағанды аймағында 20 мыңнан астам кәсіпорын бар, онда 340 мың тұрғын еңбек етеді. Аймақтың жалпы өніміндегі бұл өндірістердің үлесі 49 пайызға жуық. Еңбек дауларын шешудегі жергілікті атқарушы биліктің Еңбек тәуекелдерінің картасына сәйкес осы жылы Қарағанды облысы жоғары тәуекелді аймақтар тізімінен шығарылған екен. Бұл – биліктің жұмыс берушілермен және өзге де мүдделі тараптармен жүргізген жұмысының нәтижесі. Сонымен бірге, облыстағы кәсіподақтың ролін күшейту мақсатында кәсіподақ орталығы базасында татуласу орталығы да құрылыпты. Жалпы, семинар-кеңесте айтылған пікірұсыныстар алдағы уақытта ескеріліп, әлеуметтік-еңбек саясатын іске асыруда өз септігін тигізбек.
Қызғалдақ АЙТЖАНОВА,
«Орталық Қазақстан»