Латын әліпбиі – дамуға серпін
Латын әліпбиіне көшу – ғылым мен білім, өнер мен мәдениет және өзге де салалардың дамуына тың серпін беретіні ақиқат. Әсіресе, еліміздің рухани өмірінде жаңашылдыққа жол ашады. Қазақстанның Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ: «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл қазіргі заманғы технологиялық ортаның, коммуникацияның, сондай-ақ ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру үрдісінің ерекшеліктеріне байланысты» деген болатын. Яғни, бұл мәселеде ұстаздарға жүктелер жүк те, атқарар міндет те ауыр деген сөз. Латын әліпбиін сауатты меңгерген мұғалімдер дайындау – күн тәртібіндегі мәселе.
Дамудың даңғыл жолына түскен тәуелсіз еліміздің жаңа белестерді бағындыруы – өскелең ұрпақтың қолында. Латын әліпбиін қолданысқа енгізу арқылы жастардың бойында ана тілге деген құрметті қалыптастырамыз. Шұбарланған тілімізді тазалауға, салтдәстүрімізді сақтауға, рухымызды асқақтатуға мол мүмкіндік туғызады. Сондай-ақ, рухани құндылықтарымызды дамытудың төте жолы. Тарихымызды түгендеп, ғылымның әлеуетін арттырады. Білім сапасын әлемдік деңгейге көтереді. Бір сөзбен, ұлтты айшықтайтын, елдікті ерекшелейтін, тәуелсіздікті танытатын символдардың бірі.
Тіл – ұлттың тірегі. Уақыт талабы болып отырған латын графикасы – шұрайлы тіліміздің табиғатын сақтаудың, асқақтатудың айғақты амалы, қарымды қарекеті. Бұл ретте мектептерде латын әліпбиін үйрету үшін алдымен ұстаздың да, ата-ананың да психологиялық дайындығы аса маңызды. Әлбетте, бейімделу уақытты талап етеді. Екі жақ жете түсінген жағдайда ғана нәтиже оң болады. Қазіргі уақытта педагогтер әліпби нұсқасын үйреніп қана қоймай, басталған істің әрі қарай дамуына өз үлестерін қосуда. Дегенмен, айта кететін бір жайт, аз уақыт өтсе де, біртіндеп енгізіле бастаған латын қарпіне оқушылар да бейімделіп қалды. Себебі, олар ағылшын тілін бастауыш сыныптардан меңгереді. Яғни, әріптердің таңбасынан бірден дыбысталуын біліп тұрады. Оның үстіне балалар интернет тілін еркін меңгерген. Қазақ тілін латын графикасына көшіру – жастарға шет тілдерін жетік үйренуге де септігін тигізетіні сөзсіз.
Менің мамандығымда латын қарпіне қатысты сөздер жиі қолданылады. Мәселен, географияда – жер-су, орман-тоғай, тау-тас атаулары, биологияда – өсімдіктер аттары, зоологияда – барлық систематика, аң-құстар мен жан-жануарлар атаулары латын графикасымен таңбаланған. Егер, бүгінгі ұрпақты осы графикамен оқытуды жалғастырсақ, олардың білім мен ғылымға деген қызығушылығы артар еді. Терминдер түйсіктерінде тез тоқылатын еді.
Бүгінгі таңда әлем мемлекеттерінің 71%-ы латын графикасын, ал 12 мемлекет кириллица жазуын пайдаланады екен. Демек, латын әліпбиіне көшу – дамыған елдермен терезе теңестіру, өркениетке ұмтылу. Тіпті, ол аз десеңіз, латын қарпін Алаш қайраткерлері де қолданған. Сондықтан, ол біздің ұлт үшін таңсық дүние емес. Әлемдік тарихта әліпбиді ауыстыру оқиғалары көп. Бірқатар еуропалық әліпбилер жаңартылды. Мәселен, Түркияны атап өтуге болады. Түрік халқы араб әліпбиінен латын қарпіне ауысты.
Ахмет Байтұрсынұлы «Өз тілімен сөйлеген, өз тілімен жазған жұрттың ұлттығы еш уақытта құрымайды» деген екен. Ендеше елдігіміздің мәңгілігі үшін рухани жаңғыруымызға темірқазық болатын латын әліпбиін енгізуде де енжарлық танытпай, бірлігімізді көрсетуге тиіспіз. Бұл бүтін бір мемлекет халқының ақпараттық қолжетімділігін арттырып, ізденіс, таным көкжиегін кеңейте түседі. Рухани кемелденуге мол мүкіндік туғызады.
Гүлайман ІЛІМБАЕВА,
№102 мектеп-гимназиясының биология және өзін-өзі тану пәндерінің мұғалімі.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.