АймақРуханиятСаран

Жалынды жырлары – жасампаз ұрпаққа мұра

Жұбан МОЛДАҒАЛИЕВ – Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының иегері, Қазақстанның Халық жазушысы, жалынды жырларын жасампаз ұрпақ ұран еткен қазақтың ақиық ақыны. Биыл ақынның туғанына – 100 жыл.

Қаламгер 1920 жылдың 5 қыркүйегінде қазіргі Батыс Қазақстан облысы, Тайпақ ауданы, Жыланды ауылында жарық дүние есігін ашты.1970 жылдары жазылған «Өзім туралы, өлең туралы» өмірбаяндық беташарында «Мен 1920 жылы Орал облысы қазіргі Тайпақ ауданындағы Жыланды деген жерде дүниеге келдім. Көктемде көз жасындай сығып шығарып, жыланып ағатын, жазда кеуіп қалатын «Жылан» деген өзен сымақты көз алдыңызға келтіріңіз. Осыған қарап менің руластарымның қалай тіршілік еткенін шамалауға болады. Бір жұтым су үшін жасағанға жалбарынып, сол үшін шын мағынасында алысып өтіпті. Мұңмұқтаждық жағынан өз әкем Молдағали да кенде қалмапты. Жұрттың айтуынша, ол жарлы, жуас кісі болыпты» дейді. Ә

кесінен ерте айырылған ақынның өмірінде анасы Зеріп ананың алатын орны ерекше. Өмір әлібін де, ата-ана тәлімін де анасынан алып, зерделеп ойға түйіп өседі. Зеріп ана қазақтың «Батырлар жырын» жатқа айтқан жандардың бірі екен. Анасының осы қасиеті ақынның өлең-жырға өте ерте әуестенуіне әсер етсе керек. Жұбан Молдағалиев анасы туралы «Жас кезінде ақын атанып, айтыстарға түскен аяулы анам кейін жесір қалып, күңдік қамытын кигенде, сәл қолы босай қалса, мені алдына алып отырып, өзінен-өзі өлеңмен сыр шертетін, шер тарқататын. Қазақ эпосының көптеген шығармаларын жатқа білетін сол кісі мені шын мәнінде өлеңмен ауыздандырды» деп жазады.

Жұбан Молдағалиев ғасыр нәубетін: жоқшылық пен жетімдікті, ашаршылық көрген, дүниежүзілік сұрапыл соғысты басынан кешірген майдангер-қаламгер, советтік тоталитарлық жүйенің езгісінде өмір сүріп, адамшылық қасиетін, кісілік тұлғасын сақтап қалған азамат ақын, оның бұл қасиеттері туындыларындағы ой-толғаныстары мен көзқарастарында, өмірлік ұстанымдарында айқын көрінеді. Ақынның жүрегінен шыққан жырлары халықтың талғамынан орын алып, аға буын да, өскелең жас ұрпақ та айтып жүрген танымал өлең жолдарына айналды.

Өмірде ащы қандай, тәтті қандай –
Кім қалай біледі өзі татып алмай?
Ұғасың, ардақтайсың адамды да
Адамға іс болса татығандай.
♦ ♦ ♦
Адамды тіріде тек бағалайық,
Ардақтап апалайық, ағалайық
Бас дейік, батыр дейік, биік дейік
Жоқ болса ожданына татар айып.
♦ ♦ ♦
Ашыққанға нан арман,
Адасқанға таң арман,
Ауырғанға жан арман,
Арман, арман, сан арман,

– деген өлең жолдарын, «Мен – қазақпын» атты әйгілі поэмасын білмейтін қазақ кемдекем шығар.

Жұбан Молдағалиев «Ерікті тақырыптарға толғаныс» деген мақаласында: «Біз жұмсаған күш-жігердің, ынта ықыластың бәрі бірдей салтанат, бәрі бірдей самғау бола берген жоқ. Ірі-ірі сәтсіздіктерге ұшырадық, қателіктерге ұрындық. Айтайын дегеніңді айта алмай, көлеңкеңнен үркіп, қателесуден қорыққан жерде – демократия да жоқ. Кешегі күндердің қатал сабақтары осыны сипаттайды» деп жазды. Жетпіс жыл салтанат құрып, әлемде ұлы империяға айналып үлгерген Советтер одағы күйреп, қазақ елінің мемлекеттік тәуелсіздігін көру Жұбан ақынның тағдырына жазылмады, ақын 1988 жылғы 6 қазанда Алматы қаласы ауруханасында қайтыс болады.

Жалындап өткен Жұбан ақынның еліміздің аса бай тарихын, ұлттық дәстүрі мен биік өнер өресін, өнегелі өмірін, өсіп-өркендеуін өн-бойына өзек еткен отты өлеңдері ұрпақ жадында мәңгі сақталмақ.

Жұбан ақынның нар тұлғасы, қазақы кеңдігі, кісілік келбеті және асыл қасиеттері жайлы, оның өмірі мен өлеңдері жайлы еңбектер: Ж.Молдағалиев «Шығармалар жинағы», «Таңдамалы шығармалар», ІV томдық шығармалары және тағы да басқа кітаптарды қаламыздың кітапханаларынан таба аласыздар.

Мен — казақпын, биікпін, байтақ елмін,

Қайта тудым, өмірге қайта келдім.

Мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске –

Айта бергім келеді, айта бергім…

Құрметті оқырман қауым, Жұбан Молдағалиевтің ғасырлық тойы құтты болсын!

Г. ХАНАФИНА,

Саран қаласы орталық қалалық кітапханасының қызмет көрсету бөлімінің жетекшісі.

САРАН қаласы.

Басқа материалдар

Back to top button