Жүректің айнасы
Жұмыр басты пенде үшін бұл жалғанның ең бір ауыр, зіл батпан сыны – жүректі таза ұстау. Кірлетпеу. Кір шалдырмау. Бұл дүниенің былық-шылығымен былғанбау. Кірлеп қалса, тазалау. Қарасаңыз, абстрактілі нәрсе. Бірақ, иманның ақиқаты – сонда. Ал, сол жүрегіңізге өзіңіз бір мәрте үңіліп көрдіңіз бе? Шошыған жоқсыз ба?.. Шошисыз… Иманы жоқ жүректен асқан құбыжық жоқ…
«Алла адамның түр-әлпеті мен малмүлкіне қарамайды, оның жүрегіне қарайды» деген хадис бар. Ниет, пейіл, жақсылық, жамандық, адалдық, арамдық, әділдік, қиянат, бәрі-бәрі осы жүректен шығады. «Жүрегі қара» дегенде қазақ осыны айтса керек. Ол өз «қаралығымен» қоймай, жан-жағына да «күйесін» жаға бастамай ма? Жүрегі лайланған адамның маңайын да ластайтыны мәлім ғой. «Жүрегі үлкен» дейтін де қазақ. Онысымен жүректің тазалығын мегзесе керек…
…Әжем марқұм айтатын еді… «…Сәби өмірге келгенде жүрегі кеудесіне сыймайды. Жүрегі үлкен болады. Содан баланың аласұрып, алысып, жұлысып, секіріп, қолды-аяққа тұрмай, ұшып-қонатыны. Кішкентай кеуде қуысы үлкен жүрегіне тарлық қылғандықтан. Сондықтан, бала жүгіріп ойнағанда «отыр» деп ұрыспа. Ал, бала өсе келе ол жүрек күнә атаулыны көріп, кішірейе бастайды-мыс. Сөйтіп, жұдырықтай боп қалады» деп. Кейде осы бір әпсанада шындық бар ма деп те ойлаймын. Бала күнде ешкімде арам пиғыл жоқ. Бүгін ренжісіп, ертең татуласып, ойнап жүре береді.
Жүрек, расында үлкен. Кешірімді. Ұмытып кетеді. Ренішті атымен білмейді. Таласқа түскен байлық, тартысқа түскен лауазым, көкпарға түскен атақ жоқ. Өсе келе, содан із қалмайды. Керісінше, қызғаншақтықтан, тарлықтан, көре алмаушылықтан ішке қан қата бастайды. Енді ойлаймыз, осы күні жүректер жұдырықтай емес, ашкөздіктен, пендешіліктен бір жапырақ боп қатып қалған шығар деп. Адамдардың көбінде мейірім-қайырымнан мақұрым қалып жатқаны содан ба, бәлкім?! …«Жүрек – тірі жандылардың дене мүшелерінің патшасы» дегенді оқығанымыз бар еді бір жерден. Сол Патшамызды құлқынның құлы қылғанбыз бұл күні. Тағы Абайға жүгінейік…
…Абай хакім қырық үшінші қара сөзінде: «…жүректі мақтаншақтық, пайдакүнемдік, жеңілдік, салғырттық – бұл төрт нәрсеменен кірлетпей таза сақтаса, сонда сырттан ішке барған әр нәрсенің суреті жүректің айнасына анық рәушан болып түседі. Егер де бағанағы төрт нәрсемен жүректі кірлетіп алсаң, жүректің айнасы бұзылады…» деген екен. Кейбір пендеуи іс-әрекетті көргенде солардың жүрегінің айнасыз қалғандығын аңғарамын. Айнасыз қалған, өзінің кесікін келбетін көрмеген адам қандай? Онда көркемдік жоқ. Жүрек те тап сондай. Жүректің көркемдігі – оның тазалығында, айнасында…
…Сіз ше? Сіз жүректің айнасын бұзып алған жоқсыз ба?!
Қызғалдақ АЙТЖАН,
«Ortalyq Qazaqstan» газетінің бөлім меңгерушісі.