Руханият

Алаш азаматына арналды

Елімізде 10 тамыз – Абай күні болып жариялануы – қазақ руханияты жаңғыруының көрінісі болды. Осы айтулы күнмен Қазақстанның техникалық ғылымының дамуына үлкен үлес қосқан көрнекті ғалым, Қазақстанның тау-кен көлігі саласындағы ғылыми бағыттың негізін салушы, Қ.Сәтбаев атындағы сыйлықтың лауреаты, техника ғылымдарының докторы, профессор Асылхан ДАНИЯРОВТЫҢ 85 жылдығы қатар келді. Ширек ғасыр бұрын өмірден өтсе де артына қалдырған мол ғылыми мұрасымен, ізін жалғастырған шәкірттерімен үзілмей ғылыми ортада жалғасып келе жатқан сабақтастық ұлы Абайдың «Өлді деуге бола ма, ойлаңдаршы, өлмейтұғын артына сөз қалдырған?» деген өсиетін айғақтап тұрғандай.

Осыған орай, Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінде ғалым А.Данияровтың туғанына 85 жыл толуына және Қарағанды қаласына арналған «Адам тағдырының айнасы» атты орыс тіліндегі монографиялық еңбек жарық көрді. Үш бөлімнен тұратын еңбектің авторлары – ғалымның ұрпақтары, техника ғылымдарының докторы, профессор Н.Данияров және тарих ғылымдарының кандидаты, доцент А.Даниярова. Ғылыми еңбектің мазмұнының өзегі мен түйіні ХХ ғасырдың 60-80 жылдарында қазақстандық ғылым мен білім саласының көрнекті ұйымдастырушысы, республиканың тау-кен көлігі ғылыми мектебінің жетекшісі А.Данияровтың зерттеуші-ғалымдық, педагогтік, жоғары білімді ұйымдастырушылық қызметіне тоғысқан.

«Тарихтағы тұлға рөлі – мәселенің тарихи-әдіснамалық аспекті» деп аталған бірінші бөлімде тарихи ғұмырнама дәстүрлеріндегі жеке тұлғаның рөлі және отандық тарихнамадағы жеке тұлғаны зерттеу мәселелері қарастырылған. Тарихи тұлға қызметінің сипаты тарихи дамудың шарттылығы мен заңдылықтары арқылы ашылатын болса, ал тұлға өмірін зерттеу арқылы қоғамның ол өмір сүріп, қызмет еткен кезеңдегі саяси, әлеуметтік-экономикалық дамуы жайында біле аламыз.

Ғылыми басылымның екінші бөлімі А.Данияровтың өмірі мен ғалымдық қызметіне арналған. Техника ғылымдары бойынша 1965 жылы кандидаттық, 1984 жылы докторлық ғылыми атақтарын қорғаған Асылбек Нұрмұхаметұлының барлық өмірі мен қызметі Қарағанды тау-кен институтының өсіп, дамуымен тығыз байланысты. 1968-1993 жылдары Қарағанды политехникалық институтының «Өнеркәсіп көлігі» кафедрасының меңгерушісі, 1970-1987 жылдары институттың кешкі және сырттай оқу бөлімінің проректоры қызметтерін атқарды. Ол өзінің тамаша қабілеттерін, терең білімін, ғалымдық қызметін тау-кен ісінің маңызды мәселелерінің бірі – Қазақстанның кен өндіру өнеркәсібіне арналған арнайы көлік құралдарын зерттеуге және жасауға жұмсады. Осы салаға арналған ғылыми еңбектерінің ұзын саны 200-дей, оның ішінде 40 авторлық куәлік, 14 оқу құралы, 18 оқу-әдістемелік құралдар әзірленді.

А.Данияровтың басшылығымен «Өнеркәсіп көлігі» кафедрасында алғаш рет жоғары ғылыми және әдістемелік деңгейде «Тау-кен көлігі машиналары және автоматтандырылған кешендер», «Тау-кен көлігі машиналары мен кешендерін жобалау» тақырыптарына дәрістер оқылды. Ғалымның ұсынысымен 1973 жылдан бастап Қарағанды политехникалық институтында «Өнеркәсіп көлігі» мамандығы ашылды. Көп жылғы зерттеу еңбегінің нәтижесінде 1984 жылы көлемі 20,9 баспа табақтан тұратын «Основы проектирования и расчета карьерных пластинчатых конвейеров» атты монографиялық зерттеуі жарық көрді. Және ғалымның жетекшілігімен 21 кандидаттық диссертация қорғалды. Ірі ғалым кенші-ғалымдардың ғылыми дүниетанымында із қалдырды, оларды ғылыми-техникалық көзқарастарға дағдыландырды, машықтарын қалыптастырды.

1975-1993 жылдары А.Данияров КСРО Жоғарғы оқу орындары министрлігі мен Ресей Федерациясының өнеркәсіп көлігі Ғылыми-әдістемелік кеңесінің мүшесі ретінде республика былай тұрсын, Кеңестер Одағында өнеркәсіп көлігі мамандарын даярлауға үлес қосты. Техника мамандарын даярлау мен ғылымға қосқан қомақты үлесі үшін КСРО-ның, Қазақстанның жоғары атақтарына ие болды.

«Адам тағдырының айнасы» ғылыми еңбегінің үшінші тарауы толықтай ғалымның студенттік, аспиранттық жылдардағы өмірінен сыр шертеді, А.Данияровтың күнделігіне арналған. Оқыған сайын оқиғаларының әрқилылығымен оқырманды өзіне тарта түсетін күнделіктің ерекшелігі – оның қарапайым тілмен баяндалуы. Ғалыммен қарым-қатынаста болғандардың барлығы оның әрдайым жоғары адамгершілік қасиеттерін атап айтады. «Табиғи дарындылығы, ұйымдастырушылық қабілеттері, техникалық интуициясы, бірегей теориялық білімі – А.Данияровтың іскерлік қасиеттерін анықтайды. Сонымен бірге оның тағы бір асыл қасиеті – үлкен адамшылығы болды» дейді академик Ә.Сағынов.

Сәуле ҚАСЫМОВА,

тарих ғылымдарының кандидаты,

доцент.

Қарағанды техникалық университеті.

Басқа материалдар

Back to top button