АймақШет

Кенттегі сұлулық салоны

Өзгеге алақан жаймай, нарықтық заманда кәсіптің көзін тауып, берекелі істің игілігін көру әрине құптарлық жайт. Бүгінде заман көшіне ілесіп, ата кәсіпті дамытып, дүкен ашып, я болмаса сәндік салонға көңіл бөліп жатқан жас кәсіпкерлер Шет ауданында да жетерлік. Соның бірі Ақадыр кентіндегі Айжан Балтабай.

Шет ауданына барған сапар барысында «Айжан» сұлулық салонына бас сұғып, жас кәсіпкердің тыныс-тіршілігімен танысқан болатынбыз. Өткен жылы ашылған бұл жаңа нысан бүгінде өз тұтынушыларын жинап та үлгерген. Іші жинақы, шағын болса да шашаусыз, жаңа жиһаздар, ерекше талғаммен орналастырылған. Шаштаразға қажетті құрал-жабдықтары мен ұсақ-түйек заттарына дейін бәрі де үйлесімділікпен өз орнын тапқан. Шаштараз бүгінде бір адамды жұмыспен қамтамасыз етіп отыр.

Кейіпкерімізді жұмыс орнында жолықтырып, әңгімеге тартқанымда: «Еңбектің көзін тапсаң, байлықтың өзін табарсың» дегендей, жұмыс істеймін деген адамға жұмыс табылады. Тек ынта мен ықылас, талап пен қажыр қажет. Жыраққа кетпей өз жеріңде еңбек ету – тағы бір бақыт дер едім. Кент тұрғындарына бүгінгі таңда қажет болғандықтан шаштараз ашуды дұрыс көрдім. «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік курсынан өтіп, аудан әкімінің жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатында берілетін грантын иелендім. Сөйтіп, сән салоны жұмысын бастап кеттім. Әрине, алғашында қиындықтар болды. Кент халқына титімдей болса да бір пайдамның тиетініне мен де қуаныштымын. «Еңбек – бәрін жеңбек» демекші туындаған мәселелер де артта қалды. Бүгінде тұтынушылармыз да бар, жұмысымыз да жаман емес» – дейді Айжан.

«Айжан» сәндік салоны қазір нәзік жандыларға шаш қию, шаш сәндеу, оны жуу мен кептіру, әр түрлі үлгідегі шаш бояу қызметтерін көрсетуде. Айтпақшы, шаштаразда балалар мен зейнеткерлерге жеңілдіктер де қарастырылған. Айжан әңгімесінде алдағы уақытта 2 адамды жұмысқа қабылдап, кәсібін кеңейтсем деген жоспарын да жасырып қалмады.

Қиындыққа қаймықпаған нәзік жанды кейіпкеріміздің бастамасына сәттілік тілеп, еңбегінің көркейе беруіне біз де тілектестігімізді білдірдік. 

Думан ҚАБЫЛ.

ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button