Екі үй салынады

Халықты баспанамен қамтамасыз ету мәселесі кез келген мемлекеттің негізгі басымдығы екені белгілі. Балқаш қаласында осы бағыттағы шаралар «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында атқарылып келеді.

«Өңірлерді дамыту – 2020» бағдарламасы аясында жасалған құрылыс, тұрғын үй саласындағы жұмыстар орасан. Өйткені, аталған бағдарламада мемлекет қаражаты есебінен тұрғын үй салу, құрылыстарды жүзеге асыру мәселесі жан-жақты қарастырылған. Былтыр Балқашта 5497 шаршы метр тұрғын үй салынған. Биыл 10800 шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Соңғы жылдары тұрғын үй, негізінен, «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында бюджет қаражаты есебінен бой көтеріп, қоныстанушылар көбейген.

– «Нұрлы жер» бағдарламасының халықтың тұрғын үй жағдайын жақсартуға арналған көптеген бағыттары бар. Соның бірі – «Тұрғын үй салуға жеке құрылыс компанияларын ынталандыру» деп аталады. Бүгін осы бағыт аясында алғашқы үй пайдалануға беріліп, жергілікті «Балқаш Жібек Жолы» ЖШС құрылыс жұмыстарын жүргізуде. Компания негізі қаланған уақыттан бері облыс көлемінде көптеген құрылыс нысандарын салып, нарықтағы сенімді серіктес ретінде өз орнын алған. Серіктестіктің қуатты өндірістік базасы жұмысқа қажетті барлық құрылғылармен жабдықталған. Қаламыздағы №10 шағын ауданның №16 үй мекен-жайы бойынша көппәтерлі тұрғын үй салу үшін келісімшарт жасалды. Сондай-ақ, аталмыш ауданда №17 үйдің құрылысы да жүзеге асырылады, – дейді Балқаш қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Саятбек Мусин.

Құрылыс бөлімінің басшысының айтуынша, шағын шаһардағы үйлердің құрылысын қаржыландыру үшін бюджетке өтінім ұсынылған. «Нұрлы жер» бағдарламасы қалада сәтті жүзеге асып жатыр. Оның шапағатын алдағы уақытта тұрғындар көреді. 

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.