БалқашРесмиСаран

Саранда автобус шығарылады

ҚР Премьер-Министрінің орынбасары Роман СКЛЯР мен облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК аймақтағы жол құрылысы және ірі инвестициялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Қарағанды, Саран және Балқаш қалаларындағы нысандарға барды. Жұмыс сапары барысында вице-премьер Саран қаласындағы бұрынғы РТИ зауытының базасында автобус, жол-құрылыс және карьерлік техника өндірісі бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асыруға қатысты Жол картасына қол қойды.

Роман Скляр Қарағанды-Теміртау автомобиль жолының учаскесін қарап шықты. Мердігерлер жөндеу жұмыстарын бір ай ішінде аяқтауға уәде беріп отыр. Жол алты жолақты болады. Тәулігіне 20 мыңнан астам автокөлік өтеді деп жоспарлануда.

Вице-премьер Қарағандыдағы жаңа жолдардың құрылысымен танысты. Биыл жалпы ұзындығы 48,3 шақырым Солтүстік және Шығыс айналма жолдарын аяқтау жоспарлануда.

ЖЭО-3-тің М-10 жылу магистралін қайта жаңарту барысы да назардан тыс қалмады. Жұмыс өткен жылы басталып, қазір аяқталуға жақын. Бұл 60 мыңға жуық қарағандылықты үздіксіз және сапалы жылумен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Саран қаласында Премьер-Министрдің орынбасары «Kazcentrelectroprovod» ЖШС-де болып қайтты. Кәсіпорын кабельдік-өткізгіш, телекоммуникациялық және электротехникалық өнімдерді, металл құрылымдарын шығарады. Серіктестіктің Бас директоры Сергей Кимнің айтуынша, осы жылдың бес айында өндіріс көлемі 1,7 млрд. теңгеден асқан. Кабельдерді шығару екі есе өсті. Өндіруші республика қажеттілігін қамтамасыз етеді. Өнімдері ауылдарды цифрландыру кезінде қолданылады. Сондай-ақ, кәсіпорын Ресей мен Өзбекстанға экспортқа шығып, Еуропа нарығына жол ашты.

Роман Скляр «Yutong» маркалы автобустар мен арнайы техника өндірісіне қаражат салатын инвесторлармен кездесті. Кәсіпорын бұрынғы РТИ зауытының базасында жұмыс істейтін болады. Қазір құрылыстың бірінші кезеңі басталды. Аумақ және болашақ цехтар ретке келтірілуде. Келесі құрылыс-монтаж жұмыстарының кезеңі 3-4 тоқсанға жоспарланған. Оған шатырды жөндеу, ғимараттардың өзін және зауытқа іргелес жатқан теміржолды қайта қалыпқа келтіру сияқты жұмыстар кіретін болады.

Өндірісті іске қосу және алғашқы автобустарды шығару биылғы жылдың желтоқсан айына белгіленген. Сонымен қатар, зауытта машина жасау саласында қосымша жобаларды жүзеге асыру жоспарлануда. Зауыттың қуаттылығы – жылына 1 200 автобус және 500 арнайы техника мен арнайы көлік. 400 жұмыс орны құрылады.

Нысанды аралау барысында Роман Скляр мен Жеңіс Қасымбек автобус өндірісі бойынша инвестициялық жобаны жүзеге асыруға қатысты Жол картасының құжатына қол қойды.

Сондай-ақ, Вице-Премьерге Саран қаласындағы орталық қазандық құрылысының жалғасуы туралы баяндалды. Жоба уақытша тоқтатылған. Биыл жобалық-сметалық құжаттамаға түзетулер енгізілді. Мердігерді таңдау бойынша конкурстың нәтижелері жақын арада белгілі болады. Содан кейін жұмыстар қайта жанданады.

Роман Скляр Қарағанды-Балқаш автожолын, ұзындығы 363 шақырымдық «Орталық – Оңтүстік» дәлізін қайта жаңарту барысын тексерді. Қазіргі уақытта жұмыс қызу жүріп жатыр. Су өткізу құбырын салу, 17 көпір, көлік айрығында екі жол өтпесін және 33 ауыл шаруашылығы жолын салу жоспарлануда. Кесте бойынша келесі жылы жол бойындағы аумақты абаттандыру басталады.

Вице-Премьер Күрті-Бурылбайтал тасжолының учаскесін қайта қалпына келтіру жұмыстарын да қарап шықты. Төртжолақты жолдың құрылысын 2022 жылға қарай аяқтау жоспарланып отыр.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Роман Скляр белгіленген жоспарларды орындау жөнінде тапсырма берді.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button