Абырой биігіндегі азамат

Өз ісінің нағыз маманы атану екінің бірінің еншісіне бұйырмаған бақыт. Ол үшін ең алдымен мамандыққа деген махаббат керек. Мамандыққа деген махаббат пен карьерист болу – екі бөлек нәрсе. Тек шынайы көңілмен, құлшына кіріскен еңбек қана тәтті болмақ. Жұмысына адал көңілмен араласып, саналы ғұмырының сан жылдарын тек бір салаға сарп еткен жанның бірі – «Балқашстоматология» ЖШС-нің директоры Қаныш ИСКАКОВ.

Қаламыздың Құрметті азаматын танымайтын жан кемде кем, сірә?! Десе де, өңірге қадірі артық бұл кісінің өмір жолынан көпшілік бейхабар, бәлкім. 1966 жылдың тамыз айында дүние есігін ашқан Қаныш Мәдениетұлының балалық шағы Нұра өзенінің жағасында орналасқан Кежек (бұрынғы Ақши) ауылында өтеді. Әкесі Мәдениет Искаков өмірін ауыл шаруашылығына арнаса, анасы Зәбира Қашқымбекова ұзақ жылдар бойы мектепте ұстаз болып жұмыс жасайды. Адалдыққа үндеп, еңбекке баулыған ата-ана тәрбиесін көрген бала Қаныш Ақши орта мектебін бітіргеннен кейін, Қарағанды мемлекеттік медицина институтының стоматология факультетіне түсіп, студент атанады. 1986-1988 жылдар аралығында Отан алдындағы борышын абыройлы атқарып келеді. 1990 жылы өмірлік жары Ақбөпемен бас құрап, шаңырақ көтереді. Өмірге Жасұлан, Темірлан атты перзенттер келеді. Еңбек жолы Жезқазған облыстық стоматология емханасында тіс дәрігері болудан басталған Қаныш Мәдениетұлы 1991 жылы Балқаш қаласына отбасымен көшіп келіп, шаһардағы тіс емханасына стоматолог болып жұмысқа кіреді. Кезінде қатардағы жауынгердің бірі секілді қарапайым дәрігер болып келген Қаныш Искаков бүгін сол тіс емханасында басшылық қызметте. Әлбетте, бұның бәрі адамға оңай келмейді. Жұмысқа деген адалдық, тынымсыз еңбек пен тыңғылықты қасиет бүгінгі күнге жеткізіп отыр.

Біздің «Балқашстоматология» ЖШС мемлекеттік тапсырыспен жұмыс атқарады. Емханада 35 адам жұмыспен қамтылған. Арнайы тіс емханасы болғандықтан, балалар тіс емдеу бөлімі, хирургия, терапия, ортопедия бөлімдері жұмыс атқаруда. 2015 жылы мемлекеттің орта және шағын бизнесті дамытуға арналған бағдарламасы аясында Даму банкінен несие алып, емханаға заман талабына сай, жаңа құрал-жабдықтар алдық. Олардың қатарында бор машиналар, рентген қондырғылар бар. Сонымен қатар, емхана ішіне тыңғылықты жөндеу жұмыстарын жүргіздік, – деп ағынан жарылған Қаныш Мәдениетұлы мемлекеттің шағын және орта бизнесті дамытуға арналған бағдарламасы ұжым үшін үлкен көмек болғанын алға тартады. Емхана қазіргі таңда 18 жасқа дейінгі балаларға, жүкті аналарға, мүгедектерге, әскери комиссариатқа тегін көмек көрсетеді екен.

Бүгінгі таңда медицина саласында, оның ішінде стоматологияда маман тапшылығы басты мәселенің бірі болып отырғаны шындық. Осыған орай, 2016 жылы Балқаш медицина колледжінің директоры С.Пішенбаевпен ақылдаса келе, колледжде тіс техниктерін даярлайтын бөлім ашылыпты. Студенттер «Балқашстоматология» ЖШС-де тәжірибеден өтіп, арнайы мамандар тәлімгерлік көрсетеді.

Отыз жылға жуық уақыт бойы бір орында қалтқысыз қызмет еткен ақ халатты абзал жанның еткен еңбек, төккен терінің өтеуіндей болған марапаттары да жетерлік. Атап айтар болсақ, медицина саласындағы ұзақ жылғы еңбегі үшін «Қазақстан стоматологиясының үздігі», Қазақстан стоматологтар ассоциациясының «Еңбек сіңірген дәрігер-стоматолог» атағын алса, 2018 жылы ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісінің иегері. Қаланың қоғамдық-саяси өміріне белсене араласатын Қаныш Мәдениетұлы облыстық «Нұр Отан» партиясы филиалының саяси кеңес мүшесі. Бұл ретте, Елбасы Н.Назарбаев пен ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың Алғыс хатын да алған болатын. Денсаулық саласында толайым табыстарға қол жеткізіп жүрген арда азамат биылғы Стоматологтар күні қарсаңында тағы бір марапат алып, қала мерейін өсірді. Қазақстан Республикасы халқының өмірі мен денсаулығын сақтауға сіңірген абыройлы еңбегі үшін Ұлттық Медициналық Ассоциациясының «Алтын Дәрігер» төсбелгісі – ерен еңбектің нәтижесін тағы бір мәрте айқындай түскендей.

Маржандай тістің саулығы үшін ықыласпен тер төгіп жүрген Қаныш Мәдениетұлының өмір жолы өскелең ұрпаққа үлгі. Кейінгі буын осындай ел ағаларынан өнеге алса, болашақ жарқын болары сөзсіз.

Еркеназ БАҚТОРАЗ.

БАЛҚАШ қаласы.