АймақШет

Жерлестері мақтан етеді

Дәрігер – қастерлі мамандық. Аталған мамандық иелерінің жауапкершілігі мол, атқаратын жұмыстары – ауқымды. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін осынау маңызды салаға бүкіл өмірін арнап келе жатқан абзал жандар қаншама. Солардың бірі – Меруерт ӘБІШЕВА.

Үлкен мен кішіге көмек қолын созып, жанын қоярға жер таппай азапқа түскенді ауруынан айықтырып, жанына дауа, тәніне шипа болардай ем беріп, ел алғысын арқалап жүрген ақ халатты абзал жанды жерлестері мақтан етеді.

Білімі мен біліктілігі жоғары медицина саласының майталманы өткен өмірінен сыр шертті. Медицинаның қыр-сырын үйренуде ұстаздарының ізінен қалмай, ұзақты күн кітапханаларда отырып, білімін шыңдай жүріп жоғары білімді дәрігер мамандығын алып шықты. «Ұстазы жақсының ұстанымы жақсы» демекші, жақсы ұстаздың алдынан өткен шәкірт өзін әрқашан бақытты сезінеді. Меруерт ұстаздарынан үйрене жүріп, бүгінгі күні білікті де тәжірибелі маман атанды. Оның үстіне ақжарқын келбетімен, кеңпейілділігімен адам жанын баурап алып, науқасты ауруынан айықтыру үшін бар жағдайды жасап келе жатқан жайы бар.

Сол себептен де ауылдастары Меруерт Дүзелқызының қарауында ем алып сауығып жатады. Ауылдастарына көмек қолын созып, түн демей күн демей емдеріне шипа тауып отырады.

1989 жылдан бері Шет аудандық орталық ауруханасында терапевт болып еңбек жолын бастады. Денсаулық сақтау саласындағы қызметін мұнан әрі Ақсу-Аюлы ауылының №1 учаскесінің терапевт дәрігері, Шет аудандық орталық ауруханасында дерматолог болып жалғастырды. Қазіргі таңда аудандық аурухананың жалпы тәжірибелік бөлімінің меңгерушісі қызметін атқаруда.

Табиғатынан салмақты да сабырлы, тәжірибелі маман жас дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыруына қол ұшын беріп, көмегін тигізіп келеді. Еселі еңбегі еленді. Қарағанды облысы, Шет ауданы әкімінің Құрмет грамоталарымен, облыстық денсаулық сақтау басқармасының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Бүгінгі күні халыққа қалтқысыз қызметімен қатар отбасында балаларын тәрбиелеп отырған асыл ана.

Тіршілікке нәр беріп, мейірімділік пен жылылықты жанына серік еткен, игілікті мамандық иесі атанған ол қашан да сыйқұрметке лайық.

Думан ҚАБЫЛ.

 ШЕТ ауданы.

Басқа материалдар

Back to top button