Ізгі ілтипат белгісі

Жуырда Балқаш қаласының медициналық колледжінің алдына денсаулық сақтау саласы мамандарының құрметіне медициналық эмблема бейнеленген мүсін орнатылды. Бұл ақ халатты абзал жандарға кәсіби мерекесі қарсаңында кәделі сый болды.

Мүсін авторы Балқаш қалалық медициналық колледжінің алғашқы әскери дайындық пәнінің оқытушысы Нұржан Есентаевтың айтуынша, медицина мамандарының құрметіне тұғырлы ескерткіш орнату көп жылдан бері ойында жүрген. Мүсінді 2 айға жуық уақыт аралығында жасап шыққан.

– Композицияда жиырмасыншы ғасырдың басында КСРО-да, сонымен қатар, басқа да елдерде мемлекеттік медициналық эмблема ретінде пайдаланылған жылан оратылған тостаған бейнеленген. Мүсіннің биіктігі – 1 метр, 50 сантиметр. Ал, диаметрі – 120 сантиметр. Балқаш қалалық медициналық колледжінің директоры Серік Рамазанұлының қолдауымен жүзеге асырдық. Жалпы халыққа дәрігерлердің шипалы қолы мен жылы сөзі дертінен сауығуына көмектесіп келеді. Бұл болашақ ұрпаққа, денсаулық сақтау саласының мамандарына арналған бағалы мүсін болмақ, – дейді Нұржан Есентаев.

Мүсіншінің айтуынша, мұндай мүсін Қазақстан аумағында жасалмаған. Бұл алғашқы орнатылған мүсін көрінеді. Сондай-ақ, ол, келешекте, осындай тарихи ескерткіштерді қашауға әзір екендігін жеткізді.

Нұрдос КӘРІМ.

БАЛҚАШ қаласы.