1929 ЖЫЛЫ ҚАБЫЛДАНҒАН ӘЛІПБИ
1929 жылы 24 қаңтарда Қазақстан Орталық Кеңес комитеті ІV сессиясының қаулысы бойынша қазақ жазуы латын графикасына көшірілді. Жаңа алфавитте 29 әріп болды: 9-ы дауыстылар (а, ә, е, о, ө, ұ, ү, ы, і) және 18-і дауыссыздар (б, г, ғ, д, ж, з, к, қ, л, м, н, п, р, с, т, һ, ш), ал екеуі (й мен у) жарты дауыстыны таңбалайды. Латын графикасына негізделген емленің негізгі принципі фонетикалық болды.
1929 жылы 25 шілдеде Қазақстан Орталық атқару комитетінің қаулысымен 12 төл және 18 кірме сөздерді жазу үшін ереже баптары енгізілді. Қазақ жазуының онтогенездік даму сипатын арнайы зерттеген ғалым Қ.Күдеринова: «Қазақ тілінің дыбыстық негізінен шығарылған алғашқы емле ережесі 1929 жылы латын графикасымен бірге қабылданды. Онда орфографияның негізгі ұстанымы анықталып, шеттілдік сөздер қазақ тілінің төл сөздерінің жазылу принципіне сай таңбаланды. Қазіргі емлеміздегі негізгі орфограммалар сол 1929 жылы емле ережелерінде айқындалды.
1929-1930 ж.ж. аралығында мерзімді басылым беттерінде жалқы есімдер, адам аттары, қысқарған сөздер, газет-журнал, кітап, шығарма, оқу орындары, мекемелер аттары кіші әріппен (антропонимдік атаулар – esbol, cьnar; қысқарған сөздер – блкжс; газет-журнал атаулары – satsijaldь qurьlьs, çarcь; шығарма аты – botagөz) жазылды. Мерзімді басылым беттерінде бас әріптің мұндай жазылым үлгісіне қарсы мақалалар үздіксіз жарияланып, дау туғызбай, керісінше, бас әріпті оқытудың әдістемесін жасау керек деген ұсыныстар көптеп айтылғаннан кейін, 1930 жылы 2 маусымда Қазақстан Орталық Атқару комитетінің қаулысы мен 4 баптан тұратын емле ережесі бекітіледі.
Қаулы қабылданып, ереже бекітілгеннен кейін де газет-журнал беттерінде бас әріппен берілген топонимдік (Аlmatь// Аlma – Ata// Alma-atь, Taldь Qоrqan), оронимдік (Qaskeleŋ/qaskeleŋ), гидронимдік (Esil// esil, Sьr Darija// Sьr darija) атаулар екі-үш не одан да көп нұсқада жазылып жүрді. Қысқарған сөздер де осы тәрізді кейде кіші әріппен жазылып, жазу нұсқасы бірыңғайланған жоқ болатын (mts/ MTS).
Сонымен бас әріп жазылымы ережелерінің болмауы — латын графикасына көшкен қазақ жазуының ең басты орфографиялық қатесі болатын. Бұрын-соңды орфографиялық ережелер қатарында болмаған, Еуропа үлгісіне негізделген нормалар (топоним, гидроним, антропоним, ороним атауларының бас әріппен жазылуы, (сұрау – ?, леп – !) белгілерінен кейін сөздің бас әріппен жазылуы т.б.) қазақтың жазу болмысына жат, тұрпайы көрінді. Бұл ережелерге бейімделу біршама уақытты талап етті.
1929-1940 жылдары қолданған латын графикасы негізіндегі әліпби жүйесінде кірме сөздер фонетикалық принципке негізделгендіктен, функционалдық мәні бәсең селбеспе (ілеспе) дыбыстар жазуда ескеріліп отырған. Сондықтан, тілде омографиялық жағдаяттардың орын алғанын көреміз. Мысалы, қазақ тілінде ру сөзі 1929-1938 жылдар аралығында үнемі селбеспелі дыбыспен таңбаланып, ұру, ыру түрінде жазылды (Ру → ұру, ыру, ру). 1938 жылдан бастап омографиялық сипат алған сөздердің жазылуына ерекше мән беріледі. Кірме сөздерді дұрыс таңбалау үшін қазақ әліпбиіне в, ф, х әріптерінің енгізілуі және принциптердің дәлденіп көрсетілуі бір жағынан тілдегі омографиялық жағдаятты азайту үшін жасалған қадам болды.
Материал интернеттен
алынды.