Жаңалықтар

Ғылыми мектептің негізін қалаушы

Ұлт ұстазы А.Байтұрсынұлы қалдырған рухани және ғылым-білім саласындағы орасан зор мол мұра ел тарихында алатын орнымен ғана емес, бүгінгі таңда да мән-мағынасын жоймаған көкейкестілігімен де ерекшеленеді. Ахаң қалам тартқан саяси-әлеуметтік мәселелерді айтпағанда, филологиялық ғылым-білім жүйесіндегі кез келген соны ізденіс ғалым шығармашылығы мен мұрасына соқпай өтпейді. Себебі, А.Байтұрсынұлы – ұстаз, ақын, фольклортанушы, әдебиетші, тілші, ұлттық әдеби теориялық ой-пікірдің негізін қалаушы. Академик Р.Нұрғали айтқандай, Кеңестік дәуірде: «А.Байтұрсынұлының қазақ әдебиеттану ғылымының негізін салған, тұңғыш әдебиет теориясын жазған ғалым екенін мойындамау – шындық алдындағы қиянат» болып келді.

Ұлттық әдеби-теориялық ой-пікірдің ғасырлар бойғы ғылыми бағыттағы ізденістерінің нәтижесі ретінде кемеңгер тұлға А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» дүниеге келді де, әдебиет туралы ұлттық ғылымның туғандығын дәлелдеп берді. Ол әдебиеттану ғылымының туып-даму жолындағы келешек ғылыми-зерттеу жұмыстарына негіз және басшы болуға тиіс еді. Амал не, екі-үш жылдан кейін А.Байтұрсынұлының қазақ зиялыларына төнген алғашқы саяси зұлматтың құрбандығына айналуынан бастап, ұзақ жылдар бойы еңбекті ғылыми айналымнан шығарып тастадық. Әйтсе де, әдебиет теориясынан кейін де жазылған еңбектерге негіз болумен қатар, танымдық ізденістерде табан тірер басты қайнар көз болып қала берді.

Біз бүгінде «Әдебиет танытқыштың» түркі тілдес халықтар ішінде кездеспеген құбылыс екенін мақтана айтуға тиіспіз. «Әдебиет танытқыш» – жалпы көркем өнер, оның ішінде әдебиеттің барлық болмысы мен бітімін, көркем шығарманың сыры мен сипатын, әдеби дамудың мағынасы мен мәнін анықтау жолында ұлттық әдеби-теориялық ой-пікірді ғылыми бір жүйеге түсірген және әдебиет теориясына ұлттық сипат дарытуда терминдердің қазақша мағынасын дәл тапқан автордың аса зор еңбегінің жемісі. Тұңғыш ғылыми зерттеу ретінде өз кезеңінде әдеби-теориялық білімдер жүйесінің қалыптасуына ерекше ықпал жасап қана қоймай, қазақ әдебиеттану ғылымының тууына негіз де бола алған еңбек екені айтылуда.

А.Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқышы» түркі тілдес халықтар ғана емес, бүкіл Орта Азиядағы соны серпін, айрықша жаңалық болды. Алайда тақыр жерге ештеңе өспейді. Қандай да болсын ғылым саласы бірден пайда бола қалмайды, ол туып, қалыптасу жолдарын бастан өткеруі тиіс. Ендеше «Әдебиет танытқышқа» барар жолда А.Байтұрсынұлы өзіне дейінгі бүкіл түркілік және ұлттық әдеби теориялық ізденістерге көз салмауы мүмкін емес. Сондықтан, тым әріден қозғамасақ та, ғылымға араласқан кезіндегі ұлттық әдебиеттанудағы алғашқы әдеби теориялық ізденістер мен Ахаңның осы саладағы алғашқы қадамдары жағдаяттарына көз салған абзал.

1923 жылы Орынбор қаласында өткен қазақ білімпаздарының тұңғыш съезінде «Қазақша пән сөздер» деген баяндаманы Елдес Омаров жасады. Баяндамашы бұл мәселе бойынша Ахаңмен ақылдаспады, пікір алыспады десек, қатты қателесеріміз анық. Өзі «Әліпби тақырыбы» атты мақала жасайтын болғандықтан, бұл туралы сөйлеуді Е.Омаровқа үлкен сеніммен тапсырған. Баяндамадағы: «Қазақ тіліне жат сөздерді кіргізгенде, оның жат дыбыстарын бұзбай енгізуге болмайды. Жат дыбысқа жалпы бұқараның тілі келмейді де, ішінде жат дыбысы бар жат сөз жалпыға жат болып қала береді… Сөйте келе қазақша әдебиет тілі бұқараның тілінен мүлде басқаланып, хат таныйтын бұқара біздің жазған сөзімізге түсінбейтін болады. Олай болмай, ойда жоқ бір керемет себептер болып, бұқара оқығандардан қалыспай жат сөздерді жат дыбыстармен бұлжытпай айта алатын болып кетсе, қазақтың тілі бұзылады. Мұның қайсысы болғанда да жақсы болмайды» деген пікірде Ахаңның ғұламалық ұстанымдары жатыр. Шынында да, осы білімпаздардың бас қосуында соңғы күні төрағалық жасаған қырғыз оқығандарының өкілі И.Арбайұлы айтқандай: «Бұл съездің маңызы зор, қызыметі айрықша. Съезд негізгі мәселелерді шешті, елдің болашағына жөн сілтеді»

А.Байтұрсынұлы пән сөздері туралы осы қағидаттар мен өзіндік ұстанымы съезден кейінгі жазған барлық еңбектерінде толық көрініс тапты. 1920 жылдар бас кезінен қазақ әдебиетінің әр салаларына батыл араласып, пікір айта бастаған сыншылдық және әдеби мұра туралы ғылыми-зерттеушілік жұмыстары сапалық та, сандық та жағынан көркейе бастаған қазақ әдебиеттануы әдебиеттің теориялық мәселелерін ғылыми сөз етуді күн тәртібіне шұғыл қойды.

Бұл салада ерекше маңызы бар, жалпы өнер туралы, әдебиеттің тарихы мен теориясы туралы ұлттық әдебиеттану ғылымында ең алғаш жазылған еңбек – А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқыш» (1926 ж.) атты оқу құралы болды. Үлкен білімдарлықпен, ғылыми терең дәлдікпен жазылған бұл еңбек екі-үш жылдан соң авторы ұсталып кеткендіктен, көпшілік арасына кеңінен тарап үлгермеді. Сонымен қатар, ұлттық әдеби-теориялық ой-пікірдің өсу дәрежесін көрсететін ғылыми мәні соңғы уақытқа дейін дұрыс бағаланбай келді. «Әдебиет танытқыштың» қазақ әдебиеттану ғылымында алғашқы ғылыми зерттеу екені туралы нақты бағасы берілді. Ғалым Р.Нұрғали: «Қазақтың ұлттық әдебиеттануының ғылыми негізі, методологиялық арналары, басты-басты терминдері мен категориялары түп-түгел осы кітапта қалыптастырылған» десе, тілші-ғалым Р.Сыздықова: «Байтұрсыновтың «Әдебиет танытқыш» атты көлемді еңбегі – әдебиеттану ғылымы мен қазақ әдебиеті тарихына арналған тұңғыш зерттеу жұмысы. Мұнда автор көптеген жайттарды өзі шешіп, көптеген ұғымдарға терминдік атаулар ұсынады», – деп жазады.

Автор осындай іргелі еңбекті жазу барысында қандай ғылыми әдебиеттерді пайдаланғаны туралы мәлімет те бермейді, сілтеме де жасамайды. Ол туралы әр түрлі болжамдар бар. Біздің ойымызша, ғалымның жаңашылдық бастамаларына негіз және тірек болған дереккөздер, «Әдебиет танытқыштың» қосымшасы ретінде шығуға тиісті болған «Нұсқалықта» көрсетілген болуы бек мүмкін. Алайда Ахаңның «Мәдениет тарихы» еңбегімен қатар, «Қазақ тілінің теориясы» қолжазбасы сияқты бұл «Нұсқалық» та табылмай отыр. Бұл ретте А.Байтұрсынұлы әдебиеттану мен тілтануда пән сөздерін (терминдер) жасауда баға жетпес данышпандықтың үлгісін көрсетті. Ұлттық әдебиеттану қазір кеңінен қолданып жүрген негізгі пән сөздерін, категориялар мен ұғымдарды өте дәл және ойға қонымды жасап шыққаны – таңқаларлық қабілеттілік.

Еңбектегі өнертану, әдебиеттану, фольклортану салалары бойынша осы кестедегідей терминдер жүйесінің жасалуынан Ахаңның кемеңгер ғалымдығы танылады. Мұнда әдебиеттануға қатысты 327 термин қолданылған болса, оның 60-ы (18%) осы күнге дейін пайдаланылып жүр. 267-сі (80%) қазір қолданылмайды. Терминдердің жасалу жолына лингвистикалық тұрғыдан қарағанда, 67 термин дара тұлғада, 223 термин күрделі тұлғалы (2 сөзден 7 сөзге дейін) болып келеді. Белгілі бір сөз өнер құрылысына берілген атау, термин сол құбылыстың адам, қоғам өмірінің рухани-әлеуметтік табиғатынан туындап жатқандықтан да (атау, терминдердің мағыналарына құбылысты телу емес) ойға оралымды, көңілге қонымды болып шыққан.

Тұжырымдай айтар болсақ, «жалпы әдебиет дегеннің болмысы мен бітімін толғаған сөз өнерінің – әліпбиі» бола алған «А.Байтұрсынұлының «Әдебиет танытқышы» – қазақ әдебиеттану ғылымының үлкен табысы болды. Ол ұлттық әдеби-теориялық танымда қазақтың парасатты толғамын, ойшылдығын, эстетикалық таным-білігінің молдығын танытқан зерттеу дәрежесінде танылды. Ғалым Т.Кәкішев айтқандай: «Мұндай еңбек бізде бұған дейін де, бұдан кейін де қайталанған жоқ. Көркемдік әлеміндегі сөз өнерінің сай-саласын ұғындыратын «Әдебиет танытқыш» – қазақ әдебиеттану ғылымының негізін қалаған қондырғы-фундамент». Бүгінгі таңдағы қазақ әдебиеттану ғылымы Ахаңның «Әдебиет танытқышында» негізделген ұлттық әдеби-теориялық ой-пікір арнасының тарихи және ғылыми заңды жалғасы болып табылды.

Жандос СМАҒҰЛ,

Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің профессоры, филология ғылымдарының докторы.

Басқа материалдар

Back to top button