Облыс әкіміРесми

Тиісті тапсырмалар берілді

Аймақта 23 мыңнан астам адам «Еңбек» бағдарламасына қатысқан. Қарағандыда аула абаттандыру қарқыны көңіл көншітпейді. Ол жұмысты өткізу мерзімі ұзаққа созылуда. Ал, жаңа оқу жылына дайындық қызу жүргізілуде. Бұл туралы облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕКТІҢ төрағалығымен өткен кезекті аппарат жиынында айтылды.

ЖҰМЫСПЕН ҚАМТУ ҚАЙ ДЕҢГЕЙДЕ?

Аймақ басшысы актив жиынын жаңадан тағайындалған Жезқазған және Теміртау қалаларының әкімдерін және облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау басқармасының басшысын таныстырудан бастап, оларға сәттілік тіледі.

Күн тәртібінде «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы, Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту «Еңбек» бағдарламасы шеңберінде жаппай кәсіпкерлікті іске асыру барысы, «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» мемлекеттік бағдарламасын іске асыру, тағы басқа да маңызды мәселелер қаралды.

Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекованың айтуынша, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасына биыл жыл басынан бері 23 мыңнан астам азамат қатысыпты. Ол аймақтағы мемлекеттік бағдарламалардың жүзеге асырылуы туралы баяндай келе, алдын ала болжамдар бойынша, 2021 жылдың басында бұл көрсеткішті 43 мыңға жеткізу көзделіп отырғанын айтты.

Дерекке сүйенсек, биыл жыл басынан қысқа мерзімді курсқа 546 адам бағытталып, 2 409 тұрғын «Бастау бизнес» курсынан өтті.

– Пандемия басталғалы бұл бағдарлама бойынша оқыту онлайн-режимде жүргізілуде. Курс аяқталғаннан соң, көбісі несие алады немесе мемлекеттік грант алу үшін байқауға қатысады. Бүгінде 584 грант берілді. Курс бітірушілер қолға алатын кәсіптің көбі сауда, көлік қызметі, қызмет көрсету, өндіруші өнеркәсіп және денсаулық сақтау саласы, – деді Әсем Жүніспекова.

Биыл 14 287 адам жұмысқа орналасқан. Әлеуметтік бос жұмыс орындарына облыстың 638 тұрғыны қол жеткізіпті. Жастар практикасына 944 адам жіберіліп, қоғамдық жұмысқа 5 904 адам бағытталған.

Биыл 1 тамызға дейін аймақта 22 340 жұмыс орны ашылғанын айта кеткен жөн.

Дегенмен, Әсем Жүніспекова атап өткеніндей, облыстың кейбір ауданында жұмыс жеткілікті деңгейде жүріп жатқан жоқ. Аймақ басшысы Жеңіс Қасымбек бағдарламаны толық көлемде жүзеге асыруды мықтап қолға алуды мұқият тапсырды.

АУЛАНЫ АБАТТАНДЫРУ БАЯУ

Облыс әкімі Жеңіс Қасымбек аппарат отырысында Қарағандыдағы аула абаттандыру қарқынын сынға алды. Өйткені, бұл жұмысты өткізу мерзімі ұзаққа созылып жатқанын ел көріп отыр.

Биыл аймақта тұрғын үйлердің аулаларын жөндеу және абаттандыру бағытында ауқымды жұмыс жүргізілуде. «Жұмыспен қамтудың жол картасы – 2020» бағдарламасы шеңберінде бюджет есебінен 421 аула, 46 орамішілік өтпежол ретке келтіру жоспарлануда. Сондай-ақ, 119 жаяу жүргінші жолына асфальт төселіп, 269 балалар және спорт алаңы орнатылуы тиіс.

Мамыр және маусымда жұмыс барысын аймақ басшысы арнайы тексерген еді.

– Тұрғындардан жөндеу жұмысының сапасыздығы туралы өте көп шағым түседі. Кей жерде мердігер абаттандыруды сәтті бастап, алайда аяқтамай, басқа нысанға көшкен. Осылай жұмыс істеуге бола ма? Мен жуық арада өзім тексерген аулаларға қайта барып, жұмыстың қалай жүріп жатқанын тексеремін. Бірінші кезекте біз бұл жұмысты тұрғындарға қолайлы әрі жайлы болу үшін жасаймыз. Сондықтан, жұмыс сапалы болуы тиіс, – деді Жеңіс Қасымбек.

Аула жөндеудің ауқымды жұмысы 2018 жылы басталып, үш жыл ішінде 300- ден астам ауланы жөндеу жоспарланғанын айтып өткен жөн.

ЖАҢА ОҚУ ЖЫЛЫНА ДАЙЫНДЫҚ ҚАЛАЙ?

Облыстық білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметованың мәлімдеуінше, аймақтың оқушыларына компьютер беріле бастаған. «Бұл онлайн білім беруде әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балаларына қажетті жабдықтардың қолжетімді болу үшін қажет. Жаңа оқу жылына дайындық та ойдағыдай жүріп жатыр» деді ол.

Дерек бойынша, биылғы оқу жылының басында облыс аумағындағы мектептер үшін 34 мыңнан астам компьютер сатып алынбақ.

– Мұғалімдерді жаңа оқу жылына белсенді даярлаудамыз. Бүгінде 248 педогог оқыту әдістемесімен арнайы курстардан өтті. 18 мыңнан астамы заманауи білім платформасында жұмыс істеуге үйретілді. Білім ошақтарына оқулықтар жеткізу жұмысы жалғасуда. Жалпы қажеттіліктен 61% кітап аймаққа жеткізілді, – деді басқарма басшысы.

Жиын барысында аймақтағы басқа да маңызды салалардың жұмысы тілге тиек етіліп, салалық басқарма басшыларына тиісті тапсырма берілді.

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button