Руханият

Абай өлеңдері – корей тілінде

Ұлы Абайдың өлеңдерін енді оңтүстік-кореялық оқырмандар да оқи алатын болды. Қазақстан Республикасының Корея Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшілігінің қолдауымен корей тілінде Абай ҚҰНАНБАЙҰЛЫНЫҢ өлеңдері топтастырылған «Алтын шаңырақта шырқалған ән» атты кітап жарық көрді.

Кітапқа Абайдың 106 өлеңі мен 2 эпикалық поэмасы, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы енген. Кітаптың авторы – корей жазушысы Ким Бёнг Хак.

Ким Бёнг Хак 1992 жылы Қазақстанға қоныс аударып, Алматы облысының Үштөбе қаласындағы корей орталығында жұмыс істеді. Сонымен қатар, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінде корей тілінен сабақ беріп, «Корё Ильбо» газетінің тілшісі, Алматыдағы корей білім беру орталығының директоры қызметін атқарды.

2016 жылы автор Корея Республикасына қайта оралды. Қазіргі уақытта ол Кванжу қаласындағы ТМД корейлерінің мәдени орталығы жетекшілерінің бірі. Ол бүгінде ТМД-дағы корейлер тарихын зерттеп жүр.

Тағы бір айта кететін жайт, Оңтүстік Кореяда Абай мен әл-Фараби бейнелері басылған маркалар да пайда болды. Елдегі негізгі пошта операторы «Korea Post» алғаш рет Қазақстан маркаларын басып шығарды. Маркалардың дизайны ағылшын тілінде Абайдың 175 және Әл-Фарабидің 1150 жылдық белгілерімен дәйекті стильде жасалған.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button