Руханият

Өмірлік дос тапқан күн…

Тоқсаныншы жылдардың басында Жезқазған облысында аты дүбірлеп, даңқы дүрілдеп тұрған айтыскер Рамазан СӘТТІБАЕВ бауырым: «Жақсы ән мен жақсы әншіге іңкәр болсаң, сен Жақсыкелді КЕМАЛОВПЕН танысуға тиіссің», – деп, Қарағандыдағы мекен-жайын жазып беріп еді. Ол кезде біздің Әндіжан мен Сібірдің түкпір-түкпірінен өзбектің көк-сөгін тасып, жекеменшік КамАЗбен желдей есіп жүрген заман еді.

Бала күнімізде Жүсіпбек Елебеков ағамыздың қолына су құйып, батасын алып өстік. Әкеміз Жаппарқұл Майпенов Жүсекеңді ерекше сыйлайтын, ауылымыз Хантау станциясына арнайы шақырып, елге концерт бергізген. Төрінде талай қонақ қылып, әндерін тыңдап өскендіктен болар, қазақтың домбырасы мен дәстүрлі әніне ғашық болдық. Содан болар, сұлу әнге сусаған көңіл Жақаңмен кездескенше байыз таппады. Ол кезде мен – Сарышаған кентінде, Жақаң – Қарағандыда. Хош, содан Иркуртскіден кезекті бір рейстен келе жатып, Қарағандыға кіреберісте кездескен таксиді тоқтатып, соның жол нұсқауымен Степной-3-тегі 7-үйдің ауласына өңкиген КамАЗ-бен келіп тоқтадық. Ол заманда есігі аңғал-саңғал ашық, подьезінде қазіргідей домофон деген бәле жоқ. Бірінші қабаттағы 45-ші пәтердің есігін қақтым. Жалаңаш денесіне Жаңаарқаның шапанын жамылған таудай болып, ұйқылы-ояу Жақаң шықты. Ол кезде қалың қазақ әлі ауылда, тойдың бәрін елде өткізеді. Әнші-асаба Жақаңдарға ай сайын 3-4 бас жылқы ауызша аталып, бірі алынып, бірі алынбай қалатын кез ғой. (Кейін оны өзі айтты). Мені сол жылқы атаған қалың қазағының бірі шығар деп, ойласа керек, танымаса да өтірік амандасып, амандық-саулық сұраса жөнелді. Бұл – жұрттың бәрі шырт ұйқыда жатқан түнгі 2-нің кезі. Ауыл-аймақты түгендеп, хал-жағдай сұрап, танымағанын жасыруға тырысты. Ұзынсонар амандасуды кілт тоқтатып, «Әй, сен өзің Жақсыкелдісің бе? Кемаловсың ба? Онда өтірік амандаспа, мені бірінші рет көріп тұрсың», – дедім. Ол таңырқап, басын шұлғи берді. Ілгеріде менімен түйдей құрдас екенін Рамазан айтқан. Бұрын-соңды көрмеген адамым болса да, сол құрдастыққа басқан қазақи көңіл-ай. «Өзіңнің ғаламат әнші екеніңді естіп, танысқалы, табысқалы сонау Иркутскіден келе жатқан сапарымнан бұрылып, арнайы іздеп келіп тұрмын. Терезеден көрініп тұрған анау ауладағы КамАЗ – менікі. Түйдей құрдас екеніңді өзің жайлы естігенде сұрап-біліп алғам. Кіргізсең – қонағың болам, кіргізбесең – өкпем жоқ, кете берем…» – деп қойып қалдым. Сол кезде ғана Жақаңа тіл бітті-ау, «Ойбуй, ойбуй, үйге кіріңіз», – деді сасқалақтап. «Кіргізсең, әнгіме былай, жанымда жолсоқты болған жолсерігім Мұрат бар, көлікте жатыр», – дедім. Ол: «Ертіп келіңіз», – деді елпілдеп. Қолымда – Кеңес үкіметінің көксабан ақшасына тола үлкен жол сөмкем бар, Мұратты ертіп үйге кірдік. Аузы ашық сол сөмкені Жақаңа ұстата салып, «бір жерге қоя сал», – дедім мен. Жақаң жатын бөлме жаққа жүгіріп кетті, таңқалысынан даусы ащылау шығып: «Көлия, тұр, тұр, бір жынды келді», – деп әйелін оятты. Біз мына жақтан естіп тұрмыз. Ұйқысы ашыла қоймаған Гуля: «Кім? Кім?», – деді. Жақаң: «Білмеймін. Бір жынды. Танымаймын. Міне, мынау бір сөмке ақша – соныкі, маған тығып қой деп жатыр» – деді де, қайтып келіп, дәлізде тұрған бізді «жоғары шығыңыздар» – деп залға кіргізді.

Хош, сонымен, ол да, біз де алабұртқан көңілімізді сабаға түсіріп, әңгімеміз таныстыққа көшті.

Содан таңның бірінші торғайы шырылдағанша, шай ішіп, арасында ащысулатып, Жақаң біраз ән салып, мен таң қалып, тағы да бір бақытқа шомылған таңымызды ұйқысыз атырған едік.

Ертеңіне асықпай тұрып, Жақаң шай үстінде: «Өнерге құмар жан екенсіз, осы он қабат үйдің бір подьезі өнерпаздарға толы, кешке бәрін жинайын, қазан көтеріп, қадірлі қонақ қылып, өнерге біраз сусындатайын, егер, асықпасаңыздар, Жеке?!», – деді. Мен Жақанның сол сәтте арнайы іздеп келгеніме ерекше марқайып, риза болып тұрғанын жүрегім сезді. Осындай ерекше өнерлі, талантты құрдасыммен, дарабоз әншімен танысқаныма, табысқаныма мен де қуанып тұрдым. Сөзсіз келістім. Дидарын бір көруге, даусын бір естуге тәнті болып, өзім іздеп келген Тарақтымнан немді аяйын?!

«Қонақ күтем десең, кешегі сөмкедегі ақшадан керегінше алып, жұмсай бер», – дедім. Жақаң: «Жоқ, жоқ», – деп қысылып, тартыншақтады. Содан қара сөмкені алдырып ашып, қос уыстап бірнеше бума ақшаны Гуляның қолына ұстаттым. Кейін білгендей, сол кезде жаңадан ұйымдастырылып жатқан, бүгінде қазақтың маңдайалды «Тәттімбет» атындағы академиялық ұлт аспаптар оркестрінің бас дирижері, профессор Шамғон Қажығалиевтің және марқұм концерттік бірлестігінің басшысы Ян Михайлович Симоновскийдің қажырлы еңбегі мен абырой-беделдерінің арқасында толық бір подьезд арнайы Алматыдан шақыртылып алынған 50- 60 шақты жас өнерпаздардың жанұяларына берілген екен.

Ол кезде пәтер алу өте қиын. Сол баспанаға қызығып, Алматыдан, Қазақстанның түкпір-түкпірінен өнерпаздар көшіп келіпті. Жақаң да сол лекпен, Симоновскийдің арнайы шақыртуымен келіп, филармонияға жұмысқа тұрған күні осы үш бөлмелі пәтердің кілтіне ие болған көрінеді.

Осы подьездің тұрғындары дәулескер күйші, концертмейстер Болатхан Ташимов, он үш жасынан өмірінің аяғына дейін «Құрманғазы» оркестрінде қызмет еткен Айса күйшінің ұлы Еркін Шариповпен және тағы да басқа азаматтармен сол кеште таныстым. Бұл 1990 жылдың тамылжыған тамызының тамаша күні еді.

Сол күннен бастап маған Арқаның ән мектебі мен өнер ордасының есігі айқара ашылды. Содан бері небір асқаралы азаматтармен, небір талантты ұл-қыздармен тамыр-таныс, жолдас-жора болсам, соның мөлдір бұлақ бастауы – сол бір таңғажайып күн мен Жақсыкелді Кемалов еді.

О, тоба, содан бері де ойқастап отыз жыл өте шығыпты-ау. Сол кездегі орда бұзар жастағы біздер де алпысқа келіп қалыппыз. Осынау отыз жыл бойы небір жақсы күндер мен ащы да қиын-қыстау сәттерді бірге өткеріп келеміз. Жақаңның арқасында Алаштың алыбы Ақселеу Сейдімбеков ағамызбен таныс-біліс болып, тәлім-тәрбиесін алдым.

Біреу білер, біреу білмес, айта кетейін, Ақаң – Жақсыкелдінің туған немере ағасы. Сейдімбектен туған жеті ұлдың бірі Ақаңның әкесі – Слан болса, бірі марқұм аяулы ағамыз Мыңбайдың, Қайрат пен Жақсыкелдінің әкелері – Кемал әкеміз. Текті тұқымнан тараған, аузына Алаш қараған Ақаңның жанында атқосшы болып жүрген күндерімнің өзі – бір университет бітіргендей еді ғой, мен үшін.

Бүгінгі алпыстың биігінен ойлап қарасам, ұлы Үкілі Ыбырай:

«Сүмбіленің бұлтындай

Сөзім жиі жаңбырдан.

Құрбы-құрдас, замандас

Іздеп кеп, атын шалдырған», – демекші, алыстан іздеп келіп құрбықұрдас, замандас атын шалдырғаны да бір бақыт екен ғой!

…Барар жерің мен іздеп келер елің көп болсын, менің сүйікті әншім, абзал досым, ЖАҚАН САЛ!

Жексен ӘБДІРАХМАНОВ.

Басқа материалдар

Back to top button